АБАЙ ҒҰЛАМАНЫҢ ЖОЛЫМЕН
Ғұлама Абайдың 175 жылдық мерейтойын ЮНЕСКО деңгейінде, мемлекеттік деңгейде атап өту жоспары жасалып, жыл басында Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Абай жөніндегі “Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан” атты ойлы, мәні терең мақаласының еліміздің бас газеті “Егемен Қазақстан” газетінде жариялануы – бұқара жұртшылықтың ризашылық сезімін туғызғаны анық.
1995 жыл Ұлы Абайдың 150 жылдық мерейтойы Әлемдік деңгейде аталып өтті. Ол тойдың жаңадан ғана тәуелсіздікке қол жеткізген Қазақстанның рухани тынысын ашу үшін, тәуелсіз ел болғанын сезіну үшін мәні зор еді. Содан бері 25 жыл уақыт өтті, Қазақстанды алпауыт елдер таныды, елімізде саяси, экономикалық діни конфессиялар, форумдар өтті.
Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н.Назарбаевтың 2017 жылы 12-сәуірде “Болашаққа бағдар: Рухани жаңғыру” бағдарламалық мақаласы жарық көрді. Бұл – сусаған шөлге қажет ақ жауындай, өзінің ұлттық нәрінен айырылып, қасиетін жоғалтып бара жатқан қазақ елі үшін Жаратушының сыйындай дүние болды. Елбасының идеясы, көрсеткен жолы да, межесі де, шығатын нәтижесі де тайға таңба басқандай ап-анық. Енді бастаманы іліп алып, мүмкіндікті пайдаланып жұмыс жасау қалды.
Еліміздің жоғары оқу орындарының көшбасшысы болып тұрған Назарбаев Университетінде де 2017 жылдың маусым айында “Рухани жаңғыру мәдени орталығы” ашылды. Назарбаев Университеті. Қазір мұнда алты мыңға жуық жастар білім алуда, шетелдің жетпістен астам студент жастары да бар. Әлемнің елу елінен астам ең таңдаулы оқытушы-профессорлар келіп білім беріп жатыр. Бұл университеттің ұстанымы – адалдық, тазалық. Яғни студент өз білімімен оқуға түседі, өз білімімен, ақылымен, еңбегімен оқып білім-тәрбие алып шығады. Университет түлектері: білімді, білікті маман, интеллектуалды шығармашыл тұлға, қиындықтан шыға алатын, ақылмен жол табатын өткір мінезді жан, соңынан команда ерте алатын бастамашыл көшбасшы, көптілді, көп мәдениетті, барлық елдермен, адамдармен еркін қарым-қатынасқа түсе алатын коммуникативті әріптес және өз елінің дамуына үлес қосатын елжанды азамат болып шығады. Университет стратегиясы мақсат етіп қойған түлектерге арналған 8 құндылықтың бір адамның бойынан табылуы үшін Рухани Жаңғыру мәдени орталығы да өз тарапынан көптеген жұмыстар атқарады. Орталықтың барлық жұмыстарын емес, ұлы Абайдың 175 жылдық мерейтойына ғана арналған биылғы жұмыстарына ғана тоқтала кетсек. Ең алдымен сегіз қанатты ақбоз киіз үй “Абай үйі”болып тігіліп, іші қазақтың ұлттық жасауымен безендірілді. Үлкен аумақты алатын бас корпустың екінші қабаты “АБАЙ ӘЛЕМІ” орталығы болды. Мүмкіндігінше орталықтан Абай заманының көне бұйымдары мен Абай кітапханасы орын алды. Абай өлеңдері, қара сөздері теледидардан оқылып тұрады. Көргісі келген қонақтарға Абай заманындағы қазақ тұрмысы, мәдениеті, Абайдың отбасының, шәкірттерінің фотолары көрсетіледі. Абайтанушы ғалымдарыдың еңбектеріне де студенттер болсын, басқа да оқырмандар болсын қол жеткізе алады. Киіз үй ішінде студенттер Абайдың қара сөздерін сахналап, драмалық қойылымдарын қойды.
Сонымен қатар еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Кемелұлы бастап берген Абай өлеңдерін оқу эстафетасын университетіміздің күллі шетелдік оқытушы-профессорлар, студенттер жалғастырды. Абай өлеңдерін, әндерін орындаудан студенттер арасында жарыс өтті. РЖМО Нұр-Сұлтан қаласындағы жоғары сынып оқушыларының арасында “Абай жаққан сана сәулесі сөнбеу үшін” атты олимпиада ұйымдастырып, жеңімпаздар сертификатпен, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Жеңімпаз оқушылардың жетекшілері әдебиет пәнінің мұғалімдері де марапатталды. “Қазақ сахна” клубының талантты студенттері Абай шығармашылығына арналған “Махаббатсыз дүние бос” деген театрланған сахналық қойылымды университет сахнасына шығарды.
Осы жылдың қазан айының 7-8 күндері Абайдың 175 жылдық мерейтойына арналған “АБАЙ ЖӘНЕ АДАМЗАТТЫҚ ГУМАНИЗМ” атты халықаралық форум өткізуді жоспарлап отырмыз.
Назарбаев Университетінде Абай дананың шығармашылығына арналған іс-шаралар тек мерей тойда ғана емес, университет ашылғалы бері яғни он жыл бойы жылда ұйымдастырылады, “Абай әлемі” атты курс бар, Абай оқулары және Абайды, оның шығармашылығын 21 ғасыр жастарының жаңашыл көзқарасымен зерттеу, өлеңдерін басқа тілдерге аудару жұмыстарын да Рухани жаңғыру мәдени орталығы ұйымдастырады.
Президентіміз Қ.Тоқаев айтқандай: “Біз елді, ұлтты Абайша сүюді үйренуіміз керек. Ұлы ақын ұлтының кемшілігін қатты сынаса да, тек бір ғана ойды – қазағын, халқын төрге жетелеуді мақсат тұтты”. Біздің НУ студенттерінің, түлектерінің де мақсаты ұлы Абайдың мақсатымен үндеседі.
Гүлтас Құрманбай, Рухани Жаңғыру мәдени орталығының директоры, профессор
Гүлназ Каламбаева, Рухани Жаңғыру мәдени орталығының аға менеджері