Көмек қолын созуға дайын адамдар саны жыл сайын артып келеді
Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз – Иманбаева Софья, “Children’ s Development Foundation” қоғамдық қорының вице-президенті, Назарбаев Университеті Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің “Математика” мамандығының 4-курс студенті. Софья бізге “Children’ s Development Foundation” қоғамдық қорының іске асырып жатқан жобалары мен студенттердің әлеуметтік бастамаларын қолдайтын, бей-жай қарамайтын адамдар туралы айтып берді.
Жыл сайын суық түскенге дейін сіздердің қоғамдық қорыңыз Warm Winter жобасын ұйымдастырып, өткізгені белгілі. Жаңадан қалыптасқан жағдайға және карантиндік шектеулерге байланысты оның биылғы жылы қалай жүзеге асырылатыны туралы айтып берсеңіз.
Шынында да, Warm Winter немесе Жылы қыс – бұл жыл сайын суық түсу қарсаңында басталатын және бүкіл НУ қоғамдастығы үшін жақсы дәстүрге айналған жоба. Биылғы жылы да халықтың әлеуметтік осал топтарынан балаларды қысқы жылы киіммен қамтамасыз етуге бағытталған жоба кезекті жетінші рет іске қосылды.
Жобаның мәні – кез келген адам көмекке мұқтаж бір баланы қыста толық дайындауға (жылы киім, етік және т.б.) көмектесетін адамдар тобын жинап, жобаға қатыса алады. Әр топқа студенттер арасынан үйлестірушілер көмектеседі. Сондай-ақ, көмек азық-түлік, қажетті тұрмыстық техника сатып алу және қажет болған жағдайда қыста көмір түсіріп беру түрінде ұсынылады.
Жалпы, 2014-2017 жылдар аралығында біздің жобамыздың арқасында 117 отбасынан 337 бала жылы киіммен қамтамасыз етілді, 2018 жылы қысқа дайындыққа 40 отбасынан 140 балаға көмек көрсетілді. Өткен 2019 жылы 68 отбасынан 228 бала жобаға қатысушылардан қысқы киім және азық – түлік түрінде қажетті қолдау алды, олардың қатарында студенттерден басқа, оқытушылар, түлектер, біздің университеттің және оның құрылымдық бөлімшелерінің қызметкерлері бар.
Биылғы жылы қашықтықтан оқытуға көшудің салдарынан Назарбаев Университетінің студенттері әртүрлі қалаларда орналасқандықтан, жобаның қамтылуы айтарлықтай кеңейтілді және Қазақстанның бес қаласында: Нұр-Сұлтан, Алматы, Қарағанды, Ақтау және Қостанайда іске қосылды. Мұқтаж отбасылардың тізімін бізге “Мейірбандар клубы” қайырымдылық қоры ұсынды.
Біздің студенттік клубтың мүшелері әртүрлі қалалардан үйлестірушілерге жетекшілік етеді, олар өз кезегінде балаларды қысқа дайындауға көмектескісі келетін адамдар тобына көмектеседі. Егер жобаға өз үлесін қосқысы келетін, бірақ кез келген кедергілерге байланысты (басқа қалаларда болу, топ құрудағы проблемалар және т.б.) өздері қатыса алмайтын адамдар болған жағдайда, олар қаражатты жобаның бас ұйымдастырушысының шотына және біздің қоғамдық қорымыздың қоса атқаратын мүшесінің шотына аудара алады. Біздің команда өзі дүкенге барып, содан кейін бәрін мұқтаж отбасыларға апарып береді. Біз сондай-ақ банктердің мобильді қосымшаларынан транзакциялар туралы барлық есептерді және осы процестің ашықтығын қамтамасыз ету үшін киім сатып алу чектерін біздің әлеуметтік желілерімізде жариялаймыз.
Алдын ала есептеулер бойынша, биыл Қазақстанның түкпір-түкпірінен шамамен 160 бала қысқы киім мен азық-түлік түрінде көмек алады.
Қоғамдық қорыңыз тағы қандай жобаларды іске асырып жатқаны туралы айтып берсеңіз.
Біздің Жылы қыс жобамыздан басқа, 2011 жылдан бастап біз халықтың әлеуметтік осал топтарынан шыққан балаларға тегін менторинг бағдарламасын ұйымдастырамыз. Жобаның алғашқы үш жылында біздің команда “кәмелетке толмаған балаларға арналған баспанамен” жұмыс істеп, 56 балаға көмектесті. Біздің бағдарламамыздың арқасында алғашқы үш жылда 10-нан астам бала университеттерге түсті. 2015 жылдан бастап біздің бағдарлама аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларға арнала бастады. Әр демалыс сайын студенттер 5-6 сынып оқушылары үшін математика, ағылшын тілі және логика, сондай-ақ 10-11 сынып оқушылары үшін химия, биология және физика пәндерінен сабақ беретін курстар ұйымдастырып, өткізді.
2018-2019 жылдары біздің бағдарлама аясында 64 оқушы (53 алтыншы сынып оқушысы және 11 он бірінші сынып оқушысы) оқып шықты. 11 түлектің 8-і қазақстандық жоғары оқу орындарында оқу грантын жеңіп алды, қалған үшеуі ақылы негізде оқуға түсті.
Осы жылдың наурыз айында онлайн оқытуға көшуге байланысты біз тәлімгерлік жобамызды уақытша тоқтатуға мәжбүр болдық. Шілде айында біз өз жобамызды қайта бастадық, бірақ қазір толығымен онлайн форматта іске қостық. Біздің менторларымыз аптасына екі рет ZOOM/Skype/WhatsApp арқылы шағын топтарда сабақ өткізеді және НЗМ, БИЛ, РФММ, сондай-ақ жергілікті және шетелдік университеттерге дайындалуға көмектеседі. Қазіргі уақытта бізде 6 және 11 сыныптардан 23 оқушы бар, оларды 39 ментор оқытады.
Сонымен қатар, 2017 жылдан бастап біздің қоғамдық қорымыз Garage Sale – университет қоғамдастығы қайырымдылыққа берген және жақсы күйде сақталған заттарды сатуды ұйымдастырушы болып табылады. Жәрмеңкеде сіз кітаптарды, кеңсе тауарларын, зергерлік бұйымдарды, сағаттарды, бас киімдерді, шарфтарды, электронды құрылғыларды және басқаларды сатып ала аласыз. Біз мезгіл-мезгіл әртүрлі дүкендерді жәрмеңкеге қатысуға шақырамыз. Осы үш жыл ішінде біз медициналық қызметке мұқтаж адамдарды емдеуге шамамен 3.4 миллион теңге жинадық.
Өкінішке орай, биыл пандемия кезеңінде карантинге және соған орай шектеулерге байланысты жоба жүргізілмейтін болады. Бірақ болашақта біз көмекке мұқтаж адамдарға қолдау көрсету үшін оны қайта бастауды жоспарлап отырмыз.
Жалпы, жыл сайын қолдауға мұқтаж жандарға қол ұшын созуға дайын адамдардың саны өсіп қана қоймай, біздің студенттер мен түлектер арқылы еліміздің басқа да өңірлерін қамти отырып, осындай көмектің таралу географиясы кеңеюде. Бүгін “Children’ s Development Foundation” қоғамдық қорының атынан біздің жобаларымызды іске асыруға қолдау көрсететін, қамқор болған барлық адамдарға алғысымды білдіргім келеді!