НУ докторантының зерттеуі обыр мен қант диабеті ауруларын емдеудің жаңа әдістерін әзірлеуге көмектеседі
Назарбаев Университеті Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің докторантура бағдарламасының 4-ші курс студенті Әсем Әшімова және бірлескен авторлар жақында «Frontiers in Bioengineering and Biotechnology» халықаралық ғылыми журналында «Альгинатты микрокапсулалардың ішіндегі жасушалардың инкапсуляциясы: Иммунологиялық кедергілер мен перспективалар» атты мақала жариялады.
Мақалада «Жасушалық инкапсуляция» деп аталатын биоинженерлік технология сипатталады, ол Әсемнің докторлық диссертациясының негізі болып табылатын обыр және қант диабеті сияқты ауруларды емдеудің жаңа әдістеріне жол ашады деп күтілуде. Атап айтқанда, оның докторлық диссертациясы обыр терапиясында жасушалық инкапсуляцияны қолдануға арналған және өз мақсаттарына жету үшін ол жасушалық желілер мен модельдік организмдерде түрлі молекулалық әдістерді қолданады.
Жасушалық инкапсуляция тұжырымдамасы алғаш рет 90 жыл бұрын ұсынылғанына қарамастан, бұл технология ғалымдардың үміттерін әлі ақтай алмады. Атап айтқанда, жасушалық инкапсуляцияны қолдану арқылы клиникалық сынақтар қандай да бір лицензияланған емдеу әдістеріне әкелмеген.
Әсем және оның әріптестері өз жұмысында осы саладағы мәселелерді және микрокапсулалармен және олардың компоненттерімен генерацияланатын иммундық реакциялардың алдын алу әрекеттерінде туындайтын қиындықтарды талқылайды. Авторлар жасушаларды инкапсуляция саласындағы соңғы жаңалықтарға назар аударады, бұл зерттеушілердің пікірінше, созылмалы ауруларды, соның ішінде Қазақстанда таралған ауруларды емдеудің жаңа тәсілдерін жасауға мүмкіндік береді.
Зерттеуге НУ Жаратылыстану және гуманитарлық ғылымдар мектебінің профессоры, молекулалық терапия зертханасының бас зерттеушісі Гонзало Хортелано жетекшілік етеді.
- Назарбаев Университеті Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебі студенттерге биология, химия, математика және физика, сонымен қатар әлеуметтану және антропология, экономика, тарих, саясаттану және халықаралық қатынастар, әлем тілдері мен әдебиеті саласындағы білім бағдарламаларын ұсынады. Мектеп бағдарламалары туралы толығырақ ақпарат келесі сілтеме арқылы алуға болады.