NU Step to PhD: Андас Амрин PhD in Science, Engineering, and Technology бағдарламасының түлегі
NU Step to PhD айдарындағы біздің кезекті қонағымыз – Андас Амрин, PhD in Science, Engineering, and Technology бағдарламасының түлегі, NU SEDS. Бұған дейін Шанхайдағы Ғылым және Технология Университетінде магистр дәрежесін және Қазақстан Ұлттық Техникалық Университетінде бакалавр дәрежесін алған болатын. Қазіргі уақытта Андас NU SEDS -та ғылыми қызметкері болып жұмыс істейді және ғарыштық технологиялар мен машина жасау саласында зерттеулер жүргізуде.
Докторлық зерттеуіңіз туралы айтып беріңізші
Докторлық жұмысымда инженерлік жүйелер мен процестерді жобалауды автоматтандырумен айналыстым. Диссертациямның басты мақсаты инженерлік жүйелер мен процестерді талдауды автоматтандыру үшін, семантикалық негіз ретінде қолданылатын әдістемені әзірлеу болды. Әдістеменің негізі ретінде жетекшім, профессор Христос Спитамның Идеялар Алгебрасы деп аталатын теориясын алдым. Профессор НУ-ға дейін әлемдегі ең жақсы техникалық университеттердің бірі – Delft University of Technology-де сабақ берген. Өз ісінің маманы, кәсіби профессормен жұмыс істегеніме өте қуаныштымын.
Сіздің жұмысыңыздың қолданбалы мәні неде?
Докторлық зерттеуім барысында әртүрлі конфигурациядағы беріліс қораптарын жобалау үшін қолданылатын әдістеме жасалды. Бұл әдіс жүйенің тиімділігін арттыруға және жобалау процестеріне кететін уақытты азайтуға көмектесті. Сондай-ақ, мен ойлап тапқан бағдарлама автомобильдердің сенімділігін талдау үшін қолданылды. Зерттеу жасау үшін машина компоненттерінің тізімінен желі құрайтын арнайы бағдарлама әзірленді. Өзекті зерттеу үшін Ұлыбританияның сенімділік индексінің дерекқоры Reliability Index-тен алынған нақты статистика қолданылды. Практикалық тұрғыдан алғанда, менің әдістемем кез келген жүйенің инженерлік дизайнына қолданылады.
Диссертацияңыздағы жұмыс барысы туралы не айта аласыз?
Бастапқыда мен ақпараттық технологиялар саласында білім алдым, ал докторлық зерттеуім үшін машина жасау мен ақпараттық технологияларды байланыстыратын салада тақырыпты таңдадым. Бастапқыда бұл салаға көшу қиын болды, бірақ супервайзердің қолдауының арқасында диссертация тақырыбына тез бейімделіп, жарияланымдармен жұмыс істей бастадым.
Диссертацияммен жұмыс жасау барысында қиындықтарға тап болдым.Олардың бірі – импакт-факторы жоғары журналдарда мақалалар жариялау. Сонымен қатар, докторантура кезінде Ванкуверде (Канада) өткен инженерлік жобалау саласындағы үздік конференциялардың бірінде өз жұмысымды көрсеттім. Бұл сапар осы саладағы басқа ғалымдардың жұмыстарын көруге және олармен жақынырақ танысуға мүмкіндік берді.
Докторантурада оқу жылдары кезінде мен ғылыми және өнеркәсіптік салалардағы көптеген адамдармен таныстым. Бұл бағдарлама өзімді-өзім таныстыру және әртүрлі аудиториямен қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға көмектесті. Академиялық өмірден басқа, университет маған студенттік өмірді қызықтауға мүмкіндік берді. Мысалы, өмірімде алғаш рет Вена балында дебютант болдым. Бұл оқиға өмір бойы есте қалады қалатыны сөзсіз! Өмірдегі осындай сәттер үшін Назарбаев Университетіне ризамын. Шынында да,еселі еңбек ету үшін жақсы академиялық жағдай ғана емес, сонымен қатар қызықты студенттік атмосфера да қажет, ол арқылы өмірлік тепе-теңдік болады.
Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып өтсеңіз?
Қазір менің жетекшіммен бірге машина жасау және материалтану саласындағы түрлі жобалар бойынша жұмысты жасауды жалғастырамын. Әзірге НУ-да жұмыс істеуді жоспарлап отырмын. Мүмкін, біраз уақыттан кейін шетелде академиялық салада тәжірибе жинақтау және байланыстарды нығайту үшін постдокторантурада жұмыс істеуге болатын шығар. Сонымен қатар, біздің идеяларымыз бен әзірлемелерімізді коммерцияландыру бойынша жоспарларым бар.
Болашақ докторанттарға қандай тілек айтар едіңіз?
Докторантура ғылыми ортада белгілі бір білім мен дағдыларды алғысы келетін адамның өміріндегі өте маңызды және күрделі кезеңі болып табылады. Егер сіз осы жолды соңына дейін өтем, докторлық дәрежеге жетем десеңіз, онда басты мотивация диплом алу емес, білім алу процесі болуы керек. Сондықтан, докторлық бағдарламаны сәтті өту үшін шыдамдылық пен табандылық қажет. Мақсаттарыңызға жетуге көмектесетін жақсы, ынталы және озық жетекшіні табуды тілеймін.