НУ докторанты 5G схемасын жетілдіру үшін арнайы алгоритм әзірледі

Осы көктемде НУ тарихында алғаш рет Университеттің бірқатар докторанттары өздерінің диссертацияларын онлайн-режимде қорғады. Өзінің ғылыми жұмыстарын жаңа форматта қорғағандардың бірі – Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде Electrical and Computer Engineering мамандығы бойынша оқыған докторант Талғат Тұранбекұлы. Қазіргі уақытта ол Astana IT University-інде Web Technologies пәнінен сабақ береді.

Өзіңіздің диссертациялық жұмысыңыз туралы айтып беріңізші.

Ғылыми диссертациямның атауы “Ортогональ емес көптік қосылулардағы (NOMA) қабылдағыштардың архитектуралары мен алгоритмдері”. Онда мен 5G-да болуы мүмкін, NOMA (Non-orthogonal multiple access) жұмысын қарастырдым. Ұялы байланыспен қолданушылар саны артқан сайын, жіберілген сигналды қабылдап, керек ақпаратты ажырату мəселеге айналады. Қарапайым процессор бір уақытта қабылданған өте көп сигнал санын тез арада өңдей алмайды.

Ұялы байланыста сигналды қабылдаушы қызметті телефон (планшет т.б.) немесе базалық станция атқарады. Қазіргі таңда күрделі, мөлшері үлкен тапсырмаларды графиктік карталар арқылы шығарады. Графикалық карталар əдетте экранға бейнені шығару үшін жауап береді. Бейне күрделі болған сайын (мысалы ойындарда), графикалық карта қуатына талап артады. Ғалымдар, осы қуатты графикалық карталарды процессордың орнына үлкен есептерді шешуге пайдаланады. Сондай картаны базалық станцияда қолдануды қарастырдым. Əрі оның жұмысын жақсарту үшін, сигналды өңдеу графиктік картаға сай келу үшін арнайы архитектура мен алгоритмдерді жасадым. NOMA іске қосылғанша, кеңінен зерттеледі деген пікірім бар.

Сіздің диссертацияңыздың жұмыс барысы туралы не айтып бере аласыз?

Ғылыми жетекшім Рефик Каглар Кизилирмак – білікті маман, əрі өте еңбекқор кісі. Зерттеу барысында тəжірибелерімен бөлісті. Оқуым басталғанда тақырыпты танып, бар нəрсемен программа жаздық. Екі конференцияда жұмыс нəтижелерімізбен бөлістік. Кейін Малайзиядағы NVIDIA оқу орталығына барып, графиктік картада программа жазуды үйренуге мүмкіндік берілді. Бастапқы нəтижені де сол оқу орталығында алдық, өкінішке орай ойдағыдай болмады. Кейін қуатты NVIDIA Titan XP графиктік картасы біздің университетке де алынды. Соңғы екі жыл зерттеу жұмыстарында осы графиктік картаны қолдандық, нəтижесінде екі мақала ғылыми журналға басылды.

Диссертациямен жұмыс істеу кезінде сіз үшін негізгі қиындық пен негізгі  артықшылық неде болды? 

Зерттеу аяқталып, нəтижені алған соң, оны мақала етіп əзірлеу мен үшін ең қиын болатын. Онда академиялық ағылшын тілі қолданылады. Сымсыз байланыс мен үшін жаңа сала болды жəне де ғылыми мақала жазып үйрену біраз уақыт алды. Алайда, программа жазу тəжірибем, эксперимент пен симуляциялар жасауды оңайлатты.

Сіздің ойыңызша, бірінші кезекте диссертация жұмысына кірісетін докторанттар нелерге назар аударулары қажет?

Зерттеудің талаптарын анықтау, қажет нəрселері саймандары, лабораториясы   университетте бар ма екенін алдын-ала білу. Əрі ғылыми жетекшіні мұқият таңдау.

2020 жылғы 14 маусымда Назарбаев Университетінде түлектерге диплом тапсырудың виртуалды рәсімі өтті. 2020 жылғы Салтанатты рәсім ерекше болып табылады, өйткені биыл Назарбаев Университеті өзінің он жылдық мерейтойын атап өтуде және COVID-19 пандемиясына байланысты Салтанатты рәсім алғаш рет цифрлық форматта ұйымдастырылды. Биыл Университетті 1051 студент бітірді, оның ішінде 618 бакалавриат, 433 магистратура және докторантура бағдарламаларының түлектері. Бакалавриат бағдарламаларын Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің 345 студенті, сондай-ақ Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 273 студенті аяқтады. Магистратура бағдарламаларын Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде – 92 студент, Жоғары білім беру мектебінде – 81, Жоғары бизнес мектебінде – 79, Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде – 56; Медицина мектебінде – 38, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде – 35,  Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінде – 15 студент аяқтады. Биылғы жылы Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебі 9 PhD докторын, ал Медицина мектебі Медицина докторы (MD) мамандығы бойынша 28 студентті оқытып шығарды.