НУ түлектері: Мен “Казцинкте” жұмыс істеймін
Біз түлектерімізбен және олардың жұмыс берушілерімен сұхбат жүргізуді жалғастырамыз. Бұл сұхбатта біз Қазақстанның түсті металлургия көшбасшыларының бірі – “Қазцинк” компаниясының жұмысшыларымен әңгімелестік. “Қазцинк” – мырыш, қорғасын, мыс және бағалы металдарды ірі өндіруші, жоғары сапалы өнім өндіруге ғана емес, сонымен қатар корпоративтік меценаттықпен көп айналысатын және экологияға қамқорлықпен қарайтын елдің экономикалық нарығының маңызды ойыншысы.
“Қазцинк” басшылығы өз басымдықтары қатарында персоналды жан-жақты дамыту мен қолдауды, жұмыс процестеріне жаңа технологияларды енгізуді, сондай-ақ қоршаған ортаны сақтауды атайды.
Бұл сұхбаттың кейіпкерлері – “Қазцинк” тау-кен металлургия компаниясының қызметкерлері. Андрей Лазарев – “Қазцинк” ЖШС-ның әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры. НУ Тау-кен ісі және жер туралы ғылымдар мектебінің түлектері Бақытжан Өсербай, Мейірхан Жәлел және Айбек Әліпов. Және олардың желілік басшылары: Ерасыл Уәлиханов, ЖШС тау-кен жұмыстарын жоспарлау қызметінің бастығы; Павел Заичкин, ЖШС орындалған тау-кен жұмыстарын жоспарлау, жай-күйіне мониторинг жүргізу және оларды есепке алу қызметінің бастығы; Әлжан Торыбаев, РКБК РСК тау-кен жоспарлау жөніндегі менеджері.
Андрей Павлович Лазарев, әкімшілік мәселелер жөніндегі атқарушы директоры.
Андрей Павлович, Сіздің компанияңыздың табысты қызметкері кім? “Қазцинк” компаниясында кәсіби табысқа жету үшін қандай қасиеттер маңызды?
– Бұл тұрғыда “Қазцинк” басқа компаниялардан түбегейлі ерекшеленеді деп ойламаймын. Рецепт қарапайым – мақсатты, “бәрібір” демейтін, мансап құрып, өзін және компанияны жақсартқысы келетіндер қолдау табады.
Дайын ұсыныстармен келген көптеген студенттерді біз бірден “байқаймыз” және бұл біздің командамыздағы алғашқы сәтті қадам. Жас мамандардың жаңа көзқарасы біздің процестерімізді жеңілдетуге, тиімдірек және қауіпсіз етуге көмектеседі.
Компанияның HR-мәдениеті “Казмырыштың”дамуына жаңа серпін беретін адамдарды байқауға және олардың өсуіне көмектесуге бағытталған. Жас және болашағы бар балаларға біз әртүрлі мүмкіндіктер мен құралдарды ұсынамыз. Мысалы, резерв бағдарламасы, олар шеберлерді, учаскелердің, бөлімдер мен басқармалардың басшыларын алмастыра отырып, өздерін көрсете алады.
Сіз компанияның мәдениетін қалай сипаттайсыз?
– “Қазцинктың” ерекшеліктерінің бірі және артықшылығы – икемділік. Әлемде 18 түрлі металл өндіруге қабілетті компаниялар бірлі-екілі. “Қазцинк” өнімнің жаңа атауын өндіруге тез арада бейімделіп, басымдықтарды немесе ұйымдық құрылымды өзгерте алады. Көптеген басқа ұйымдар сыртқы жағдайлардың өзгеруіне төтеп бере алмайды, сондықтан болар, біз карантиндік жұмыс режимін де айтарлықтай шығынсыз еңсердік. Даму және өзгерістер – біздің команданың ДНҚ-сында. Және әлеуетті Қазцинктықтар бұған дайын болулары керек, өйткені бізде ширақ, өршіл, шыныққан мінезді адамдар жұмыс істейді.
