Назарбаев Университетінде Наурыз мейрамы тойланды

Назарбаев Университетінде көктемнің басты мерекесі – Наурыз мейрамын атап өтті. Биыл алғаш рет мереке онлайн формата өтті. Мереке алдындағы апта ішінде НУ қауымдастығы түрлі мерекелік іс-шараларға қатысты.

Мерекелік апталықты Табиғат күніне арналған іс-шара ашты (15 наурыз), оның аясында НУ профессорлары мен олардың шетелдік әріптестері, сондай-ақ университеттің докторанттары мен студенттері тұрақты даму саласындағы өз зерттеулері туралы айтып берді. Сонымен қатар, онлайн-форматта БҰҰДБ сарапшыларының климаттың өзгеруі және биоалуантүрлілік саласындағы семинарлар сериясы өтті, онда мамандар Қазақстанның флорасы мен фаунасының өзекті мәселелері туралы айтып берді. Іс-шара соңында NU Green Society студенттері білім беру викторинасын өткізіп, жеңімпаздарға сыйлықтар табыс етті.

16 наурызда “Наурыз-2021” мерекелік концерті өтті, оған НУ студенттері, оқытушы-профессорлар құрамының өкілдері және олардың балалары, сондай-ақ қазақстандық әнші және композитор, Т.Қ. Жүргенов атындағы Қазақ ұлттық өнер академиясының оқытушысы Гүлнұр Өмірбаева қатысты.

18 наурызда “Рухани жаңғыру” мәдени орталығы қазақ ақыны және ойшылы Жамбыл Жабаевтың 175 жылдығына арналған “ҒАСЫР ҒҰМЫР, АСЫЛ ЖЫРДЫҢ ИЕСІ-ҰЛЫ ЖАМБЫЛ” атты іс–шара өткізді. Кездесуге әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры, Жамбыл атындағы Қазақ фольклоры мен әдебиетін зерттеу орталығының директоры Өмірхан Әбдіманұлы, Жамбыл Жабаев атындағы Әдеби-мемориалдық мұражайдың директоры Салтанат Жамбылова, әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің профессоры Мүбарак Үмбетаев қатысты. Жиналғандар Жамбылдың шығармашылық мұрасы және оның әлемдік әдебиеттегі рөлі, сондай-ақ Қазақстанда және одан тыс жерлерде ақынның есімі қалай сақталатыны туралы әңгімеледі.

Мерекелік іс-шаралар 19 наурызда “NU Chess Tournament” шахмат турнирін өткізумен аяқталды. Турнир ұйымдастырушылары – Дәрмен Сәдуақасов шахмат академиясы, Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебі түлектерінің қауымдастығы, Назарбаев Университеті түлектерінің қауымдастығы және студенттік шахмат клубы (NU Chess club). Турнир жеңімпаздарына естелік сыйлықтар табыс етілді. “NU ChessTournament” жалпы жүлде қоры 100 000 теңгені құрады.

Наурыз – бұл көктем мерекесі, жаңа жылдың, жаңа өмірдің басталу кезені. Қазақтар үшін бұл мереке көктемгі жаңарудың, салтанаттың, махаббаттың, құнарлылық пен достықтың символы болып табылады. Бұл күні Наурыз көже сияқты дәстүрлі тағамдар жасауға үлкен мән беріледі. Биылғы жылы “NU Cooking Сlub” студенттік клубының студенттері НУ қауымдастығының өкілдерімен “Бауырсақ” қазақ тағамының бейнерецептімен бөлісті.

Өз кезегінде, Назарбаев Университетінің профессоры, “Рухани жаңғыру” Мәдени орталығының директоры Гүлтас Құрманбай Назарбаев Университетінің оқытушылары мен студенттерін мерекемен құттықтап, барлығына мықты денсаулық, жарқын және бақытты күндер тіледі. Өз құттықтауында ол: “Күн мен түннің теңеліп, тіршілікке нәр беретін қуаныш сыйлайтын, Ғаламның құбылысы, Жер-Ананың Жаңа Күні Наурыз мерекесімен құттықтаймын! Жыл басы Наурызда күллі адамзат баласына аман-есендік, бейбіт өмір тілейміз! Қазақстан  Елі жаңа басталған ғасырдың үшінші он жылдығында ғылымы мен білімі дамыған, өресі мен өнегесі озған, жастары жалынды, білімді, әлемге танымал, қарттары дана, ғұмырлы, бақытты Ел тұрғындары болсын! Қазақстан Тәуелсіздігінің 30 жылдық мерекесі баянды болып, Тәуелсіздігін еліміз мәңгілік тойласын! Назарбаев Университеті Ел бағына адал қызмет жасап, Әлемдік додада алдыңғы қатардағы, жаңа сападағы Университет болсын!» деп айтты.