Қолдану аясы кең никельді нанотүтікшелер – NU PhD түлегінің зерттеуі
NU step to PhD айдарының бүгінгі сұхбаттасушысы – Гүлнар Қалхабай. Гүлнар Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде докторантура бағдарламасы бойынша оқыды, 2020 жылдың тамыз айында диссертациясын сәтті қорғады. Қазір Гүлнар Нұр-Сұлтандағы Ядролық физика институтының филиалында жұмыс істейді.
1. Сіздің диссертациялық жұмысыңыз қандай тақырыпқа арналды?
Менің диссертациямның тақырыбы – “Темплатты матрицаларға электрохимиялық тұндыру арқылы синтезделген никель нанотүтікшелерін жасау және олардың қасиеттері”. Никель нанотүтікшелері микроэлектроникада, фотокатализде, химия өнеркәсібінде және биомедицинада қолданылуы мүмкін. Мысалы, оларды дәрі-дәрмектерді мақсатты жеткізу үшін магниттік тасымалдаушы ретінде пайдалануға болады. Осы бағытта біз коррозиядан қорғаудың тиімділігін арттыру, сондай-ақ дәрі-дәрмектерді байланыстыруға қосымша химиялық байланыстар жасау үшін кремний нанотүтікшелерін органикалық қосылыстармен жалату мүмкіндігіне қатысты алғашқы нәтижелерге қол жеткіздік.
Біздің зерттеулеріміздің тағы бір ықтимал дамуы және қолданылу мүмкіндігі – нанотүтікшелерді органикалық бояғыштардың ыдырауын күшейту үшін катализаторлар немесе фотокатализаторлар үшін негіз ретінде пайдалану. Зерттеу нәтижелері бойынша біз халықаралық журналдарда бірнеше мақала жарияладық. Ядролық физика институтында (ЯФИ) біз никель нанотүтікшелерін зерттеу үшін грант алдық.
2. Сіздің диссертацияңыздың жұмыс барысында кімнің көмегі сіз үшін құнды болды?
Мен диссертацияммен жұмыс жасау кезінде маған көмектескендердің барлығына шын жүректен алғысымды білдіргім келеді. Біріншіден, бұл менің жетекшім, профессор Александр Тихонов. Профессор Тихонов – АҚШ-та PhD дәрежесін алған нанотехнология және материалтану саласындағы әлемдік деңгейдегі маман. Эксперименттер мен мақалалар жазу кезінде оның көмегі баға жетпес болды, ол халықаралық журналдарға мақалаларды қалай дұрыс жазу керектігі туралы кеңестер берді және эксперименттердің нәтижелерін дұрыс рәсімдеуге көмектесті.
Мен өзімнің ғылыми консультантым, доктор Артем Козловскийге ЯФИ зертханасында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені және эксперименттік физика саласындағы білімдерімен бөліскені, әрқашан менің жұмысымды оқып шығып, түзетуге уақыт тапқаны үшін алғыс айтамын. Әрине, менің сыртқы жетекшім, доктор Максим Здоровцуға қолдау көрсетіп, ЯФИ зертханасында жұмыс істеуге мүмкіндік бергені үшін алғыс білдіремін.
Сондай-ақ, мен ғылым, техника және технологиялар саласындағы докторантура бағдарламасының директоры, профессор Луис Рохас-Солорзаноға да достық және кәсіби ортаны қалыптастырғаны, докторантурада оқып жүрген кезде барлық студенттерге көрсеткен көмегі үшін зор алғысымды білдіргім келеді.
Докторантурада оқып жүрген кезімде мен халықаралық журналдарда бірнеше мақала жарияладым, конференциялар мен семинарларға қатыстым. Осыған байланысты, профессор Луис Рохас-Солорзаноға докторанттар үшін апта сайынғы семинарларды ұйымдастырғаны үшін алғыс айтқым келеді, онда мен өз тақырыбым бойынша сөз сөйлеп, одан кейін құнды кеңестер алдым.
Әрине, мен осы қиын жолда мені қолдаған отбасыма ризамын. Олардың қолдауы мен үшін ерекше құнды болды.
3. Сіздің келесі жоспарларыңыз қандай?
Қазір мен осы тақырыпты Нұр-Сұлтандағы Ядролық физика институтының филиалында жалғастыру бойынша жаңа идеялармен жұмыс істеп жатырмын. Болашақта мен ғылыми ұйымның немесе институттың жетекшісі болып жұмыс істегім келеді, өйткені мен ғылыми ұйымдарды басқару мәселелерін жақсы білемін және олардың сәтті жұмыс істеуі үшін стратегияларды жасай аламын. Болашақта менің жоспарларымда – шетелде институт мүддесін білдіру және қазақстандық ғылыми ұйымның беделін әлемдік аренада ілгерілетуге ықпал ету.
Болашақта мен ғылым мен білім саласындағы ұйымның ұйымдастырушысы және көшбасшысы ретінде өзімді танытқым келеді, өйткені менің әртүрлі университеттердеіг жұмыс тәжірибем мол және білім беру агенттігінде менеджер ретіндеі тәжірибем бар. Менде аналитикалық ойлау және көшбасшы қасиеттері бар, шешендік қабілетім бар, басымдықтарды анықтап, алға қойылған мақсаттарға қол жеткізе аламын, адамдармен жақсы қарым-қатынас жасау дағдыларым бар және командада тиімді жұмыс істей аламын. Шетелде оқып, PhD дәрежесін алу маған қажырлы еңбек етуді, зейінді болуды және ғылыми идеяларды терең талдауды үйретті.
4. Болашақ докторанттарға сіздің ұсыныстарыңыз
Болашақ докторанттарға өзекті ғылыми тақырыпты таңдауға кеңес беремін. Ғылыми зерттеулерге бар зейініңді салу керек, ғылыми жетекшілермен үнемі кеңесіп, зерттеу тақырыбы бойынша пайдалы ғылыми әдебиеттерді іздеу керек. Тақырыпты таңдамас бұрын, НУ-да эксперименттер жүргізу үшін қолайлы зертхана мен жабдық бар екеніне көз жеткізу қажет. Оқу кезінде зерттеудің күнтізбелік жоспарын жасаңыз және оны нақты орындаңыз. Оқу басталғаннан кейін бірден материалдар жариялау үшін жинауды бастаған жөн. Барлық семинарларға қатысыңыз және конференцияға өтініш беріңіз. Тайм-менеджмент және жарияланымдармен сапалы зерттеу – докторантурада табыс кепілі.