Академиялық адал болу маңызды ма?

Академиялық адалдық дегеніміз не? Бұл мектеп пен жоғары білім беруде маңызды болып табылады ма? Академиялық адалдықтың жоғары стандарттарын не үшін қолдау қажет?

Академиялық адалдық – бұл шындық, сенім, құрмет, әділдік және жауапкершілік қағидаттарын сақтау. Бұл қағидаттарды ешкім қадағаламаған және бақыламаған кезде де ұстану керек. Әрбір оқу орны студенттер мен педагогтарға өз қызметінде салмақты моральдық және этикалық шешімдер қабылдауға көмектесетін өзінің академиялық ережелері мен адалдық нормаларын белгілейді.

Көпшілік еститін плагиат, алдау, бұрмалау және көшіріп алу дегендерден басқа, академиялық жалғандыққа сонымен қатар басқаның орнына немесе сыйақы үшін жазбаша жұмысты орындау, жалғандық, алаяқтық және «рұқсат етілмеген ынтымақтастық» деп аталатындар жатады. Академиялық жалғандықтың ең көп кездесетін көрінісі – плагиат. Алғаш рет «плагиат» термині б.з. 80-ші жылдарында Рим ақыны Мартиаль өз шығармаларын оқып, оларды өзінің шығармасы деп ұсынған ақын Фединтинусты әшкерелеген. Мартиаль Фединтинусты  «плагиат», шын мәнінде – «ұры» деп атаған.

Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің қауымдастырылған профессоры Дүйшон Шаматовтың осыған қатысты өз пікірі бар:

«Посткеңестік кеңістікте «плагиат» деген ұғымды жақында ғана пайдалана бастады. Біріншіден, кеңес кезеңінде зерттеу жұмыстарына және жазу жұмыстарының дамуына өте аз уақыт бөлінді, ал емтихандар көп жағдайда ауызша түрде қабылданды. Студенттерден дербес шығармашылық мәтіндерді жасау талап етілмеді. Екіншіден, студенттерге Б. Блумның таксономиясы бойынша төмен тәртіптегі ойлау дағдылары болып табылатын ақпаратты есте сақтау және түсіну талап етілді. Соңғысы – бірлескен ұжымдық жұмыс мадақталды, ал жеке өзімшілдік ретінде қабылданды».

Академиялық жалғандықтың басқа түрлеріне көшіріп алу, шпаргалкалар, сыбырлап айту және т.б. жатады. Плагиаттың екі түрі бар: ойластырылған және ойластырылмаған. Профессордың пікірінше, плагиаттың басым бөлігі шын мәнінде әдейі емес болып табылады және академиялық адалдықты қалыптастыруға көмектесетін ережелерді түсінбеуі салдарынан пайда болады, сондықтан студенттерге академиялық адалдық қағидаттарын нақты түсіндіру өте маңызды.

Әрбір оқу орнында академиялық адалдық саясатын бұзудың салдарын реттейтін нормативтік құжаттар бар (мысалы, санкциялардың түрлері, санкциялардың ауырлығы және т.б.). Мәселен, Назарбаев Университетінде академиялық бұзушылықтар мен тәртіптік рәсімдерді реттейтін «Студенттердің мінез-құлық кодексі» жұмыс істейді, тәртіп бұзушылықтар кезінде мәселелерді тиімді шешу тетіктері мен қолданылатын шаралар қарастырылады. Бұл ретте негізгі басымдық – студенттердің конституциялық және заңды құқықтары мен академиялық еркіндік қағидаттарын қатаң сақтау болып табылады.

Осылайша, студенттердің академиялық бұзушылықтары мәселелерін шешу кезінде Назарбаев Университеті студенттерден және Университеттің Қамқоршылық кеңесінен бастап бүкіл қазақстандық қоғамға дейінгі барлық стейкхолдерлердің алдында жауапты (құқықтық және қоғамдық мағынада).