Сынақ мерзімі ішінде жаңа қызметкерден қандай нәтижелер күтесіз?
– Егер Назарбаев Университетінің түлектері туралы айтатын болсақ, біз мұнда еліміздің түкпір-түкпірінен келген үздік балалар, үздік оқытушылар ең заманауи технологияларды меңгеріп жатқанын түсінеміз. Біз түлектердің алған теориялық білімдерін практикада табысты қолдануын күтеміз. Яғни, жаңа қызметкер өзін-өзі көрсетуге тырысады – оқуды енді практикада жалғастыра береді, сұрақтар қойып, шешімдерін ұсынады. Сынақ мерзіміне бөлінген үш ай өте тез өтетінін атап айтқым келеді. Біз, әдетте, жас маманға бір жыл бойы қараймыз.
Міндеттерді атқарып, алға жылжу үшін қандай қасиеттер қажет?
– Әрине, біз белсенділік, мақсаттылық және табандылық танытқандарға ризамыз. Әдетте, бұл бір нәрсені жақсы жаққа өзгерткісі келетін адамдар. Егер адамда көшбасшылық қасиеттер болса, онда компания оларды дамытуға көмектеседі.
Бүгінгі жастар өздерін көрсетуге тырысады, бірақ мұнда “әрекет үшін әрекет ету” немесе “нәтижеге әрекет ету” арасындағы тепе-теңдікті табу керек.
Кеңес мынадай: жұмыс берушінің жағынан қараңыз және өзіңізге сұрақ қойыңыз: “сіз өз командасында қандай қызметкерді көргіңіз келеді?»
Ерасыл Уәлиханов, “Қазцинк” ЖШС тау-кен жұмыстарын жоспарлау қызметінің бастығы, Бақытжан Өсербайдың тікелей басшысы.
Компания студенттермен, түлектермен және жаңа қызметкерлермен қалай жұмыс істейді?
– Студенттер мен түлектер – біз үшін құндылық. “Қазцинк” техникалық мамандарды даярлайтын университеттермен белсенді ынтымақтастық жасайды. Мен өзім 10 жыл бұрын осы бағдарламалардың бірінің арқасында командаға келдім.
Біз жыл сайын әртүрлі оқу орындарының жүздеген студенттерін өндірістік практикаға қабылдаймыз. Практиканттармен тәжірибемізбен бөлісеміз және олардан өндірісті жаңа қырынан көруді үйренеміз. Бізде болғаннан кейін көптеген студенттер диплом алғаннан кейін командаға қайтып келгісі келеді.
“Қазцинк” жаңа мамандарды әрдайым жылы қарсы алады, олардың бейімделуіне көмектеседі. Бізде жаңадан қабылданған жұмыскерлер үшін бейімдеу мен тәлімгерліктің тиімді бағдарламасы бар.
Міндеттерді атқарып, алға жылжу үшін қандай дағдылар мен қабілеттер қажет?
– Қазір тау-кен өндірісі үшін арнайы бағдарламалық қамтамасыз етуді пайдалана білу өте өзекті. Мен өз жұмыскерлерімнің алдына дәл осы міндетті қоямын.
Кәсіби дағдылар мен тәртіптен басқа, ұжым ішінде өзара қарым-қатынас жасау керек. Маңызды жұмыс мәселелерін біз бірге шешеміз. Жақсы команда ойыншысы болу – мансаптық өсудің басты қасиеті.
Павел Заичкин, орындалған тау-кен жұмыстарын жоспарлау, жай-күйін мониторингтеу, есепке алу қызметінің бастығы, Мейірхан Жәлелдің желілік жетекшісі.
Міндеттерді атқарып, алға жылжу үшін қандай қасиеттер қажет?
