Бакалавриат бағдарламаларының талапкерлеріне арналған NUET категориясы

2022-2023 оқу жылы бакалавриат бағдарламасына оқуға түсетін талапкерлердің «NUET талапкерлері» жаңа категориясына өтінімдерді тапсыру мүмкіндігі бар екенін хабарлаймыз. Бұл категорияның талапкерлері Foundation бағдарламасының талапкерлерімен бірге NUET (Назарбаев Университетіне түсу сынағы) емтиханды тапсыруы керек, бірақ бакалавриат бағдарламасына түсетін талапкерлер үшін ең төменгі өту балы өзгеше болады.

NUET – Назарбаев Университетінде білім алу үшін талапкердің академиялық дайындығы деңгейін анықтайтын тест. Бұл тест талапкердің  «Математика» және «Сыни тұрғыдан ойлау және мәселелерді шешу дағдылары» пәндері бойынша білімін бағалайды. Бұған дейін бұл тест талапкерлерге NUFYPET ретінде белгілі болды. NUET (бұған дейінгі NUFYPET) сынақ тест  үлгілерін nu.edu.kz сайтында Қабылдау-Foundation бағдарламасы-Пайдалы ресурстар бөлімінен табуға болады.

Бакалавриат бағдарламасы талапкерлері үшін -ең төменгі өту баллы – 130, бұл ретте әрбір пәннен ең төменгі өту баллы – 60. Сұрақтар саны – 60. Тест ұзақтығы – 120 минут. Тест бірнеше жауап нұсқалары бар сұрақтардан тұрады. Емтихан нәтижесі 6 апта өткен соң Жеке кабинетте орналастырылады.

NUET-ке қатысу үшін талапкерлер admissions.nu.edu.kz сайтында бакалавриат бағдарламасына тіркеліп, өтініш формасында «NUET талапкерлері» категориясын таңдап, тест өту қаласын таңдауы керек. Бұдан соң, талапкерлер Университетке белгіленген уақыт ішінде бағдарламаның ең төменгі талаптарына сәйкес келетін IELTS/TOEFL тапсыруы керек.

Емтиханға кіру рұқсаты туралы ақпарат талапкердің Жеке кабинетінде орналастырылады. Тестіге бір апта қалғанда талапкердің электрондық поштасына емтиханның өтетін орны, өту форматы, уақыты, қажетті құжаттар мен емтихан ережелері туралы ақпарат жіберіледі. Қабылдау емтихандарының тапсырмаларын, олардың ережелері мен ұзақтығын Тест әкімшілері өзгертуі мүмкін. Тест нәтижелері бойынша апелляция көзделмеген. Емтихан кестесі «Маңызды күндер» бөлімінде жарияланған. NUET Назарбаев Университеті қаржысы есебінен өткізіледі.

Foundation бағдарламасына жататын  NUET ұпайлар талапкер «NUET талапкерлері» бакалавриат бағдарламасына тіркелмеген жағдайда есептелмейді және екі бағдарламаға да тіркелген жағдайда емтихан бір рет тапсырылатынын ескертеміз.

«NUET талапкерлері» категориясына онлайн өтінімдерді тапсыру  2022 жылдың 6 қаңтарына дейін қолжетімді болады.