Назарбаев Университеті және эндаумент қоры не үшін қажет?

Назарбаев Университеті құрылған сәтінен бастап ғылымды, білім мен инновацияларды біріктіретін және халықаралық практикаларға негізделген, ТМД-дағы зерттеу университетінің жаңа бағдары мен моделіне айналды. Университет қызметінің негізгі қағидаттары  меритократия және академиялық адалдық болып табылады. Университет Қазақстанда әлемдік деңгейдегі білім беруді, мысалы, «Болашақ» бағдарламасымен салыстырғанда арзанырақ бағамен ұсынады, сондай-ақ жаңа білімді институционалдық деңгейде сырттан импорттамай, ел ішінде қалыптастырады.

Бүгінгі таңда Университетте  Қазақстанның барлық өңірлерінен келген және әртүрлі топтар мен әлеуметтік топтардан құрылған 6500-ден астам студент білім алуда, негізгі бөлігі – STEMM  (ғылым, технологиялар, инженерия, математика және медицина) бағыты бойынша, ал екіншісі әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдарды оқып жатыр. Студенттердің 97%-ы үшін НУ-да оқу тегін.

 Алынған білім мен дағдылар, сондай-ақ ағылшын тілін жетік меңгеру ЖОО түлектеріне қазақстандық және халықаралық нарықта табысты бәсекелесуге мүмкіндік береді. Жыл сайын олардың 60%-ға жуығы «үлкен төрттік», BI Group компанияларына, ірі банктерге, ЖОО-лар мен мектептерге жұмысқа шақыру алады. Нарықта Университеттің және оның инновациялық кластерінің түлектері құрған жаңа компаниялар пайда болуда. Мысалы, роботтар мен ғылымды қажетсінетін күрделі АТ-өнімдерін жасау бойынша Cleverest Technologies, ауыл оқушыларына ағылшын тілін үйрету бойынша Hello all, мүмкіндіктері шектеулі адамдар жұмыс істейтін Kunde әлеуметтік кафесі. Соңғы 5 жыл ішінде НУ стартаптарын қолдау бағдарламалары 160-тан астам жобаны ұсынды және 1 млн. АҚШ долларынан астам сомаға инвестициялар тартты.  НУ түлектерінің 35%-ы жыл сайын Кембридж, Гарвард сияқты жоғары оқу орындарында магистратура және докторантура бағдарламалары бойынша оқуын жалғастыруда, олардың көпшілігі стипендия алады.

 Жоғары сапалы академиялық бағдарламалардан басқа, зерттеу университеті ретінде НУ-дың тағы бір басымдығы ғылыми зерттеулер болып табылады. Университет студенттері мен профессорларының жарияланымдарының саны 5600-ден асты. Ғылыми зерттеулердің сапасы (дәйексөзділік индексі) бойынша НУ Ломоносов атындағы ММУ-дан асып түсті, Токио университетімен теңесті, ТМД-дағы үздік 10-ға кірді. Бүгінгі таңда НУ оқытушыларының жалпы санының 30%-ға жуығы – бұл қазақстандықтар. Стэнфорд университетінің соңғы зерттеулеріне сәйкес НУ-дың 8 профессоры әлемнің ықпалды ғалымдарының 2%-ына кірді. НУ қызметкерлері мен Жоғары білім беру мектебінің түлектері жоғары білім беру жүйесін реформалауға көмектесу үшін жетекші қазақстандық жоғары оқу орындарына басшы лауазымдарға тағайындалды.

 НУ-дың зерттеу жүргізетін басым бағыттары – жасанды интеллект, робототехника және биомедицина. Университет ғалымдары әлемге медициналық экзоскелет, адам сүйектерінің прототипі, литий-иондық батареялар, Қазақстан үшін COVID-19 таралуының стохастикалық симуляторы және т.б. ұсынды. Мұндай ғылыми жаңалықтар  мен жоғарыда аталған бағыттарды зерттеу қомақты қаржылық инвестицияларды қажет етеді. Бұл құрал-жабдықтарды сатып алуды, зертханаларды жабдықтауды, бірлескен халықаралық зерттеулерді қамтиды. Әдетте, әлемде ең табысты университеттер мен мектептерді қаржыландыру үшін эндаумент (ағылшын тілінен endowment – қайырмалдық) қорлары құрылады. Эндаумент капиталы жинақталып, инвестициялануы керек, ал инвестициялық кіріс өз кезегінде университеттер мен мектептердің қажеттіліктеріне үздіксіз қаржылық қолдау көрсетуі тиіс. Мысалы, Гарвард, Стэнфорд, Йель сияқты американдық университеттердің бюджеті 24-40% эндаумент түсімдері есебінен қалыптасады. Әлемдік университеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, 2010 жылы Назарбаев Қоры (НҚ) құрылды, ол мемлекеттік қаржыландыру қысқарған жағдайда НУ мен НЗМ-нің қызметіне демеушілік көмек көрсетеді.

 Жақында кейбір БАҚ НҚ оқу орындарына тиесілі емес деген ақпарат таратты. Осыған байланысты Қор төрағасы, ҚР бұрынғы Білім министрі және НУ Атқарушы кеңесінің экс-төрағасы Аслан Сәрінжіпов Жарғыға сәйкес НҚ тек Назарбаев Университеті мен Назарбаев Зияткерлік мектептерін ғана қаржыландыратынын хабарлады. Қор жыл сайын осы оқу орындарының ғылыми-зерттеу қызметін қолдау үшін кемінде 10 миллион доллар бөледі. «Ешқандай басқа жеке тұлғалар кіріс ала алмайды және бұл коммерциялық емес ұйым ретіндегі Қордың Жарғысында жазылған, ал НҚ  есептілігін жыл сайын «үлкен төрттікке»  кіретін халықаралық аудиторлық компанияларының бірі тексереді, – деп атап өтті Сәрінжіпов. Қор мемлекеттік ресурстарды неғұрлым өзекті мәселелерге бағыттай отырып, жоғары білімді және креативті кәсіпқойларды одан әрі даярлау үшін НУ-ды  қаржыландыруды ұлғайтуға дайын екендігін білдірді.