– Өндіріс процесі әрқашан мәселелерді шешумен және оңтайлы шешімдерді табумен байланысты. Ешқандай нұсқаулық жұмыс әрекеттеріндегі барлық болуы мүмкін жағдайларды сипаттамайды. Сондықтан сабырлық, ұстамдылық және өз білімі мен басқа мамандардың пікіріне сүйене отырып, жағдайдың өзгеруіне тез әрекет ету қабілеті күрделі мәселелерді шешуге және алға қарай жылжуға мүмкіндік береді.
Табысқа жету – бұл, ең алдымен, мамандар мен пікірлестер командасының үйлесімді жұмысы.
Әлжан Торыбаев, “Қазцинк” ЖШС РКБК РСК тау-кен жоспарлау жөніндегі менеджері, Айбек Әліповтің желілік жетекшісі.
Сізде қандай жұмысшылар жетістікке жетеді?
– Оқу орындарында алған білім базасы негізгі болып табылатынын бәріміз жақсы түсінеміз. Теориялық білім, “тез үйрену қабілеті”, инженерлік ойлау қабілеті және еңбекқорлық – бұл, менің ойымша, кез-келген жас маманның жетістікке жетуіндегі негізгі қасиеттері. Әрбір жұмыскер өзінің еңбек қызметінің бастапқы кезеңдерінде өзінің түпкілікті мақсатын түсінуі маңызды, өйткені мақсатсыз, бағыт ала алмаймыз.
Бақытжан Өсербай, Риддердегі бөлімшесі – Риддер кен байыту кешенінің Долинный кенішінде кен жұмыстарын жоспарлау жөніндегі жетекші маман.
Оқу бітіру кезінде қандай жоспарларыңыз болды және олар сіздің мансабыңызға сәйкес келді ме?
– Менің мамандығым – геомеханика, дипломдық жұмысым осы тақырыпта жазылған, мен бастапқыда мамандығым бойынша жұмыс істегім келді. Алайда, көру қабілетіне қойылатын талаптар жоғары болғандықтан, геомеханикадан бас тартуға тура келді, мен жоспарлаушы болып жұмысқа тұрдым. Уақыт өте келе көруге байланысты проблемам шешілді, бірақ мен жоспарлауды көбірек ұнататынымды түсіндім, өсуге мүмкіндіктер бар екенін көрдім және қалуға бел будым.
Бүгінгі таңда геомеханика бойынша білімім маған артықшылық береді. Менің ой-өрісім кең және бұл жақсы жоспарлаушы болуға көмектеседі. Мен әзірлеудің кезектілігін түсінемін, қауіп-қатерді болжаймын, кәсіби тұрғыда баға беремін.
Университет сізге өз-өзіңізді кәсіби жетілдіруде қандай рөл атқарды?
– Университетте оқу маған бүгінгі жұмысымның негізі болып табылатын, өте пайдалы, айналада болып жатқан оқиғаларды егжей-тегжейлі талдау қабілетімді дамытуға көмектесті. Мәселені әр түрлі жағынан сыни тұрғыдан ойлау және көру барлық салдарды алдын-ала болжауға және олардың әрекеттерін бірнеше қадам алға бағыттауға көмектеседі.
Сіздің ойыңызша, мамандық бойынша жұмысқа орналасу үшін студент (болашақ түлек) қандай қасиеттерге ие болуы керек?
– Менің ойымша, қызығушылық өмірдің кез келген кезеңінде көмектеседі. Оқу диплом алумен бірге аяқталмайды, бұл үздіксіз процесс. Ал түлек барлық жаңалықтарға ашық болуы тиіс, өйткені Қазақстандағы тау-кен индустриясы қазір барлық процестерді цифрландыру және автоматтандыру жағына өтіп жатыр. Жұмысқа кіріспес бұрын да, әр студентке автоматтандыруды және онымен байланысты барлық нәрсені зерттеуге назар аударуға кеңес берер едім. Бұл білім болашақ кеншіге сөзсіз артықшылық береді.
Сіздің дүниетанымыңызды айтарлықтай өзгерткен университет пен жоғары оқу орнынан кейінгі өмірде есте қаларлық эпизодтар болды ма?
