Назарбаев Университетінде жасалған инвесторларды қызықтыруы мүмкін 5 мобильді қосымша
Мобильді қосымшалар такси шақырту немесе тамақ жеткізу сияқты біздің тұрмыс-тіршілігіміздің көптеген процестерін толық автоматтандырды. Назарбаев Университетінде бос паркингтерді жалға беруге, үй техникаларын смартфонмен басқаруға, өзіңнің тамақтануыңа саналы тұрғыдан қарауға және балалар үйірмелері мен секцияларында онлайн-сабақтарды брондауға мүмкіндік беретін бірнеше жобалар іске қосылды немесе әзірленуі аяқталып келеді.
Қазақстандықтардың тұрмыс-тіршілігін жайлы етуге бағытталған болашағы бар 5 қосымша.
- CeliacTest – адамда глютен ауруы бар екенін айқындай алатын онлайн-медконсультант.
Кімдерге арналған: өзінің денсаулығын мұқият қадағалап отыратын, сондай-ақ целиакия сырқаты бар адамдарға.
Жоба туралы: Целиакия – бұл ішектің дәнді дақылдар клейковинасын қорыта алмауы. Аурудың негізгі белгілері – ас қорыту жүйесінің бұзылуы, іштің жиі кебуі және іштің өтуі. Клиникалық белгілерінің алуан түрлілігі және хабардар болудың аздығы ерте кезеңде диагносикалауды қиындатады Жағдайлардың 90% жуығы анықталмаған қалпында қалады. Зерттеушілер Назарбаев Университеті Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінен Айжан Қожахметова және Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі магистратура бағдарламасының студенттері Қорлан Жұмабекова мен Нұрдәулет Кенгес әлемде бірінші болып қысқа сауалнаманың көмегімен целиакия қатерін анықтауға арналған мобильді қосымша әзірледі. Ол Android жүйесіне арналған Google Play Market-те қолжетімді.
«Қосымша пайдаланушыларға целиакия, ілеспе мән-жайлар, диагностикасы мен емдеу туралы толық ақпарат алуға мүмкіндік береді. Кіріктірілген анықтамалықта дәрігерлер, медицина орталықтары, Қазақстанның қалаларында қолжетімді глютенсіз мейрамханалар және супермаркеттер туралы пайдалы ақпарат қамтылған. Бөлімде ғылыми жаңалықтармен бірге заманауи зерттеулер туралы ақпарат жарияланатын болады», – деп әңгімеледі қосымшаны әзірлеушілер.
- TuraQshare – Нұр-Сұлтан қаласының тұрғын үй кешендерінде автомобиль қоятын бос орындарды жалға алу.
Кімдерге арналған: олар бос болған уақытта жалға беруге дайын паркинг иелеріне; өздерінің автомашиналарына орын іздеген, әсіресе автокөлік көп жүретін аумақта («Нұрсая» ТК, Министрліктер үйі және т.б) жүргізушілерге.
Жоба туралы: қосымшаның көмегімен паркингте бір сағатқа, аптаға немесе бір айға орынды жалға алуға болады. Бір айға төлем 15 мың теңге, бір сағатқа – 150, екінші және одан кейінгі сағаттарға пайдаланушылар аз төлейді. Сонымен, жалға алудың бір сағатының орташа құны – 55 теңге. TuraQshare командасы көліктің қауіпсіздігіне, оның ішінде автомобиль ұрлығының болмауына кепілдік береді. Мобильді қосымша Android және iPho-да жұмыс істейтін болады.
Қосымшаны әзірлеушілердің бірі және Назарбаев Университеті Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің түлегі Асхат Шариповтың айтуынша, жүргізілген зерттеулер әрбір бесінші паркинг иесі өзінің автотұрақ орнын жалға бергісі келетінін және бере алатынын көрсеткен.
- SHOOFTY – олар туралы мультимедиялық ақпарат, жаңалықтар және жоспарланған іс-шаралар бар объектілердің картасы.
Кімдерге арналған: туристерге, Қазақстанның және бүкіл әлемнің тұрғындарына арналған.
Жоба туралы: SHOOFTY – бұл өзіндік 2ГИС мультимедиялық нұсқа немесе Қазақстан мен әлемнің әр түрлі орындары бойынша гид. Көптеген ғимараттардың, ескерткіштердің және басқа да объектілердің NFC (жақын жанасусыз байланыс) немесе QR-кодтары бар. Оларды қосымшалардың көмегімен оқып объектінің тарихын білуге, ішінде не бар екенін, мекеменің жұмыс кестесін және онда қандай іс-шаралар жүргізілетінін көруге болады. Қосымшаны Моно Ризви және Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің студенттері әзірледі, Назарбаев Университеті жанындағы инновациялық кластердің қаржылық қолдауына ие болды және Қазақстанның кейбір объектілері қазірдің өзінде қосымшаға қосылды.
- Ақылды есептеуіш – үй тұрмыстық техникасын қашықтан басқару қосымшасы.
Кімдерге арналған: уақытын, күші мен электрді үнемдейтін адамдар үшін.
Жоба туралы: ақылды есептеуіш өтекті немесе шайнекті қашықтан өшіре алады, жылу беруді күшейте немесе өшіре алады. Назарбаев Университетінің профессоры Мехди Багери және оның студенттері қосымшаны таяудағы уақытта іске қосуды жоспарлап отыр. Жобаға қазақстандық және сондай-ақ Ирландия инвесторлары қызығушылық танытты.
- UniСlub – балалар үшін сабақтарды брондауға арналған бірыңғай платформа.
Кімдерге арналған: спортта, өнерде және т.б. өздерінің балаларын дамытатын ата-аналарға.
Жоба туралы: UniClub қосымшасы ата-аналарға балалар секциялары мен үйірмелердің тізімін, әр клуб, оқытушылар, кесте, сондай-ақ сабақтардың бірнеше түрлері үшін жазылу және бірыңғай абонемент қалыптастыру мүмкіндігін ұсынады. Бұл ата-аналарға сабақтарды таңдауға жұмсалатын уақытты қысқартуға, ал клубтарға – кластарды толтыруға көмектеседі.
«Қазіргі уақытта біз негізгі платформаны әзірлеудеміз, жаңа балалар клубтарын тартудамыз. Біз балаларға арналған 40 әр түрлі сабақтар ұсынатын, астанада жұмыс істейтін 12 клуб туралы ақпарат алуға болатын сайтты іске қостық. Сайтта өтінім қалдыру қажет, одан кейін біз бірыңғай абонементке арнап бірнеше сабақ таңдаймыз», – дейді жобаның негізін қалаушы, Назарбаев Университеті Жоғары бизнес мектебі MBA бағдарламасының студенті Сәуле Батыралиева.
Сондай-ақ жобаның командасы балалардың спорт, шығармашылық және білім беру орталықтарына балалар үшін қосымша білім беру барынша қолжетімді болу үшін серіктес болуды ұсынады.
Бір айта кететіні, NURIS Назарбаев Университетінде (Nazarbayev University Risk-taking Inspiration Synergy) инновациялық кластерде перспективалы стартаптарды бастапқы сатыларда қолдайтын және инвесторлар табуға көмектесетін бизнес-инкубатор және бизнес-акселератор бағдарламалары жұмыс істейді. Бағдарламалар Назарбаев Университетінің студенттеріне ғана емес Қазақстанның барлық идеялық тұрғындарына да қолжетімді. Ал Назарбаев Университетінің академиялық бағдарламалары инновациялық кластермен бірігіп бизнесті табысты жолға қою үшін берік ғылыми, техникалық және материалдық база ұсынады.