“Қазақстандағы мемлекеттік органдар біз – ғалымдар олар туралы ойлағаннан гөрі ынтымақтастыққа ашық”
Салтанат Жаненова – Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің ассистент профессоры. 2017 жылы ол “Интернационализация” номинациясында НУ марапатын, ал 2019 жылы Scopus марапатын алды. Салтанат Дарем университетінің әлеуметтану магистрі дәрежесіне, Эдинбург университетінің Әлеуметтік саясат бойынша PhD дәрежесіне ие, “Болашақ” бағдарламасының екі мәрте стипендиаты. Назарбаев Университетіне дейін Салтанат мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттікте және Экономикалық ынтымақтастық және даму ұйымында (ЭЫДҰ) жұмыс істеді.
Ғылыми қызығушылықтарыңыз туралы айтып беріңізші
Менің ғылыми қызығушылығым келесі тақырыптарды қамтиды: посткеңестік елдердегі мемлекеттік қызмет реформалары, мемлекеттік қызметтер саласындағы инновациялар, ашық үкімет, этика және сыбайлас жемқорлық. Мен өз жұмысымда практиктермен және шешім қабылдайтын мемлекеттік қызметшілермен тығыз қарым-қатынас жасаймын. Мен өз тәжірибемнен бірнеше мысал келтірейін.
“Мемлекеттік қызметтегі этика” жобасында біз фокус-топтар мен әртүрлі мемлекеттік органдардың этика жөніндегі уәкілдерімен сұхбат жүргіздік. Біздің жобамызды БҰҰ бағдарламасындағы әріптестер байқап, нәтижелерімен бөлісуге шақырды. Осылайша екі басылым шықты: біреуі – ғылыми мақала, екіншісі – ұсынымдары бар есеп.
Сондай – ақ, менің әріптесім – профессор Колин Нокспен бірлесіп, біз Қазақстандағы қоғамдық кеңестердің қызметін бағалау бойынша қызықты зерттеу жүргіздік. Біз олардың әртүрлі өңірлерден келген өкілдерімен кездестік, тренингтер өткіздік, ғылыми мақала жарияладық және қоғамдық кеңестердің тиімділігін арттыру бойынша ұсыныстар ұсындық.
2020 жылы Сингапур Ұлттық Университеті Басскаран Наирмен бірлескен автолықта “Қазақстандағы саяси коммуникация бойынша нұсқаулық” атты жарияланымым шықты. Бұл нұсқаулықта біз әлеуметтік желілер мен БАҚ-тарды пайдаланудағы, “жұмсақ күшті” жобалаудағы халықаралық және қазақстандық мысалдарды сипаттаймыз, тиімсіз реформалардың себептерін талдаймыз және мемлекеттік органдар басшылары мен сарапшылар үшін ұсынымдар ұсынамыз. Бұл кітап үш тілде: қазақ, орыс және ағылшын тілдерінде қолжетімді.
Мемлекеттік қызмет саласындағы Астана хабы – БҰҰДБ мен ҚР Үкіметінің жобасы Әзірбайжанда, Грузияда және Қазақстанда “бір терезе” қағидатын іске асыру туралы кейстер жасауға бастамашылық етті (Мен Қазақстан бойынша есеп жаздым). Бұл кейстер ТМД елдеріндегі мемлекеттік қызметшілер мен сарапшылар арасында кеңінен талқыланды. Жақында хаб төрағасы Әлихан Бәйменовпен бірге жасаған посткеңестік елдердегі мемлекеттік қызмет реформалары туралы “Public Service Excellence in the 21st century” кітабында бірлескен жарияланымымыз шықты.
Қазақстандағы мемлекеттік органдар біз – ғалымдар олар туралы ойлағаннан гөрі ынтымақтастыққа ашық. Мемлекеттік органдармен өзара іс-қимыл көп уақытты, күш пен шыдамдылықты талап етеді. Егер мұндай әріптестік шешім қабылдауға әсер етсе, менің ойымша, ғалымның жұмысы байқалып, танылуы тиіс. Батыс ғылыми әлемінде мұндай үлес “зерттеудің әсері” (impact research) деп аталады.
Жақында сіз Британдық кеңестің марапатын алдыңыз. Бұл туралы толығырақ айтып беріңізші
Британдық кеңес маған 2021 жылдың наурыз айында кәсіби жетістіктерім үшін марапатты (Professional Achievement Award) табыс етті. Ұлыбританияның халықаралық түлектері арасындағы байқауды бүкіл әлем бойынша Британдық кеңес өткізеді. Ұлыбританиядағы білім мемлекеттік қызметтен ғылым мен оқытуға дейінгі менің мансаптық жолымды өзгертті .
2020 жылы мен Бирмингем университетінің Мемлекеттік басқару мектебінде студент-магистранттарды оқытып, Британдық академиялық салаға бет бұрдым. Бұл университет Расселл групп деп аталатын беделді жоғары оқу орындарының құрамына кіреді. Бұл әртүрлі континенттер мен елдерден келген студенттерді оқытуда өте пайдалы тәжірибе болды. Мені британдық ғалымдар шабыттандырады. Британдық ғалымдар жоғары оқытушылық жүктемеден, жарияланымдардан, гранттар алудан басқа, мемлекеттік органдар, ҮЕҰ және халықаралық ұйымдар арасында өз зерттеулерінің нәтижелерін белсенді түрде ілгерілетуде.
Сіздің жақын жоспарларыңыз қандай?
Менің жоспарымда – мемлекеттік басқару реформалары бойынша салыстырмалы зерттеулер жүргізу, халықаралық гранттарға өтінім беру және беделді ғылыми журналдарда жариялау. Мен өз еңбегіммен Назарбаев Университетін Қазақстан мен Орталық Азиядағы жоғары білімнің танымал бренді ретінде ілгерілетуге өзімнің қарапайым үлесімді қосамын деп үміттенемін.