– Ең есте қаларлық сәт – өндірістік практика кезінде шахтаға бірінші рет түсу. Студент ретінде сізде жер астында бәрі қалай жұмыс істейтіні туралы толық түсінік болмайды. Шахтада бірінші рет болғанда, мен өз саламда екенімді бірден түсіндім.
Мейірхан Жәлел, РКБК Тишин кеніші Кен жұмыстарын жоспарлау қызметінің кендік жоспарлау жөніндегі жетекші маманы.
Сіздің ойыңызша, технологиялар мен нарықтың дамуын ескере отырып, алдағы 5-10 жылда қандай мамандықтарға сұраныс артады?
– Тау-кен индустриясында робот техникасы білімі бар мамандар сұранысқа ие болады деп ойлаймын. Себебі өндірістің осындай күрделі түрінде олар жер астында жұмыс істеген кезде барлық процестерді қашықтан басқару үшін, ең алдымен, адамдардың қауіпсіздігі маңызды.
Университет сізге өз-өзіңізді кәсіби жетілдіруде қандай рөл атқарды?
– Университет білімнен басқа әртүрлі компаниялардың өкілдерімен қарым-қатынас жасауға мүмкіндік берді. Университетте бос орындар жәрмеңкесі ұйымдастырылды. Яғни, университеттің арқасында жұмыс берушілер бізге өздері келді.
Сіздің ойыңызша, университетті бітірген студенттер неге ерекше назар аударуы керек?
– Оқу кезінде практикалық білім алуға, мүмкіндіктер көп жерлерге практикаға баруға, өз біліміңді қолдануға және сен дамығың келетін бағытты жақсы түсінуге тырысу керек деп санаймын. Жұмысқа орналаспас бұрын сіз компанияның беделіне назар аударуыңыз керек, жұмыс істеген алғашқы жылдары қандай тәжірибе алуға болатындығын білу үшін сол жерде жұмыс істейтін түлектермен сөйлесуіңіз керек.
Айбек Әліпов, Риддер кен байыту кешенінің Риддер-Сокольный кенішінде массив жай-күйіне мониторинг жүргізу тобының геомеханигі болып жұмыс істейді.
Сіздің ойыңызша, технологиялар мен нарықтың дамуын ескере отырып, алдағы 5-10 жылда университеттің қандай мамандықтарына сұраныс артады?
– Инженерлер әрқашан сұранысқа ие болған және болады. Тау-кен өндіру саласындағы екпінді дамып келе жатқан трендті, Қазақстанда жаңа технологиялар мен әлемдік тәжірибені қолдануды, сондай-ақ біздің еліміздің мол табиғи қорларын ескере отырып, осы салаға байланысты мамандықтар салада танымал болады деп батыл айтуға болады. Сондай-ақ, жасанды интеллект пен баламалы энергия көздерін жасауға баса назар аударылады деп санаймын.
Университет сізге өз-өзіңізді кәсіби жетілдіруде қандай рөл атқарды?
– Ең жаңа жабдықтар, шетелдік жоғары оқу орындарының үздік бағдарламалары, бүкіл әлемнен үздік профессорлар, барлық жайлылығымен үлкен кампус және т.б. Әрине, осының бәрі менің кәсіби өз-өзімді жетілдіруде маңызды рөл атқарды. Бірақ университет маған берген ең маңызды факторлардың бірі – бейімделу және тез үйрену екенін атап айтқым келеді. Сондықтан ең қажетті іргетасты жоғары оқу орны қалағанын мақтанышпен айта аламын.
Сіздің ойыңызша, университетті бітірген студенттер неге ерекше назар аударуы керек?
– Ең алдымен студенттер өздерінің келешектегі перспективалары мен болашағына қарауы керек. Мансапты бастағанда тәжірибе жинап, өз саласының маманы болу керек, сұраудан, талқылаудан қорықпау керек. Сонда олар сұранысқа ие болады.
Оқуды жалғастыру