НУ ЖБМ-де “Адам ресурстарын басқару саласындағы магистр” бағдарламасы ашылды
Назарбаев Университеті орта және жоғары буын персоналын басқару бойынша мамандар даярлайтын болады. НУ Жоғары бизнес мектебінде “Адам ресурстарын басқару саласындағы магистр” атты жаңа бағдарлама ашылды.
Жаңа мамандықтың академиялық жоспарын НУ ЖБМ сала сарапшыларымен және халықаралық әріптес университеттермен бірлесе отырып, ЕО Erasmus + жобасының аясында әзірледі. Бұл мектепке еуропалық әріптестердің ресурстары мен тәжірибесін пайдалануға мүмкіндік берді.
“Адам ресурстарын басқару саласындағы магистр” бағдарламасы бірегей, себебі бұл студенттерге жаңа білім ала отырып, өз жұмысын сақтауға мүмкіндік береді. Оқыту орыс тіліне ілеспе аудармасымен ағылшын тілінде жүргізілетін болады. Сондай-ақ, студенттер үшін Erasmus+ бағдарламасы аясында Назарбаев Университетінің Еуропалық әріптес университеттерінің бірінде екі апталық халықаралық тағылымдама қарастырылған. Сонымен қатар, бағдарлама адам ресурстарын басқару саласында сертификат алуға мүмкіндік береді.
“Біздің барлық оқытушыларымыз әлемдік деңгейдегі зерттеушілер болып табылады. Бұл дегеніміз, біздің студенттер HR саласында ең заманауи білім алады, сондай-ақ ертең адам ресурстарын басқару стратегиясын айқындайтын адамдармен танысады”, – деп атап өтті Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебінің деканы Патрик Дюпарк.
Оқу барысында студенттер HR саласында қажетті дағдылар мен білімдерін дамытуға көмектесетін шынайы өмірдегі кейстермен жұмыс істеу мүмкіндігіне ие болады. Жаңа бағдарлама магистранттары еңбек құқығы, HR-аналитика, көшбасшылық, кәсіпкерлік, Бизнес-этика, өзгерістерді басқару және басқа да көптеген пәндерді оқитын болады.