Galym-Galam: Эллина Мун,НУ ЖӘГҒМ постдокторанты

“Galym-Galam” айдарының жаңа қонағы – Эллина Мун, НУ Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің постдокторанты. Эллина Мун Ұлыбритания мен АҚШ-тағы әлемнің жетекші университеттерін бітірген. Постдокторант жұмысы қазіргі уақытта қатерлі ісікке қарсы терапияда кремний органикалық нанобөлшектерге негізделген препараттарды жеткізу жүйесін қолдануға бағытталған. Эллина – Қазақстан Республикасы Тұңғыш Президенті сыйлығының иегері (2019), Рединг университетінің (Ұлыбритания) THRIVE мансап тәлімгері және қазіргі уақытта ЖӘГҒМ елшісі.

 

Эллина, алған біліміңіз бен кәсіби деңгейіңіз туралы айтып бере аласыз ба?

Мен ғылыми жолымды Рединг фармация мектебінен (Ұлыбритания) бастадым, онда PhD дәрежесін қорғап шықтым. Содан кейін Пердью университеті (Purdue University,АҚШ) Уэлдон биомедициналық инженерия мектебінің тобына постдокторант ретінде жұмыс істеуге кірістім. Мұнда Корейлік фармацевтикалық корпорациялардың фармацевтикалық өнімдер мен технологияларын дамытуға арналған ғылым мен өнеркәсіпті біріктіретін жобада қызмет қылдым.   Одан кейін Ұлттық биотехнология орталығына жетекші ғалым ретінде тағайындалған болатынмын. 2020 жылдың тамыз айында Назарбаев Университетінің Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің химия кафедрасының мүшесі атанып, фармацевтика және биомедициналық ғылымдар саласында оқытушылық пен ғылыми зерттеуімді жалғастырудамын. Менің ғылыми қызығушылықтарыма полимерлер, биомедициналық және фармацевтикалық қолданысқа арналған нанотехнологиялар, дәрілік заттарды жеткізу жүйелері (нано-, микробөлшектер, сұйық кристалдар) кіреді.

Қазіргі зерттеу жобаңыз туралы айтып бере аласыз ба? 

Соңғы бірнеше онжылдықта нанобөлшектердің бірегей физика-химиялық қасиеттеріне байланысты химиялық, биомедициналық, фармацевтикалық ғылымдардағы зерттеушілердің назарын аударуда. Биомедициналық қолдану үшін наноматериалдардың ішінде кремний диоксиді нанобөлшектері олардың қарапайым синтезі мен бөлінуі, төмен құны, қауіпсіздігі және функционалдық мүмкіндіктері үшін тиімді болып саналады. Біз қазіргі уақытта қатерлі ісікке қарсы терапияда кремнийорганикалық нанобөлшектерге негізделген препараттарды жеткізу жүйесін дамытуға бағытталған зерттеу жүргізіп отырмыз. Кремний тотығы нанобөлшектерін биомедициналық және фармацевтикалық салаларында қолданысқа енгізу үшін олардың уландырғыштық, биоүйлесімділік және биодеградация сияқты қасиеттерін зерттеу қажет. Кремний тотығы нанобөлшектерінің биологиялық жүйелермен әрекеттесуі туралы деректер әлі де жетіспейді. Біз кремнийорганикалық нанобөлшектердің токсикологиялық қасиеттерін, сондай-ақ олардың биоүйлесімділігі мен биодеградациясын зерттеп, аталған мәселлерді шешуді мақсат етіп отырмыз.

Сіздің негізгі зерттеу нәтижелеріңіз қандай? 

Біздің топ кремнийорганикалық нанобөлшектердің мукоадгезиялық  және диффузиялық қасиеттерін жан-жақты зерттеді. Тиолданған кремний органикалық нанобөлшектер биологиялық тіндермен жоғары мукоадгезияны көрсетті. Бұл оң нәтиже болып саналады, демек, орган беттерінде фармацевтикалық дәрілік формаларды ұстау уақытын ұзартуға мүмкіндік береді. Бұл кремний органикалық нанобөлшектерді интравезикалды жеткізуде немесе биоимиджингте қолданудың үлкен әлеуетін бар екенін дәлелдейді. 

Неліктен сіз НУ-ға қосылуды ұйғардыңыз?

Мен академияда жұмыс істегенді ұнатамын, өйткені бұл маған өзімнің ғылыми идеяларымды жүзеге асыруға, сондай-ақ жас саналарды тәрбиелеуге мүмкіндік береді, мен мұны әрқашан артықшылық деп санадым. Осыған байланысты Назарбаев Университеті профессорлық-оқытушылар құрамының кәсіби және тұлғалық дамуы үшін Орталық Азиядағы ең үлкен платформаны және жергілікті және халықаралық студенттерге ең жақсы оқу және зерттеу ортасын ұсынады, бұл зерттеу мен оқытуда жоғары стандарттарды көрсетеді. Жарқын, талантты және көзі ашық студенттермен жұмыс жасау, олардың үлгерімі мен дамуын бақылау, сондай-ақ жаңа ғылымды ашу – жақсы нәтижелерге ұмтылудың үлкен мотивациясы. Сондай-ақ, Назарбаев Университеті қауымдастығының мүшесі болу мен үшін үлкен абырой. 

Алдағы жоспарларыңыз қандай? 

Соңғы жылда мен Назарбаев Университет, «Astana» Ұлттық Лабораториясы (NLA), жергілікті қазақстандық институттар және халықаралық университеттердегі әріптестеріммен биология, химия, материалтану және фармацевтика пәндерін біріктіретін пәнаралық жобаларды зерттейтін бірлескен желіні кеңейтуге мүмкіндік алдым. Мен өзімнің ғылыми идеяларымды дамытуды жалғастыруға дайынмын және осы уақытқа дейін бірлесіп жасалған ғылыми жобаларда жұмыс істеуге өте қуаныштымын.