НУ түлектері көмек стипендиясын тағайындады

Назарбаев Университетінің студенттеріне 25 мың теңге көлемінде қосымша стипендия төленеді. Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің студенттері үшін мұндай қаржылық көмекті өткен жылы “NU Alumni”НУ түлектер қауымдастығы басташамалық еткен болатын.

Биылғы жылы Қауымдастық бастаманы жалғастырып, Университеттің барлық мектептерінің бакалавриат студенттері үшін конкурсты кеңейтеді. Іріктеу екі кезеңде өтеді. Оның қорытындысы бойынша негізгі стипендиясына қосымша күзгі семестр бойы қаржылық көмек алатын төрт студент таңдалады.

Іріктеудің бірінші кезеңінде студенттер өздері туралы ақпарат беріп, уәждеме хат жазады. Онда оларға стипендия қалай көмектесе алатынын, отбасының жағдайы мен Университеттің дамуына қосқан үлесі туралы айту керек. Екінші кезеңде арнайы құрылған комиссия бұл өтінімдерді қарайды және іріктеп алынған студенттер соңғы сұхбаттасудан өтеді.

“Биыл қауымдастық COVID-19 пандемиясынан зардап шеккендерге көмек көрсеткісі келеді. 25 000 теңге көлеміндегі стипендия Назарбаев Университеті бакалавриатының 3-4 курсының төрт студентіне күзгі семестр бойы төленеді. Сондай-ақ стипендия алатын студенттер санын арттыру үшін демеушілерді іздеу жалғасуда”, – деді “NU Alumni” қоғамдық бірлестігінің атқарушы директоры Арман Қоңқабай.

Естеріңізге сала кетейік, “NU Alumni” қауымдастығы 2018 жылдың қараша айында қоғамдық бірлестік ретінде тіркелген болатын. Назарбаев Университетінің түлектері “E-Tutor “әлеуметтік жобасы аясында волонтерлық негізде оқушыларға оқуда көмектесуде. Университеттің мұқтаж студенттеріне немесе Университет өмірінде ерекше көзге түскен дарынды студенттерге стипендия – бұл қауымдастықтың кезекті іске асырылған бастамасы.