Назарбаев Университетінің Кітапхана технологиялары мектебінде Қазақстанның кітапханашыларын оқытады
2019 жылдың 3-6 желтоқсаны аралығында Назарбаев Университетінің кітапханасында жоғары оқу орындары кітапхана қызметкерлерінің біліктілігін арттырудың төртінші семинар-тренингі – Кітапхана технологиялары мектебінде өтті. Бағдарламаның тақырыбы: «Жоғары оқу орнының заманауи кітапханасы: басқару, ресурстар, технологиялар және қызмет көрсету түрлері» бірнеше секция блоктары мен практикалық сабақтарды біріктірді:
- «Менеджердің кәсіби біліктілігін дамыту», «Ойлау дизайны»;
- «Назарбаев Университетінің репозиторийі мысалында институционалдық репозиторий құру»;
- «Ақпараттық сауаттылық. Медиа сауаттылықты қалыптастыру».
Семинарға Қазақстанның 12 қаласынан Ақтөбе, Алматы, Арқалық, Атырау, Қарағанды, Қостанай, Нұр-Сұлтан, Павлодар, Петропавл, Тараз, Талдықорған және Орал қалаларынан ЖОО кітапханаларының 35 басшылары мен мамандары қатысты.
Баяндамашылардың қатарында Назарбаев Университетінің кітапханашыларынан басқа, Clarivate Analytics компаниясының өңірлік өкілдері де болды.
Семинар-тренингке қатысушылар Қазақстан Республикасында және шетелде жоғары білім мен кітапхана ісін дамытудың қазіргі заманғы үрдістерімен, ЖОО кітапханалары қызметінің тиімділігін бағалаудың халықаралық стандарттарымен, студенттердің медиа және ақпараттық сауаттылығын қалыптастырудың халықаралық тәжірибесімен, жоғары білім мен ғылым үшін ашық ақпараттық ресурстармен, Назарбаев Университетінде инклюзивті ортаны қалыптастыру тұжырымдамасымен және құралдарымен танысу, сондай-ақ ақпараттық іздеу және ғылыми әрі толық мәтінді ақпарат базасымен жұмыс істеу дағдыларын жақсарту мүмкіндігіне ие болды.
Семинардың әр күнінің соңында қатысушылардың алған білімдерін бағалау жүргізілді.
Соңғы күні семинар-тренингке қатысушылар Назарбаев Университетінде біліктілік арттыру курстарынан өткенін растайтын сертификаттар алды.
Кітапхана технологиялары мектебі – бұл мақсаты Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханаларының басшылары мен мамандарының көшбасшылық және кәсіби құзыретін дамыту және жетілдіру, оларды жаңа идеялар ойлап табуға, заманауи, инновациялық технологиялар мен ақпараттық-кітапханалық қызмет түрлерін енгізуге ынталандыру болып табылатын оқыту орталығы. 2012 жылдан бастап Назарбаев Университетінің кітапханасы Қазақстан Республикасының жоғары оқу орындары кітапханалар қауымдастығымен бірлесіп, заманауи ақпараттық технологиялар мен кітапхана ісі саласындағы озық тәжірибелерді таратуда, түрлі форматтағы кәсіби іс-шаралар өткізуде. Алдағы оқу семинарлары мен тренингтер туралы ақпарат Қазақстан Республикасы жоғары білім беру Мекемелерінің кітапханалары қауымдастығының сайтында берілген.