NU Step to PhD: Жәнібек Арынов, NU GSPP постдокторанты

NU Step to PhD айдарындағы біздің кезекті қонағымыз – Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің постдоктаранты Жәнібек Арынов. Жәнібек Ұлыбританиядағы Сент-Эндрюс университетінде халықаралық қатынастар саласында философия докторы дәрежесін алған. Оның ғылыми қызығушылығына Орталық Азиядағы геосаясат, Қазақстанның сыртқы саясаты, Еуропалық Одақ – Орталық Азия қарым-қатынастары; халықаралық сәйкестік (identity) және имидж жайлы зерттеулер секілді тақырыптар кіреді. Ол Жоғары мемлекеттік саясат мектебінде 2019 жылдың шілдесінен бастап қызмет атқарады.

 

Біліміңіз бен кәсіби тәжірибеңіз туралы айтып беріңізші

Мен халықаралық қатынастар мамандығы бойынша білім алдым. Көптеген жастар сияқты халықаралық қатынастар факультетін бітіргеннен кейін дипломат боламын деген сеніммен жүрдім. Осы балалық ниетпен 2008-2012 жылдары Алматыдағы Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде оқып шықтым. Бірақ дипломат болу халықаралық қатынастар факультетінің түлектері үшін жалғыз, тіпті негізгі жол емес екенін тез түсіндім. Бакалавриаттағы оқуымды аяқтаған соң Алматыдағы Ұлттық зерттеулер институтында кіші ғылыми қызметкер болып, ғылыми ортамен алғаш араласа бастадым. Бұл тәжірибе мені PhD дәрежесін алуға итермеледі. Ақырында Ұлыбританиядағы Сент-Эндрюс университетінде халықаралық қатынастар мамандығы бойынша докторлық дәрежесін алдым.

 

Өзіңіздің докторлық зерттеуіңіз туралы айтып беріңізші

Докторлық жұмысым Еуропалық Одақ (ЕО) және Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынастарды зерттеуге арналған. Бұл тақырыпты таңдауыма екі себеп болды.

Біріншіден, студент кезімізде Орталық Азиядағы «Жаңа үлкен ойын» туралы кітаптар мен мақалаларды оқып өстік. Онда Орталық Азияның стратегиялық орналасуы мен бай табиғи ресурстары атап өтіліп, өңір Еуразия құрлығының «жүрегі» деп меңзелді және державалардың осы өңірге ықпал ету үшін бәсекелесуі туралы көп сөз қозғалды. Ғылыми жұмыстарнегізінен АҚШ, Ресей және Қытай саясатына көңіл аударып, ЕО-ның аймақтағы саясатын аса қарастырған жоқ болатын. Өз басым ЕО-ның Орталық Азиядағы қызметін зерттеуге құмар болдым. Бұл таңдауымның субъективті себебі де бар шығар.

Екіншіден, «Жаңа үлкен ойынның» түсіндірмесі, негізінен, сыртқы державалардың ұстанымына, олардың аймақтағы мақсаттары мен іс-әрекеттеріне арналған болатын. Орталық Азия тек «ойындағы пешкалар» ретінде қарастырылып, өңірдегі елдердің көзқарасына тиісті көңіл бөлінген жоқ. Менің мақсатым ЕО және Орталық Азия елдері арасындағы қарым-қатынасты Орталық Азия елдерінің көзқарасы тұрғысынан зерттеу болды. Осы тұрғыда докторлық диссертацияның мақсаттарының бірі өткен онжылдықтарда кең таралған «Жаңа үлкен ойын» нарративінің кемшіліктерін көрсету болды.

 

Сіздің жұмысыңыздың қолданбалы мәні неде?

Халықаралық қатынастар – бұл әрқашанда екіжақты қозғалыс. Акторлардың бір-бірін қалай қабылдайтыны және бір-бірінің ниетін қалай түсінетіндігі екіжақты қарым-қатынасты дамыту үшін өте маңызды. Жұмысымның қолданбалы құндылығы – ЕО және Орталық Азия елдерінің өзара қарым-қатынастарына қатысты көзқарастарының ұқсас және әртүрлі жақтарын көрсетуінде. Тараптардың көзқарастары әрқашан сәйкес келе бермейді. Мысалы, нормаларды насихаттау мәселелерінде көзқарастар алшақтығы байқалады. Диссертацияның эмпирикалық тұжырымдары негізінде ЕО тарапына бірнеше ұсыныстар жіберілді.

 

Диссертацияңыз бойынша жұмыс барысы туралы не айта аласыз?

Докторлық диссертацияны жазу – ұзақ және қиын үрдіс. Ол күш-жігерді, табандылықты, сенімділікті, адамдармен қатынасуды, дипломатиялық дағдыларды, тақырыпқа қызығушылықты, толқуды, сонымен қатар көп кофеинді қажет етеді. Бұл әрқашан екіжақты процесс, оның сәтті жақтары сәтсіздіктермен қатар жүреді. Ең бастысы – әрқашан қозғалыста болу. Осы қозғалыстың нәтижесінде сіз соңғы түйінге келесіз.

 

Болашақ жоспарларыңыз қандай?

Басты жоспарым – болашақта зерттеуші, ұстаз ретінде өсіп-өңіп, танымал ғалым болу. Қазіргі уақытта ғылыми қызығушылықтарымды кеңейту үстіндемін. Мен ЕО-Орталық Азия қарым-қатынасынан, тіпті Орталық Азия аймағынан шығуды жоспарлап отырмын. Алдағы жылдарда еларалық және өңіраралық салыстырмалы зерттеулерге көңіл бөлуді көздеп отырмын.

 

Болашақ докторанттарға не тілейсіз?

Біріншіден, PhD оқуына түсу үшін ойланып, салмақтап шешім қабылдау керек. Екіншіден, менің жеке пікірімше, докторантурада тақырыптан гөрі процестің маңызы зор. Әрине, өзіңізді қызықтыратын тақырыпты таңдасаңыз, зерттеу процесі жеңіл әрі қызықты өтеді. Дегенмен, тақырып докторлық жұмыстың ең маңызды аспектісі деп ойламаймын. ЕО мен Орталық Азия арасындағы қарым-қатынас болсын, құмырсқалар мен аралар арасындағы қарым-қатынас болсын, зерттеу үшін кез келген тақырыпты таңдауғы болады. Мен үшін тақырыптан гөрі, зерттеуді дербес жүргізуді үйренген маңыздырақ болып көрінеді. Үшіншіден, докторлық жұмысты жазған кезде әртүрлі өзге ғалымдармен, әріптестермен танысу, қарым-қатынас орнату мүмкіндігі пайда болады. Ғылыми топтар арасында орнатылған коммуникациялардың болашақта көмегі өте зор. Бұл мүмкіндікті басынан бастап пайдаланған жөн.