НУ Хамад бин Халифа Университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды
Назарбаев Университеті Катардың жетекші жоғары оқу орны – Хамад бин Халифа университетімен ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды. Үкіметаралық комиссия жұмысы аясындағы екі ел арасындағы білім және мәдени байланыстарды дамытуды қолдау туралы келіссөздер 2020 жылы басталған болатын. Тараптар екі университет арасындағы ынтымақтастықтың академиялық және ғылыми-зерттеу қызметін қолдау, өзара қызығушылық тудыратын бірлескен ғылыми жобалар, студенттер және оқытушылармен алмасу сияқты негізгі бағыттарын, сондай-ақ даму үшін басқа да перспективті бағыттарды анықтады.
Хамад Бин Халифа университеті – 2010 жылы құрылған және Катар астанасы Доха қаласындағы білім беру хабында орналасқан, НУ сияқты жас университет. Ол Катардың бұрынғы әмірі шейх Хамад бин Халифа Аль Танидің атымен аталды. Университет ақпараттық және есептеу технологиялары, өмір туралы ғылымдар, тұрақты даму, исламтану, исламдық қаржыландыру, Таяу Шығысты зерттеу, аударма ісі және құқық сияқты салаларда бірнеше ғылыми-зерттеу бағытындағы магистратура бағдарламаларын ұсынады.