НУ студенті мұнай өндіруді ұлғайтудың инновациялық жобасын әзірледі

Тау-кен ісі және Жер туралы ғылымдар мектебінің студент-магистранты Дамир Кәрімов Ресей Мұнайгаз технологиялық конференциясы шеңберінде өткен студенттік жұмыстардың жыл сайынғы Ресей және Каспий өңірі SPE өңірлік конкурсында “Қабаттарды полимерлі суландырумен әлеуетті бірлесіп пайдалану үшін төмен минералдандырылған су құрамын оңтайландыру” тақырыбындағы жұмысымен 1 орынды иеленді. Баяндамада мұнай өндіруді молайту үшін әр түрлі екі әдісті біріктірудің тиімділігі қаралған. 

“Менің жұмысым Қазақстанның мұнай кені орындарында  тұзы аз су мен полимерлі суландыруды біріктіру әсерін зерттеуге негізделген. Эксперименттер арқылы мен Каспий теңізі суларындағы белсенді элементтердің оңтайлы шоғырлануын анықтадым, ол мұнай өндіруді әлеуетті ұлғайту үшін полимерлі суландырудың тиімділігін арттыра алады”, – деді Дамир өз жобасы туралы.    

Енді Дамирдің 2020 жылы өтетін студенттік жұмыстардың Жыл сайынғы техникалық конференциясы халықаралық конкурсында және Колорадо штатының Денвердегі SPE көрмесінде Қазақстан мен Назарбаев Университетінің атынан  өкілдік ету мүмкіндігі болады. 

“Менің болашақ жоспарларым Қазақстанда мұнай саласының дамуымен тығыз байланысты. Сондықтан мен біздің мемлекетіміз бен мұнай-химия компаниялары жас мамандардың, әсіресе мұнай-газ саласында, дамуына одан әрі ықпал ететін болады деп үміттенемін. Назарбаев Университеті әлемдік деңгейдегі мамандардан білім алуға және заманауи зертханаларда зерттеулер жүргізуге тамаша мүмкіндік береді. Менің ойымша, бүгінгі таңда мұнай – газ компанияларының біздің университетімізбен ынтымақтастығын дамытуға үлкен мүмкіндіктер бар”, – деп атап  көрсетті ол. 

Жас зерттеушінің сөзіне қарағанда, жоба бойынша табысты жұмыс Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің профессорлары Мұхаммед Рехан Хашмет пен Пейман Пурафшаридің басшылығы мен ақыл-кеңестерінің және қолдауының арқасында мүмкін болды.