Назарбаев Университетінің түлектері депутат болып сайланды
10 қаңтарда Қазақстанда Мәжіліс пен мәслихаттарға сайлау өтті. Назарбаев Университетінің екі түлегі Мәжіліс пен мәслихаттын депутаттары болып сайланғанын қуана хабарлаймыз.
НУ түлегі Тілектес Адамбеков Парламент Мәжілісінің VII шақырылымының депутаты болып сайланды. Тілектес 2019 жылы Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің MPA магистратура бағдарламасын бітірді. 2020 жылы «Президенттік Жастар кадрлық резерві» бағдарламасының финалисті атанды. Тілектес – «Болашақ» халықаралық президенттік бағдарламасының стипендиаты, Тунжи Университетінде (Шанхай, ҚХР) телекоммуникация саласында білім алған.
«Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ Басқарма Төрайымы Ләззат Ибрагимова Алматы қаласының VII шақырылымының мәслихатына сайланды. Ләззат Еркенқызы Жоғары бизнес мектебінің жетекшілерге арналған МВА бағдарламасының 2019 жылғы түлегі.
Біздің түлектерімізді шын жүректен құттықтаймыз, оларға жемісті еңбек тілейміз және еліміздің дамуы мен гүлденуіне өз үлестерін қосуға тілектеспіз!