НУ түлегі вирусты үйде анықтауға арналған тест әзірледі
Назарбаев Университетінің түлегі коронавирусты жылдам анықтауға арналған экспресс тест жүйесін әзірледі. Тест 15 минуттың ішінде коронавирустық инфекцияны анықтай алады. Әзірленген тест жүйесінің бұрыннан бар жүйеден айырмашылығы, ол вирусқа қарсы антиденелерді емес, вирустың өзін анықтайды. Тест жүйесін пайдалану қандай да бір қосымша жабдықты талап етпейді.
Әзірлеменің негізінде Швейцариядан зерттеу тобы Болат Сұлтанқұловқа жіберген синтетикалық наноденелер жатыр. Ғалым соңғы 6 айда тест жүйесінде жұмыс істеді.
«Антиденелерді қолданатын Abbott фармацевтикалық компаниясының ұқсас тест тәсіліне негізделген жаңа тест организмде вирустардың болуын анықтай алады. Тест COVID-19 бастапқы белгілері басталғаннан кейінгі алғашқы жеті күнде қолданылады және тиімді. Competitive тест конфигурациясы кезінде сезімталдық 9-18 RBD ақуыз нанограммасын құрайды. Бірақ оны тәжірибеде қолдану үшін біз клиникалық үлгілерді валидация мен сараптамадан өткізуіміз қажет», – дейді НУ PhD бағдарламасының түлегі, тест жүйесін әзірлеуші Болат Сұлтанқұлов.
Наноденелерді коронавирустық инфекцияны емдеуде де қолдануға болады. Терапиядағы наноденелердің жұмыс принципін келесідей сипаттауға болады: олар коронавирустың таяқшаларына қосылады, осылайша жасушаларда вирустың таралуын бейтараптандырады және оның таралуына жол бермейді. Наноденелердің бірқатар артықшылықтары, яғни температура мен қышқылдыққа жоғары тұрақтылығы, төмен иммуногенділігі, жоғары ерігіштігі және зертханалық жағдайда масштабталуы арқасында ғалымдар оларға назар аударды.
«Алайда, терапия өте ұзақ процесс, сондықтан мен наноденелерді диагностикада қолдану мүмкіндігін қарастырдым және іздедім. Яғни, кез-келген наноденені біз кез-келген анықтаушы агентпен байланыстыра аламыз. Мысалы, бұл жарқыраған агент немесе алтын нанобөлшектер болуы мүмкін. Осылайша, біз экспресс тест жүйесінде қолданған кешендерді аламыз», – дейді Болат Сұлтанқұлов.
Әзірлеушінің айтуынша, тест – бұл жүктілікті анықтайтын тесттің принципі бойынша жұмыс жасайтын экспресс-жолақ. Жедел тесттің бірегейлігі – оны үйде де жүргізуге болады.
«Үйде тест жүргізу үшін сіз ПТР тестіндегідей биоматериалды, жұтқыншақ пен мұрын қуысынан алынған қақырықты немесе шырышты қолдана аласыз. Биоматериалды пробиркадағы арнайы ерітіндімен араластырасыз, ерітінді тестке қоса беріледі, содан кейін алынған қоспаның аз көлемін басқа таза пробиркаға ауыстырасыз және оған тест жолағын батырасыз», – деп түсіндірді Болат Сұлтанқұлов.
Зертханалық жолақ үлгісі төменде келтірілген. Онда ақ мембранадағы қызғылт тамшы түрінде оң нәтиже көрсетілген. Ғалымның айтуынша, сынақтың соңғы нұсқасында тамшының орнына жолақ болады. Жолақтың болмауы теріс нәтижені білдіреді.
«Тест жолағы бірнеше конфигурацияда жасалған. Жалған оң және жалған теріс нәтижелерді азайту үшін әртүрлі конфигурацияларды қолдануға болады»,- деп жалғастырады ғалым.
Енді тест жүйесі клиникалық үлгілерде валидация мен сараптамадан өтуі қажет, егер ол өзінің тиімділігін көрсетсе, онда жақын арада дәріханаларда сатып алуға қол жетімді болады.
Ғалым Жас ғалымдар альянсына, НУ Әлеуметтік даму қорына, Astana Business Campus, сондай-ақ Ұлттық биотехнология орталығына қолдау көрсеткені үшін өз алғысын білдіреді.