Елдің медициналық қызметкерлерін пандемиямен күресуде қолдау жалғасуда

Назарбаев Университетінің Әлеуметтік даму қоры Ұлттық волонтерлік желімен әріптестікте COVID-19 коронавирус инфекциясы пандемиясына қарсы күресте медициналық қызметкерлерге қолдау көрсетуге бағытталған бастамаларды іске асыруды жалғастыруда.

Бұл жолы Қазақстанның 7 өңіріндегі (Алматы, Ақмола, Қарағанды, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Қостанай облыстары мен Нұр-Сұлтан қаласы) медицина мекемелеріне қорғаныш костюмдері және инфрақызыл термометрлер/ тепловизерлер жіберілді. Барлығы 1700 қорғаныш костюмдері/ комбинезондар және 100 инфрақызыл термометрлер/ тепловизерлер сатып алынды және берілді.
Бұдан басқа, ағымдағы жылдың сәуірінен бастап Әлеуметтік даму қоры Ана мен бала ұлттық ғылыми орталығының, Балаларды оңалтудың ұлттық орталығының, Республикалық диагностикалық орталықтың медициналық қызметкерлерін жеке қорғану құралдарымен қамтамасыз етуге көмек көрсетті.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Әлеуметтік даму Қоры Астана Медицина Университетінің еріктілері-студенттеріне көмек көрсету және үйінде компьютерлері жоқ медициналық қызметкерлердің балаларына ноутбук табыс ету сияқты бастамаларды жүзеге асырды.