Глютен ауруын мобильдік қосымшаның көмегімен анықтауға болады
Назарбаев Университеті мен Ұлыбритания ғалымдары қысқа сауалнаманың көмегімен целиакия қаупін анықтауға арналған алғашқы мобильдік қосымшаны әзірледі.
Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің (ЖӘГҒМ) биология кафедрасының оқытушысының ассистенті, доктор Айжан Қожахметова мен Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің (ИЦҒМ) компьютерлік ғылымдар саласындағы ғылым магистрі бағдарламасының студенттері Қорлан Жұмабекова және Нұрдәулет Кенгес CeliacTest© мобильдік қосымшасын әзірледі. Жобаның қаржыландырусыз ерікті негізде іске асырылғанын және енді Android үшін Google Play Market-те қолжетімді екендігін атап өткен жөн.
«Глютен ауруы – бұл ағзаның күрделі иммундық-жанама түрде глютенді қабылдамауы, ол ішектің, сүйектің, қалқанша бездің және басқа да ағзалардың әлсіреуіне әкеп соқтырады. Клиникалық белгілердің әртүрлі болуы және хабардар болудың төмендігі келеңсіз салдарды болдырмау үшін ерте кезеңде жүргізілетін диагностиканы қиындатады. Глютен ауруы халықтың 1-2%-да жиі кездеседі. Дегенмен, аурудың 90%-ға жуығы әлі күнге дейін анықталмаған қалпында қалуда», – дейді ЖӘГҒМ оқытушысының ассистенті д-р Айжан Қожахметова.
Расталған целиакиясы бар адамдар қосымшаның форумы мен онлайн-медициналық консультантты пайдалана алады. Жоғары тәуекел тобындағы пайдаланушылар қан талдауларын жүргізу үшін ұсынымдарды ала алады. Бұдан басқа, қосымша пайдаланушыларға целиакия, ілеспе жағдайлар, диагностика және емдеу туралы толық ақпарат табуға мүмкіндік береді. Кіріктірілген анықтамалық Қазақстан қалаларында қол жетімді дәрігерлер, медициналық орталықтар, глютенсіз мейрамханалар мен супермаркеттер туралы пайдалы ақпаратты қамтиды.
Бұдан басқа, ғылыми жаңалықтар бөлімінде әзірлеушілер ағымдағы жергілікті және халықаралық зерттеулер туралы ақпаратты жариялауды жоспарлап отыр, тілек білдірушілер оларға қатыса алады. Қосымша әзірше тек орыс тілінде әзірленген, таяудағы уақытта ол қазақ және ағылшын тілдеріне аударылады, сондай-ақ анықтамалық толықтырылады және iOS-қа арналған нұсқасы әзірленеді.
Ынтымақтастық мәселелері бойынша байланыс: +77772680180, email: celiactestinfo@gmail.com
- Назарбаев Университетінің академиялық бағдарламалары мен оқуға түсу жайлы ақпаратты осы жерден білуге болады.