‘Galym-Galam’: Азиз Бұрханов, NU ЖМСМ

Біздің «Galym-Galam» айдарының келесі қонағы – Назарбаев Университеті (НУ) ЖМСМ  қауымдастырылған профессоры Азиз Бұрханов. Профессор Бұрханов әл-Фараби атындағы ҚазҰУ-ды бітіріп, Францияда магистр дәрежесін алды. Содан кейін Әлемдік экономика және саясат институтында, IHS Cambridge Energy Research Associates (CERA) компаниясында саяси талдау мәселелері бойынша зерттеуші және эксперт ретінде жұмыс істеді. Профессор Бұрханов Индиана университетінен PhD дәрежесін алғаннан кейін, 2014 жылы НУ командасына қосылды.

 

Ғылыми қызығушылықтарыңыздың саласы туралы айтып берсеңіз. Сіз бұрын қандай жобалармен жұмыс жасадыңыз, қазіргі уақытта қандай жобаларды жүргізесіз?

Менің зерттеу тақырыбым – Орталық Азиядағы ұлттық бірегейлік және ұлтты қалыптастырудың теориялары мен тәжірибесін қамтиды. Сонымен қатар, ұлттық бірегейлік мәселелері бойынша тіл саясаты мен қоғамдық дискурсты зерделеймін. Менің бұған дейін айналысқан жобаларым: ұлттық бірегейлік, тіл, «өзгелерді» қабылдау мәселелерін талдау; жастар арасындағы ұлттық бірегейлікті қабылдау; сондай-ақ Қазақстандағы ұлттық құрылысты қалыптастыру саясатын қоғамның қабылдау тақырыптары болды. Сонымен қатар, мемлекеттік саясат тұрғысынан ұлтты қалыптастыру саласындағы Қазақстан үкіметінің саясатын зерделеймін. Соңғы уақытта мен әр түрлі елдердегі мемлекеттік саясаттың салыстырмалы мәселелеріне назар аударып, оның ішінде көпұлтты қоғамдардағы сәйкестіктің, тіл мен азаматтықтың саяси салдарларын белсенді түрде зерттей бастадым.

Сіздің ұлттық бірегейлікті зерттеуге деген қызығушылығыңыз немен байланысты?

Маған әрқашан адамдардың өзін-өзі тануы қызық. Бірегейлік сезімінің қаншалықты күрделі және контекстік деңгейде болатыны мені әрқашан таң қалдырады. Мемлекет, бұқаралық ақпарат құралдары арқылы, сондай-ақ қоғамдық полемика барысында бірегейлікті қалай қалыптастыруды зерделеу де қызықты. Бұл полемика қоғамда шешуші рөл атқара алады, өйткені ол қоғамдардағы әлеуметтік, саяси, мәдени, діни және тілдік белгілері бойынша қазіргі поляризация мен бөлінуді көрсете алады. Дәл осы бұқаралық ақпарат құралдары мен қоғамдық дискурс арқылы қоғам мүшелері ұлтқа тиесілілік сезімін қалыптастыра алады және (кейде байқаусызда) «біз оларға қарсымыз» сезімін тудыруы мүмкін. Этностық әртүрлі қоғамда қоғамдық дискурстар түрлі этностық топтардың бір-біріне қатысты сан-алуан идеялары мен стереотиптерін де көрсете алады. Осы нарративтерді зерттеу елімізде ұлтты қалыптастырудың жан-жақты және инклюзивті, үйлесімді саясатын құруға көмектеседі деп сенемін.