Galym-Galam: Профессор Рэнди Дойл Хазлетт, NU SMG Деканы
“Galym-Galam” айдарының жаңа қонағы – Профессор Рэнди Дойл Хазлетт, НУ Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебіннің деканы. Профессор Хазлетт әлемдік жетекші мұнай корпорацияларының бірі Mobil R&D-да жұмыс істеген. Сондай-ақ ол оқытушылық тәжірибесі мол маман ретінде белгілі. Профессор Chevron Visiting Scholar және Chevron Fellow марапаттарының иегері. Қазір SMG деканы бұрын мүмкін емес деп саналатын ұңғымалардан және қабаттардан мұнай өндіруді модельдеудің жаңа математикалық формулаларын әзірлеумен айналысуда.
Біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы айтып бере аласыз ба?
Білімім – инженер-химик, Mobil R&D Corporation компаниясында мұнай инженері ретінде қайта даярлықтан өткен болатынмын. 15 жыл бойы мен R&D корпорациясында кеуекті ортадағы мұнайды қойнауқаттан ығыстыру физикасы және оның әртүрлі қолданылуы саласында жұмыс істедім. Exxon-Mobil бірігуі кезінде компаниядан кетіп, жұмысымды өзімнің зерттеу және консалтинг фирмамда жалғастырдым. Ұлттық ғылым қорымен бірлескен сәтті жобалардан кейін, мен Талса университетінің академиялық қауымдастығына мүше болдым. Назарбаев Университетіне екі жылдан астам уақыт бұрын мұнай-газ ісі кафедрасының профессоры ретінде жұмысқа орналасып, Нұр-Сұлтандағы алғашқы 6 айдан кейін деканның қызметін атқара бастадым.
Қазіргі зерттеу жобаңыз туралы айтып берсеңіз
Ғылыми қызығушылығым – кеуекті ортадағы көпфазалы ағынның негіздері. Сондай-ақ, қазіргі уақытта ұңғыманың өнімділігі мен болжауында жұмыс істеймін. Менің зерттеуім – бұрын мүмкін емес деп саналатын ұңғымалардан және қабаттардан мұнай өндіруді модельдеу үшін жаңа математикалық формулаларды әзірлеу. Біз еркін траекториядағы ұңғымалардың құйылуын болжау және барлық деңгейлердегі жарықтармен бөлінген қабаттардың сарқылуын болжау сияқты мәселелер үшін жетілдірілген математикалық шешімдерді қолданамыз.
Сіздің негізгі зерттеу нәтижелеріңіз қандай?
Жақында біз жарықтар геометриясын сипаттауға көмектесетін дәстүрлі емес резервуарлардағы өндірістік деректерді түсіндірудің жаңа тәсілдерін әзірледік. Біз сондай-ақ кірістірілген дискретті жарықтарды модельдеуге арналған құрылыс блоктарын жасадық. Бұл аналитикалық шешімдерді шағын масштабты модельдеуден үлкен масштабты модельдеуге көшіруге мүмкіндік береді, ақпаратты жоғалтпай есептеу уақытын үнемдейді. Біз бұл технологияны Тенгиз сияқты Каспий теңізінің табиғи жарылған құнарлы бассейндері үшін өндірісті болжау үшін қолданамыз деп үміттенеміз.
Неліктен НУ-да қызмет қыламын деп шешім қабылдадыңыз?
Мен НУ-дың жаңа бағдарламасын құруға көмектесу, және ғылыми қызығушылықтарымды жүзеге асыру үшін университет қауымдастығына қосылған болатынмын. Сонымен қатар, Талса университетінде жұмыс істеген кезде қазақстандық студенттер үлгерімі өте жақсы пікір қалдырған еді. Сондай-ақ әлемнің қарама-қарсы жағына саяхаттау, және көрікті жерлер мен мәдениеттерді сезіну мен үшін үлкен бақыт. Бұны АҚШ-та отырып бастан өткізу мүмкін емес еді.
Болашақ жоспарларыңыз қандай?
Мен декан ретінде Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің еліміз бен өңірдің білім беру және ғылыми орталығы болғанын қалаймын. Біз салалық және демеушілік зерттеулерге көшкіміз келеді. Мен өзін-өзі қамтамасыз ететін бағдарлама әзірлеп, талантты оқытушыларға, қызметкерлерге және студенттерге инвестициялауды жалғастырғым келеді.