Академиялық бұзушылықтар студенттердің зерттеу мәдениетін қалыптастыруға кері әсерін тигізеді және жалпы білім беру ортасының сапасын төмендетеді.

Вирджиния Virgina Tech Политехникалық Мемлекеттік университетінің деректері бойынша, плагиат әсеріне бастауыш және бітіруші курс студенттері көбірек бейім, бұл тапсырмалардың күрделілігімен және оқу бітіру курсы үшін жауапкершілік деңгейімен түсіндіріледі.

Әсіресе, плагиат қаупі қашықтықтан немесе онлайн оқыту жағдайында өседі.

Қандай алдын алу шараларын қолдану керек?

Пандемия жағдайында Академиялық адалдық қағидаларын ұстануды қалай жалғастыру керек?

Др. Д. Шаматов оқытушылар мен студенттерге ұсыныстар кешенін қалыптастырды.

Оқытушыларға:

– Студенттермен бірге уақыт бөліп, олардың зерттеу жұмыстарының бірегейлігіне қойылатын жоғары талаптарды сақтаудың қажеттілігі мен артықшылықтарын талқылаңыз; оларды академиялық адалдық қағидаттарын реттейтін нормативтік құжаттармен таныстырыңыз (міндетті түрде «Студенттердің мінез-құлық кодексі»).

– Студенттер жұмыстардың қалай бағаланатынын түсінуі үшін студенттер үшін ашық түрде бағалау жүйесін әзірлеңіз.

– Әр түрлі бағалау әдістерін қолданыңыз, онлайн режимде (яғни синхронды) жауаптарды талап ететін тапсырмалар түрлерін қосыңыз.

– Студенттердің жазбаша жұмыстарының прогресін байқай отырып, тұрақты кері байланыс жүргізіңіз.

– Алаяқтыққа жол бермейтін жеке тапсырмаларды әзірлеңіз.

– Дәрістік және семинарлық сабақтардың мазмұны бойынша тапсырмаларды құрастырыңыз.

– Студенттерді сыни ойлауға және өз пікірін қалыптастыруға ынталандырыңыз.

– Дайын жауаптарды табуға болатын жалпы сұрақтардан аулақ болыңыз.

– Тапсырмалар есте сақтау мақсатында фактологиялық емес, тұжырымдамалық (дамытушылық ойлау) түрде болуы тиіс.

– Бір немесе екі үлкен тапсырманың орнына курс бойынша әрбір тақырыпқа жақсы тапсырмалар әзірлеңіз (бұл алаяқтық қаупін төмендетеді).

Студенттерге: 
– Академиялық адалдықтың қағидаттарын реттейтін Университет ережелерін әрдайым сақтаңыздар (мысалы, «Студенттердің мінез-құлық кодексі»).

– Егер сізде күмән немесе сұрақтар туындаса, өзіңіздің оқытушыларыңызбен әрдайым кеңесіңіз.

– Мерзімді түрде профессорларға өз жазба жұмыстарының прогресін көрсетіңіз.

– Өз оқуыңызда ынталы болыңыз, өз шығармашылық жұмысыңызды мақтан тұтыңыздар.

– Академиялық адалдық қағидаттарын сақтай отырып, сіз өзіңіздің зерттеуші ретінде дамуыңызға негіз қалап, болашақ әріптестеріңіз бен жұмыс берушілеріңіз бағалайтын жеке кәсіби имидж қалыптастыратындығыңызды ұмытпаңыз.

Естеріңізге сала кетейік, жыл сайын Назарбаев Университеті және М. Нәрікбаев атындағы ҚазГЗУ академиялық адалдық мәселелері бойынша конференция өткізеді. Конференцияның мақсаты – академиялық адалдық мәселелері бойынша теориялық және эмпирикалық зерттеулердегі проблемалық мәселелер мен соңғы жаңалықтарды зерттеу және талқылау, озық тәжірибемен алмасу үшін платформа құру болып табылады.