Galym-Galam: Қауымдастырылған профессор Милован Фустич NU SMG
Galym-Galam’ айдарының жаңа қонағы – NU SMG мектебінің Қауымдастырылған профессоры Милован Фустич. Доктор Фустичтің зерттеуі бойынша, Шу-Сарысу, Маңғышлақ, Зайсан алаптары елдің тұрақты энергетикасын дамытуда жаһандық көшбасшы болуына негіз береді. Қауымдастырылған профессор Милован Фустич айдарымызға берген сұхбатында шөгінді тау жыныстарындағы мұнай мен уран өндірісінің тиімділігін арттырудың мүмкіндіктері туралы айтып береді.
Біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші
Мен Белград (Югославия / Сербия) университетінде магистратураны бітіріп, кейін Калгари университетінің (Канада) мұнай геологиясы бойынша PhD дәрежесін алған болатынмын. Өндіріс пен оқытушылықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп келемін. Өнеркәсіптегі тәжірибем туралы айтатын болсам, жүздеген миллиард доллар айналымы бар SHELL, Nexen және Statoil стартаптарында қызмет қылғанмын. Өзімнің кәсіби жолымда әртүрлі академиялық және қолданбалы ғылым мәселелері бойынша мықты мамандармен әріптес болып, бірлесе жұмыс істедім.
Қазіргі зерттеу жобаңыз туралы айтып бере аласыз ба?
Қазіргі таңда Қазақстан үшін екі үлкен мәселе өзекті болып тұр:
1) елдің қазіргі мұнай өндіру бағасы әлемдегі ең қымбат өнімдердің қатарында, құрлықта орташа есеппен 46 АҚШ доллары/баррель, және теңізде шамамен 51 АҚШ доллары/баррель;
2) ел жан басына шаққандағы парниктік газдарды (ПГ) ең көп шығаратын 20 елдің қатарына кіреді.
Бұндай мәселелерді шешу үшін геоғылыми әдістерді жетілдіру қажет. Сол себепті, Қазақстанның шөгінді бассейндері тұрақты энергетикалық ресурс ретінде пайдалы деп санаймын. Бұған көміртекті сақтау және геотермалдық энергия өндіру сияқты декарбонизация бастамалары кіреді. Сонымен қатар, мен өз зерттеу тобыммен бірге мұнай мен уран бар шөгінді жыныстардан өндіру тиімділігін арттыру үшін седиментологиялық және геохимиялық құралдар мен критерийлерді әзірлеп жатырмыз. Қазақстанның шөгінді бассейндері еліміздің тұрақты энергетиканы дамытуда жаһандық көшбасшы болуына негіз бола алады. Біздің зерттеуіміздің жетістіктерін мына сілтеме арқылы көре аласыз.
Сіздің негізгі зерттеу нәтижелеріңіз қандай?
Зерттеу тобыммен бірге органикалық бай қабаттардың пайда болуы мен шығу табиғатына қатысты көптеген ғылыми бақылаулар мен тұжырымдар жасадық. Бұл бізге Жердің өткені туралы білімді тереңдетуге, сондай-ақ жаңа мұнай жүйелері мен минералдану тұжырымдамалары туралы түсінік берді. Дүниежүзілік деңгейдегі дәстүрлі емес тақтатас ресурстарын және геотермальды өңдеу үшін тиімді жерлерді анықтау және қалпына келтіру әдістерін геологиялық бақылаудан өткізудің маңызды өндірістік және әлеуметтік әсерлері бар.
Неліктен НУ-да қызмет қыламын деп шешім қабылдадыңыз?
Мен NU SMG – дегі қызметімді 2019 жылы бастадым. SMG – НУ-дағы ең жас мектеп, ал мен жаңашыл стартап жобаларды ұнатамын. SMG-ге қосылудың басты себебі де сол – қызықты және әсерлі стартаптың мүшесі болу мен үшін үлкен мүмкіндік. Жұмысқа орналасу барысында мен құрылған ғылыми топ, қызметкерлер, құрал-жабдықтар және мектептің биік мақсаттары туралы жоғары пікір қалыптастырдым.
Болашақ жоспарларыңыз қандай?
Мүмкіндіктер өте көп. Білім жағынан, мен геоғылымдар бойынша магистратура бағдарламасын жүзеге асырсам деп жоспарлаймын. Пандемияға байланысты бағдарламаның іске қосылуы уақытша тоқтатылып тұр. Алайда, жан-жақтан қолдау бар, сол себепті қойылған мақсатқа жететінімізге сенімім мол. Бағдарлама біздің мекемемізге, әсіресе, жоғары энергия өндірісінің құны, климаттың өзгеруі және қоршаған орта сияқты нақты мәселелерді шешуге қызығушылық танытатын студенттерімізге үлкен мүмкіндіктер береді деп айта аламыз. Зерттеу жағынан мені Шу-Сарысу, Маңғышлақ, Зайсан алабының геологиясы қызықтырады. Көріп тұрғаныңыздай, зерттеу бағыты бар, сондықтан оларды шешу бойынша топпен жұмыс істеуді асыға күтіп отырмыз. Механикалық стратиграфия (Шеврон) және уран өндірісіндегі геологиялық бақылау (Orano) бойынша салалық қаржыландырылатын зерттеулер біздің зерттеу тобымызға қаржыландырушы компаниялардың сарапшылар тобымен тікелей жұмыс істеуге керемет мүмкіндік береді. Біздің Орталық Азиядағы алғашқы пилоттық көміртегі қоймасына қатысуымыз – үлкен қуаныш. Бір сөзбен айтқанда, болашақ жоспарымыз биік әрі қызықты болмақ.