Назарбаев Университеті 2020 Азия университеттері Альянсы президенттерінің форумын өткізді
Назарбаев Университеті Азия университеттері Альянсы (AUA) Президенттерінің форумын өткізді. Онлайн іс-шара AUA-ға қатысушы 13 ЖОО басшыларының басын қосты. Форум қонақтары COVID-19 дағдарысын еңсеру бойынша тәжірибемен алмасып, пандемияның мүмкіндіктері мен сын-қатерлері туралы әңгімелесті.
Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу өзінің құттықтау сөзінде коронавирустың бүкіл әлемдегі білім беру мекемелері үшін ашқан мүмкіндіктерін пайдаланудың маңыздылығын атап өтті.
«Бұл білім беру көшбасшыларын әрекетке шақыру үндеуі. Тіршілікке қабілеттілігімізді қамтамасыз ету үшін біз өзіміздің негізгі құндылықтарымызға адал бола отырып, өзімізді өзгертуіміз, бейімделуіміз және қайта құруымыз керек. Университеттер жұмыс істеудің жаңа, бұрын-соңды зерттелмеген тәсілдерін табулары керек – бізге жаңалықтарды ашу, байқап көру, талдау, креативті болу және инновацияларды ынталандыру қажет», – деді Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу.
Өз кезегінде Цинхуа Университетінің Президенті Цю Юн коронавирустық пандемия жағдайында білім беру мен зерттеудегі инновацияның маңызды рөлін атап өтті.
«Инновацияларға ұмтылу университеттердің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, ал біз қазір VUCA әлемінің сын-қатерлерін еңсерудеміз. COVID-19 пандемиясы басталғаннан кейін Альянс және бүкіл әлем университеттері бірден шешуші әрекетке көшті: олар оқу бағдарламалары мен оқу модельдерін түзете бастады, жаңа вирусты зерттеп, вакциналар жасай бастады. Біз маңызды реформаларды жүзеге асырдық және бірнеше апта, тіпті күндер ішінде ескі жүйелерді қайта құрылымдадық – ал бұрын бұған бірнеше жылдар қажет болатын еді», – деді Цю Юн, Цинхуа Университетінің Президенті.
AUA Президенттерінің форумына қатысушылар кез-келген белгісіздікке қарамастан, университеттер өздерінің негізгі миссиясын ұмытпаулары керек деген пікірге келді: қоғамды білімнің күшімен қолдау қажет. Форум спикерлерінің пікірінше, көп жылдық дәстүрлер мен инновациялық шешімдердің арасындағы теңгерім – бұл жоғары оқу орындарына өзекті болып қалуға және дағдарысты еңсеруге көмектеседі.
AUA Президенттерінің форумы биылғы жылы Альянстың атқарушы төрағасы рөлін атқаратын Назарбаев Университеті өткізген екінші маңызды іс-шара болды. Қараша айында НУ онлайн форматта Альянс басшыларының кездесуін ұйымдастырған болатын.