НУ кампусында бадам аллеясы отырғызылды

НУ Кампусының аумағында 80 жаңа бадам ағашының көшеттері пайда болды. Енді әр көктемде бадам ағаштары кампустың барлық тұрғындары мен қонақтарын өзінің керемет гүлдерімен және жағымды хош иісімен қуантатын болады. Бадам ағашы аязға төзімділігімен танымал, сонымен қатар ол топырақ эрозиясымен күресуге көмектеседі.

Ағаштарды отырғызу 1 қазанда өткен бүкілқазақстандық «Ұлттық орман отырғызу күні» акциясына орайластырылды. Көшеттерді Қазақстанның Даму Банкінің қолдауымен Жер Қоры Назарбаев Университетіне сыйға тартты.

Ағаш отырғызуға ҚДБ Басқарушы директоры-Басқарма мүшесі Әсет Шәріпов, «Назарбаев Университеті» ДБҰ Президентінің кеңесшісі Қанат Байғарин, сондай-ақ «Тұрақты даму» Жер Қорының, Нұр-Сұлтан қаласының Азаматтық бастамалар орталығының, Камед қоғамдық қорының, Strategy2050.kz ақпараттық агенттігінің, «Ұлттық еріктілер желісі» ЗТБ өкілдері және Green Campus Офисінің  қызметкерлері қатысты.

Акция Қазақстанда алтыншы жыл қатарынан өткізіліп келеді, ол өз қамқорлығымен қоршаған ортаны қорғау және тұрақты даму проблемасына алаңдаған республиканың барлық тұрғындарын біріктірді.