NU Step to PhD: Маржан Байгалиева, NU SMG постодокторанты
Nu Step to PhD айдарындағы біздің кезекті қонағымыз -Маржан Байғалиева, NU SMG постдокторанты. Маржан 2013 жылы Дублин университетінің колледжінде магистр дәрежесін алды, ал 2021 жылы Ноттингем университетін географиялық информатика саласындағы PhD дәрежесімен бітірді. Ол “Болашақ” халықаралық стипендиясының және Назарбаев университеті ұсынған “Талап” стипендиясының иегері. Өзінің докторлық диссертациясы кезінде Маржан Бурабай Ұлттық табиғи паркінде орналасқан көлдердің біріне арналған су теңгерімін әзірлеумен айналысты. Қазіргі уақытта ол NU SMG-да сабақ беріп, студенттермен өз білімімен бөлісуде.
Өз докторлық зерттеуіңіз туралы айтып беріңізші
Мен докторантураны НУ «Талап» стипендиясының арқасында The University of Nottingham-да өттім. Диссертацияның тақырыбы Бурабай МҰТП-да орналасқан көлдердің бірінің су теңгерімін жасау болды. Бурабай – бұл бірегей жер, көп жылдан бері Қазақстанның басты туристік көрікті жерлерінің бірі болып табылады. Негізгі мақсат – осы өңірдегі көлдердің таяз болуының негізгі себептерін зерттеу, сондай-ақ өзгеріп отыратын климат тұрғысында көлдердің болашағы қандай екенін түсіну.
Сіздің жұмысыңыздың қолданбалы мәні неде?
Су – өмірлік маңызды және біздің еліміздегі шектеулі ресурс. Көптеген жағдайларда су ресурстарын басқару проблемалары негізінен қазіргі заманғы гидрологиялық модельдердің болмауымен байланысты, бұл өз кезегінде су ресурстарын шамадан тыс пайдалануға әкеледі. Өзіміздің ғылыми жетекшілерімізбен бірге біз ГАЖ-моделін құрдық, оның көмегімен көлдегі су көлеміне әсер ететін негізгі факторларды бағалауға болады. Ең маңыздысы, бұл модель болашақта климаттың өзгеруінің көлдегі су көлеміне әсерін сандық бағалауға мүмкіндік береді. Бұл су ресурстарын неғұрлым тиімді басқаруды пысықтауға көмектеседі.
Диссертацияңыздағы жұмыс процесі туралы не айта аласыз?
Бастапқыда мен қала құрылысы үшін геоақпараттық жүйелер саласында білім алдым, геоақпараттық жүйелер, климат және гидрология арасындағы байланысты саладағы тақырыпты таңдадым. Басында бұл салаға көшу қиын болды, бірақ жетекшімнің қолдауының арқасында диссертация тақырыбына тез бейімделіп, жоба бойынша жұмыс істей бастадым. Сондай-ақ NURIS-тегі жұмыс тәжірибемнің көмегі мол болды, онда жас әрі дарынды зерттеушілермен жұмыс істей алдым.
Менің диссертациям бойынша жұмыс процесі оңайға түспеді. Алайда кез келген қиындық уақыт өте келе мақтаныш сезімін тудырып, ал кез келген қателік баға жетпес тәжірибе мен білімге айналды. Сонымен қатар, докторантура кезінде Австрияның Вена қаласында өткен геоақпараттық жүйелер саласындағы үздік конференциялардың бірінде өз жұмысымды таныстыра алдым. Сапар осы саладағы басқа ғалымдардың жұмыстарын көруге және олармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Осы жылдар ішінде мен ғылыми және өнеркәсіптік салаларда көптеген адамдармен таныстым. Бұл адамдар көкжиектерге жетуге, сондай-ақ ғылыми ортадағы ынтымақтастықты нығайтуға көмектесті. Бағдарлама өзін-өзі таныстыру және әртүрлі аудиториямен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға септігін тигізді. Докторантураның күрделі жолы сондай-ақ нәтижелі жұмыс үшін жақсы академиялық жағдайлар арқылы ғана емес, қызықты студенттік орта арқылы қол жеткізілетін өмірлік теңгерім қажет екенін үйретті.
Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз
Қазіргі уақытта мен ғылыми жетекшілеріммен бірге жарияланымдар бойынша жұмыс істеп жатырмын. НУ-дағы постдокторантура өз білімімді SMG студенттерімен бөлісуге мүмкіндік берді. Оқыту және студенттермен жұмыс істеу менің өмірімдегі қызықты әрі тамаша кезең болды, ал НУ студенттері өздерінің білімге деген ұмтылыстарымен және құштарлығымен таң қалдырды.
Болашақ докторанттарға не тілейсіз?
Докторантура ғылыми ортада қандай да бір білім алып, дағдыларды үйренуге ұмтылатын адамның өміріндегі маңызды әрі күрделі кезең болып табылады. Егер сіз бұл жолды басынан аяғына дейін сәтті өткізгіңіз келсе, оған ең басты диплом алу емес, жолды өту процесі болуы керек. Менің жетекшім айтқандай, жай ғана ақылды болу докторантурадан өту үшін жеткіліксіз. Сондықтан докторлық бағдарламадан сәтті өту үшін шыдамдылық, табандылық пен өз күшіңе деген сенім қажет. Мен болашақ докторанттарға тек зерттеулерде ғана емес, өмірде де кез келген жағдайда қолдау көрсететін жетекші табуды тілеймін.