Доктор Пя Юрий Владимирович – «University Medical Center» корпоративтік қоры басқармасының жаңа төрағасы

Назарбаев Университеті Басқарушы кеңесінің шешімімен Пя Юрий Владимирович 2020 жылдың 1 қыркүйегінен бастап «University Medical Center» корпоративтік қоры басқармасының төрағасы болып тағайындалғанын хабарлауға қуаныштымыз. Сонымен қатар, «University Medical Center» корпоративтік қорының Атқарушы директоры лауазымына Әшіров Қаныбек Зәйдінұлы тағайындалғанын хабарлауға рұқсат етіңіздер.

Доктор Пя Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау жүйесін дамытуға және жаңғыртуға баға жетпес үлес қосты және медицина саласында басқаруда бай тәжірибеге ие. Оның басшылығымен Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығы (бұдан әрі – Орталық) әлемнің үздік 22 кардиохирургиялық клиникаларының қатарына еніп, қан айналымының қосалқы құрылғыларын имплантациялау, донорлық жүректі және өкпені трансплантациялау сияқты, бірқатар күрделі операцияларды орындады (мұндай операциялар біздің елімізде алғаш рет жасалды). 2017 жылы Орталықта әлемде алғаш рет жасанды жүрек имплантациясы бойынша операция жасалды. Орталықтың ең жоғары жетістіктерінің бірі – 2018 жылдың желтоқсанында жасалған, сол жақ қуысқа арналған, толық имплантацияланатын құрылғының әлемдегі алғашқы операциясы. Орталық сондай-ақ жаңа туған нәрестелер мен балалар өмірінің алғашқы жылдарында жоғары технологиялық көп сатылы кардиохирургияның жетекшісі болып табылады.

Доктор Пя сондай-ақ Ұлттық кардиохирургия ғылыми орталығында хирургия және ғылым жөніндегі директор қызметін жалғастырады, ол жақын арада «University Medical Center» корпоративтік қорымен толық біріктіріледі.

Пя Юрий Владимирович – «Құрмет» және «Парасат» ордендерінің кавалері, «Қазақстанның Еңбек ері» мемлекеттік сыйлығының және Қазақстан патриоттарының V ұлттық форумының «Жыл патриоты» сыйлығының лауреаты, сондай-ақ «Алтын Адам» халықаралық сыйлығының «Жыл дәрігері – 2012» номинациясы бойынша лауреаты.

Пя Юрий Владимировичті және Әшіров Қаныбек Зәйдінұлын жаңа тағайындауларымен құттықтаймыз және одан әрі сәттілік тілейміз!

Осы жағдайды пайдаланып, біз сондай-ақ «University Medical Center» корпоративтік қорын бұрын басқарған Профессор Жұмаділов Жақсыбай Шаймарданұлына оның ерекше және мақсатты жұмысы, кәсіби шеберлігі үшін, сондай-ақ академиялық денсаулық сақтаудың интеграцияланған жүйесінің іргетасын қалағаны үшін алғысымызды білдіргіміз келеді. Профессор Жұмаділов Университетте Медицина мектебінің Профессоры және Провост Илесанми Адесида мен Медицина вице-президенті Массимо Пиньятеллидің  биомедициналық зерттеулер жөніндегі Кеңесші ретінде Университет игілігі үшін халықаралық тәжірибе мен көшбасшылық қасиеттерін қолдана отырып, жұмысын жалғастыратынына қуаныштымыз.

Бүгінгі таңда «University Medical Center» корпоративтік қоры еліміздің жетекші медициналық орталықтарын, соның ішінде Ана мен бала  ұлттық ғылыми орталығын, Ұлттық  балаларды оңалту орталығын, Республикалық диагностикалық орталықты және «University Medical Center» корпоративтік қорының Қызылорда филиалын біріктіреді. Қор Назарбаев Университеті Қамқоршылық кеңесінің 2015 жылғы 20 қыркүйектегі шешімінің негізінде құрылды.