“Ақылды” есептегіштер электр қуатын есептеуде үнемдеуге көмектеседі
“Ақылды” электр есептегіштер жүйесін Назарбаев Университетінің ғалымдары әзірледі. Профессор Мехди Багери бастаған зерттеушілер тобы энергия тұтыну шығынын бақылауға мүмкіндік беретін жүйені ойлап тапты. Ғалымның айтуынша, бұл өнертабыс пәтерлерде немесе тұрғын үй кешендерінде де, автомобильдерде, ірі өндірістер мен сауда орталықтарында да қолданылады. Жүйенің негізінде – “заттар интернеті” технологиясы жатыр, ол онлайн-режимде энергия тұтыну деректерін жинайды және оны пайдаланушыға береді. Мұндай мониторинг электр энергиясының іс жүзінде қанша жұмсалғанын түсінуге мүмкіндік беріп қана қоймайды, сонымен қатар электр қуатын есептеуде үнемдеуге мүмкіндік береді.
“Бұл есептегіш тұтынушыларға кеңес бере алады, мысалы, бүгін сіз энергия тұтынудың алдын ала белгіленген лимиттерінен асып кеттіңіз. Осылайша сіз электр қуатын тұтынуды реттей аласыз. Немесе, мысалы, біз жүйені электр қуатының ай сайынғы шоттары бойынша белгілі бір лимитке бағдарлай аламыз. Яғни, сіз өзіңізге белгілі бір лимит белгілей аласыз – күніне электр қуатына 20 доллардан артық емес жұмсау керек. Егер сіз осы шектен асып кетсеңіз, жүйе сізге ескерту жібереді”, – деп түсіндіреді профессор Мехди Багери.
Профессор Багеридің зертханасында жиналған “ақылды” есептегіштің прототипі дайын және жұмыс істейді, бірақ жаппай өндіріс үшін инвестиция қажет. Ғалымның айтуынша, мұндай әзірлемеге жеке энергетикалық компаниялар, венчурлық инвесторлар немесе мемлекет инвестиция салуы мүмкін.
“Ақылды” мониторингтік жүйенің тағы бір күмәнсіз артықшылығы – оны энергия тұтынудың түрлі ауқымдарына икемдеу мүмкіндігі. Осылайша, жүйені шағын пәтерлердің тұрғындары да, Энергетика министрлігі де пайдалана алады.
“Энергетика министрлігі бұл жүйені индустриялық, сол сияқты коммерциялық ірі кәсіпорындардың энергия тұтыну көлемін мониторингтеу үшін қолдана алады. Тұрғын үй иелерінің ақпаратына қол жеткізуде ғана қиындықтар туындауы мүмкін – көбінесе тұрғындар мемлекетке өздерінің жеке деректерін, оның ішінде олардың энергия тұтыну көлемі туралы деректерін де бергісі келмейді. Алайда, коммерциялық және индустриялық кәсіпорындар үшін бұл сөзсіз артықшылық болуы мүмкін. Бұл деректер Энергетика министрлігіне энергия тұтынуды бақылап қана қоймай, оны болжауға мүмкіндік береді, бұл пайдалы болуы мүмкін”, – дейді профессор Багери.
Ғалымның айтуынша, егер қазір “ақылды” есептегіштер тек энергия тұтыну параметрлерін бақылай алса, болашақта су мен жылуды тұтынуды бақылау үшін де осындай жүйені жасауға болады.