Назарбаев Университетінің ғалымдары Қазақстанның ауылдық мектептерінде зерттеу жұмыстарын жүргізуде
Қазақстанның ауылдық мектептеріндегі басшылар, мұғалімдер, оқушылар және олардың ата-аналары білім беру сапасы деп нені түсінеді? Ауылдық мектептерде қажетті білім сапасына қол жеткізу үшін қандай мүмкіндіктер, ресурстар мен қолдаулар қолжетімді? Ауыл мектептері қалаған білім сапасына қол жеткізуде қандай қиындықтарға тап болады? Ауылдық мектептерде қажетті білім сапасына қол жеткізуге кедергі келтіретін проблемаларды шешу үшін қандай идеялар бар?
Осы мәселелерді зерттеу үшін Қазақстан өңірлерінің іріктелген ауылдық мектептерінде аралас әдістерді қолдану арқылы зерттеу жүргізілді. Сонымен қатар, зерттеуде «ЮНИСЕФ-тің білім сапасы: оқушылардың білімі, оқу жоспары, оқу мазмұны, оқу процестері, оқу ортасы және оқу нәтижелері» (UNICEF, 2000) құжатының модификацияланған нұсқасы қолданылады.
2018 жылдан бастап Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің (ЖББМ) профессорлары ғылыми қызметкерлермен бірлесіп оқытушы-профессорлар құрамын дамытуға арналған Назарбаев Университетінің конкурстық грантымен қаржыландырылатын үш жылдық ғылыми зерттеу жүргізді. Зерттеу 2020 жылғы желтоқсанға дейін жалғасады.
«Ауыл мектептерінің оқушылары әлемнің көптеген елдерінде өздерінің қалалық құрдастарына қарағанда әлдеқайда аз ресурстарға ие болады және ұлттық деңгейде оларға әлдеқайда аз көңіл бөлінеді. Ауыл мектептерінің оқушылары өздерінің қалалық құрдастарымен салыстырғанда, орта мектепті бітіргеннен кейін жоғары оқу орындарына бірден оқуға түсе қоймайды. Бұл талантты адамдарды жиі тартуға және елден тыс жерге жібермеуге тырысатын қауымдастықтарға қолайсыз жағдайлар туғызады», – дейді ЖББМ-нің Қауымдастырылған профессоры Мир Афзал Тажик.
Зерттеудің мақсаты – ауыл мектептерінде білім беру сапасын арттыру үшін жергілікті мәдениетті ескеретін, контекстуалдық-тәуелді, тұрақты тәсілді әзірлеуге жәрдемдесу болып табылады.
Бас зерттеуші профессор Мир Афзал Тажик пен бас зерттеушінің әріптесі профессор Дуйшон Шаматовтың пікірі бойынша, егер Қазақстан өңірлері мектептерінің директорлары, директорлардың орынбасарлары, мұғалімдер, оқушылар, ата-аналар мен Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің өкілдері, лауазымды тұлғалары сияқты негізгі мүдделі тараптардың пікірлері мен тәжірибесі ескерілетін болса, мақсатқа қол жеткізуге болады.
Жартылай құрылымдалған сұхбаттар мен сауалнамалардың көмегімен мектептің әлеуетіне, оқушылардың білім деңгейіне және олардың білімге деген ынтасына, мұғалімдердің құзыретіне, ата-аналардың сенімі мен үмітіне, жаңа оқу бағдарламаларын енгізуге және технологиялардың болуына қатысты деректер жиналды. Атап айтқанда, зерттеу негізгі мүдделі тараптардың білім беру сапасына деген түсінігі мен ұмтылысын зерттеуге; ауыл мектептерінің қалаулы білім беру сапасына қол жеткізуде кездесетін проблемалар мен сын-қатерлерді анықтауға; сондай-ақ, Қазақстанда ауыл мектептері тап болатын проблемаларды шешуге және ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру жолдарын ұсынуға бағытталған.
Бұл зерттеуде қолданылатын аралас әдістерге негізделген тәсіл сандық сауалнаманы, сондай-ақ фокус-топтарда сапалы жеке сұхбаттарды және пікірталастарды өткізуді көздейді. Сандық зерттеу ауыл мектептеріндегі көптеген мұғалімдерден мәліметтер алу үшін пайдаланылады, ал сапалы сұхбат салыстырмалы шағын үлгіден терең және сипаттамалық мәліметтерді алу үшін пайдаланылады. Бұл жобаға өз үлесін қосқан ғылыми қызметкерлердің арасында Дарина Сәдуақасова, Мөлдір Абылаева, Бақыт Жұматай, Гүлден Сүйіндікова, Людмила Филлипова, Алена Каус және Сымбат Мажиков бар.
Зерттеудің алдын ала нәтижелері Бангкок қаласында, Таиланд (2018 ж.) және Нұр-Сұлтан қаласында, Қазақстан (2019 ж.) екі халықаралық конференцияда презентациялар арқылы таратылды. Зерттеу нәтижелері білім беру саясатын әзірлейтін департаменттер үшін, кейбір маңызды мәселелерді шешу үшін, сондай-ақ Қазақстанның ауылдық мектептерінде сапалы білім беру мүмкіндіктерін анықтау үшін мектеп басшылары мен тәжірибеленуші мамандар үшін пайдалы болуы мүмкін. Зерттеу нәтижесінде ауылдық мектептерде білім беру сапасын арттыру мақсатында негізгі мүдделі тараптардан жиналған эмпирикалық деректерге негізделген бірқатар ұсынымдар ұсынылатын болады.