НУ студенттері командасының жасыл және таза технологиялар саласындағы халықаралық конкурстағы жеңісі
Айдана Төлешова мен Дәулет Айтымбаев бастаған Назарбаев Университеті студенттерінің командасы Амстердамдағы ClimateLaunchpad халықаралық байқауының Гранд финалында Theme awards – Slean mobility номинациясында жеңіске жетті. Байқауға қатысу үшін балалар сутегі отынында жұмыс істейтін автокөліктерге арналған арнайы наноматериалдарды жасайтын HydroPlat жобасын ұсынды.
HydroPlat жобасы сутегі автомобильдеріндегі платинаны алмастыратын пайдалы наноматериалдарды өндіру арқылы қоршаған ортаны улы қалдықтардан қорғауға бағытталған. Атап айтқанда, ол күкіртті сутекті сіңіруге, сутекті газға айналдырып, наноматериалды алу үшін оны сұйытуға қабілетті генетикалық түрлендірілген цианобактерияларды пайдалануды көздейді.
Hydroplat командасы осы номинациядағы жеңісі үшін 5000 евро көлеміндегі Грантты, олардың жобасы ұсынылатын SET Tech Festival-ға тегін билетті, сондай-ақ Berlin Energy Transition Dialogue-ке шақыруды жүлде ретінде алды. Студенттер жобаның жүзеге асуына қолдау көрсеткені үшін профессор Dr Abdulla Mahboob-қа алғыс білдіреді.
Естеріңізге сала кетейік, Green Campus және Astana Business Campus офисі Climate Laucnhpad-тің ұлттық әріптестері болып табылады. Биылғы жылы байқауға қатысу үшін Қазақстанның түкпір-түкпірінен 80-нен астам өтінім келіп түсті, оның ішінде жартылай финалға экология және қоршаған ортаны қорғау саласында әртүрлі идеяларды ұсынған 12 команда өтті. Командалар Ақтөбе, Алматы, Көкшетау, Қарағанды, Өскемен, Талдықорған қалаларынан келген.
Нәтижесінде жасыл және таза технологиялар саласындағы таланттарды іздеу мен қолдауға бағытталған Climate Launchpad халықаралық конкурсының ұлттық финалында екі команда жеңіске жетті – Hydroplat және dECO, олар кейіннен Нидерландтағы конкурстың Гранд финалына қатысты.
Қазақстаннан келген екі команда сенімді және лайықты өнер көрсетті, әлемнің түкпір-түкпірінен келген көрермендердің назарына бөленіп, олардың қолдауы мен қошеметіне ие болды. Осы байқауға қатысқан барлық командалардың қоғамдағы экологиялық мәселелерді шешуге және халықтың экологиялық мәдениетін қалыптастыруға бағытталғанын ескере отырып, барлық командаларды жеңіске жеткендер деп санауға болады, өйткені олардың барлығы әлемдегі экологиялық қауіпсіздік пен экологиялық тепе-теңдікті арттыруға өз үлестерін қосады.
Осы жобамен команда жыл сайын Бостон қаласында (Массачусетс, АҚШ) өткізілетін International Genetically Engineered Machine (iGEM) конкурсына да қатысты. Бұл синтетикалық биология саласындағы ең ірі халықаралық конкурс, оған бүкіл әлемнің алты мыңнан астам студенттері мен оқытушылары қатысады. Назарбаев Университетінің студенттері 2017 және 2018 жылдары екі рет iGEM алтын медалін жеңіп алды. Биыл балалар қола медалге ие болып, олардың жобалары конкурста ұсынылған таңдаулы энергетикалық жобалар қатарына енді. Әзірлеушілер командасында 21 адам бар, олардың бәрі НУ жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар, инженерия және цифрлық ғылымдар мектептерінің 2-3 курс студенттері.