Назарбаев Университетінде тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресуге арналған «Кәдімгі заттар» интерактивті көрмесі ашылды

Назарбаев Университетінде тұрмыстық зорлық-зомбылықтың құрбаны болған қазақстандықтардың шынайы оқиғалары баяндалатын «Кәдімгі  заттар» интерактивті көрмесі ашылды. Ашылу салтанатына БҰҰ-ның Қазақстандағы Тұрақты үйлестірушісі Микаэла Фриберг-Строй, ЮНФПА-ның Қазақстандағы атқарушы өкілі Райымбек Сисемалиев, Қазақстандағы БҰҰ Әйелдер өкілі Мария Доценко, Канаданың Қазақстандағы Елшісі Алан Хамсон және НУ-дың академиялық мәселелер жөніндегі вице-провосты Лоретта О’Доннелл қатысты.

Экспозицияда бір қарағанда қарапайым 16 зат ұсынылған: стақан, кітап, аяқ киім.  Бірақ әрқайсысының артында зорлық-зомбылыққа тап болған, кей жағдайда оның құрбанына айналған адамның шынайы тарихы жатыр.

Экспозицияның мақсаты-тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесіне назар аудару, себебі статистикаға сүйенсек, әлемде күн сайын 137 әйел өз отбасы мүшелерінің қолынан қайтыс болады, ал әрбір үшінші әйел өмірінде кем дегенде бір рет физикалық және/немесе жыныстық зорлық – зомбылыққа ұшырайды. 

Көрменің экспонаттары университет атриумында қойылған. Әр заттың тарихымен танысу үшін көрермендер өз смартфонының камерасын экспозицияның QR-кодына бағыттап, зорлық-зомбылыққа тап болған әйелдің тарихын қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде тыңдай алады. 

“Кәдімгі заттар” көрмесі – Канада Елшілігінің, Қазақстандағы БҰҰ-ның тұрақты үйлестірушісі кеңсесінің, БҰҰ Қазақстандағы халықты қоныстандыру саласындағы қорының (ЮНФПА), “БҰҰ-әйелдер” құрылымының және STEPPE интернет-басылымының ынтымақтастығының жемісі. Көрме наурыздың соңына дейін жалғасады.