НУ зерттеушілері жөтелдің анализіне арналған қосымшаны ойлап тапты
Жөтелдің анализіне арналған мобильді қосымшаны НУ Медицина мектебі мен Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің зерттеушілері әзірледі. Cough Analyzer, әзірлеушілер өздерінің қосымшаларын дәл осылай атады, оны жасаудың басты мақсаты – бұл жөтел дыбыстарын жазу, талдау және саралау.
Зерттеушілер бұл әзірлеме телемедицина құралы ретінде пайдалы болатынына сенімді, өйткені қолданушылар денсаулыққа қатысты жеке мәліметтерін қосымшада сақтай алады – бұл әсіресе COVID-19 пандемиясы кезеңінде өзекті болуы мүмкін.
Cough Analyzer-дің жұмыс принципі қарапайым: кез-келген адам қосымшаны Appstore немесе Google Play-ден жүктей алады. Тіркелгеннен кейін қолданба пайдаланушыға өзінің жөтелінің дыбысын жазуды ұсынады. Барлық пайдаланушылардың аудио жазбалары жасырын түрде серверлерге жіберіледі, онда машиналық оқыту әдістерін қолдана отырып, деректер мұрағаты жасалады және талданады. Зерттеудің түпкі мақсаты – жасанды интеллект алгоритмдерін қолдана отырып, автоматты диагностика заңдылықтарын анықтау.
“Біз пайдаланушыларға ұялы телефонға жөтелу арқылы денсаулығын сақтауды ұсынамыз. Біздің зерттеу тобымыздың күш – жігері тыныс алу органдарының ауруларын диагностикалауды жақсарту үшін жасанды интеллект пен телемедицинаны біріктіруге бағытталған”, – дейді жобаның жетекші зерттеушісі, Медицина мектебінің Ассистент профессоры Алессандра Клементи.
Әзірлеушілердің айтуынша, Cough Analyzer қосымшасы үш негізгі міндетті орындайды. Ол зерттеу үшін деректерді жинауға мүмкіндік береді, жөтелдегі өзгерістерді өзін-өзі бақылау құралы ретінде пайдаланылуы мүмкін. Сонымен қатар, жазылған аудио деректерді дәрігермен кеңесіп, нақты диагноз қою үшін бөлісуге болады.