Балаларды асырап алған ата-аналарға көмек ретіндегі онлайн-мектеп

Бүгін біздің сұхбаттасушымыз – Назарбаев Университетінің Жоғары білім беру мектебінің «Білім берудегі көшбасшылық саласындағы ғылым магистрі» мамандығы бойынша түлегі Ақмарал Шалғымбаева. Ақмарал балаларды асырап алған ата-аналарға арналған онлайн-мектептің әлеуметтік жобасын іске асыру барысы туралы әңгімелейтін болады. 

Ақмарал, Назарбаев Университетінде білім алу сіздің кәсіби қызметіңізге қалай әсер етті?

Мен әрқашан әлеуметтік проблемалармен айналысқым келді және мүмкіндігінше қоғамға пайдалы болуды ойластырдым, сондықтан әр түрлі әлеуметтік жобаларға қатысуға тырыстым. Мүмкін, осы себептен өзім үшін білім беру саласындағы оқу мен одан әрі жұмысты таңдаған шығармын. Университетте оқып жүрген кезімде мен Қазақстандағы және Орталық Азиядағы білім беру реформаларының ерекшеліктері бойынша білім алдым, әлемдегі білім беру бағдарламаларының неғұрлым тиімді үлгілерін зерттедім. 2015 жылы магистратураны бітіргеннен кейін, алған білімімді тәжірибеде қолдануға бет бұрдым. Мен Алматы қаласындағы Қазақ ұлттық университетінде сабақ бердім, сондай-ақ балалар үйлерінде волонтер болдым.

Қазір қандай жобалармен жұмыс істейсіз?

Балалар үйінде волонтер болып жұмыс істей отырып, мен балаларды асырап алған ата-аналардың баланы асырап алғаннан кейін бала асырап алу процесінің заңдық қырынан бастап,  тәрбиелеу, бос уақытын ұйымдастыру және т. б. мәселелерімен бірге түрлі өмірлік қиындықтарға тап болғанын жиі көрдім. Сондай-ақ осындай барлық қиындықтардан өте білген және басқалармен өз тәжірибесімен бөлісуге дайын ата-аналар да өте көп. Сонымен қатар кеңес бере алатын, қандай да бір мәселелер мен проблемаларды дұрыс және сауатты шешуге үйрететін жақсы сарапшылар да аз емес. Сондықтан балаларды асырап алған ата-аналар үшін онлайн-мектепті ашу идеясы менде пайда болды. Әрине, осы бағытта тәжірибемен алмасу үшін белгілі бір алаңдар бар, алайда бізде осы тақырыпқа арналған бейне-контенттің анық жетіспеушілігі байқалады. Сонымен қатар, пайдалы ақпарат Қазақстанның кез-келген бұрышындағы барлық ата-аналарға қолжетімді болуын қалаймын. Біздің жобамыздың негізгі мақсаты: тағдырдың жазуымен ата-анасыз  қалған балаларды асырап алған ата-аналарға балаларды тәрбиелеу барысында балаларға отбасы жылуын сыйлауға, оларды жақсы адам етіп тәрбиелеуге, лайықты білім беруге көмектесу болып табылады. 

Бастапқыда менің осы жобамен жұмысым Zhas Project конкурсына қатысудан басталды. Мен ол туралы өткен жылы білдім және оған қатысуға бірден өтініш бердім, содан кейін осы жобаны іс жүзінде әзірлеу мен енгізу мүмкіндігіне ие болып, конкурстан сәтті өттім.

Zhas Project жобасы – бұл Халықаралық Қайта Құру және Даму Банкі мен ҚР Білім және ғылым министрлігінің бірлескен жобасы. Оның мақсаты игілікті және заман талабына сай – жастарды қоғам өміріне тарту, қоғам игілігі үшін қоғамдық пайдалы қызмет дағдыларына оқыту бағдарламасы арқылы олардың өмірлік маңызды дағдыларын дамыту. Ол төрт негізгі компонентті қамтиды: әлеуметтік жобаларды іске асыруға гранттар мен стипендиялар беру; жастарды өмірлік маңызды дағдыларды дамытуға және жобаларды басқаруға үйрету; жастардың осал топтарымен жұмыс істеу;  тиімді ақпараттық-түсіндіру науқанын және кері байланыс механизмін іске асыру және проблемаларды шешу. 

Жобаға қатысу аясында біз бағдарлама бойынша  өте қызықты және танымдық үш кезеңді оқытудан өттік. Оқуды аяқтағаннан кейін біз өзіміздің әлеуметтік жобаларымызды іске асыруға кірісе алдық.

Онлайн-мектепте балаларды асырап алған ата-аналарға қандай көмек көрсетуді жоспарлап отырсыз?

Балаларды тәрбиелеу – оңай іс емес, ал асырап алған балаларды тәрбиелеу бұл көптеген ерекше нюанстар мен қиындықтар толы үдеріс.  Сондықтан онлайн-мектепте біз ата-аналарға тәрбиелеу психологиясымен байланысты теориялық негіз беруге тырысамыз, сондай-ақ асырап алған балалары бар отбасыларда орын алған тәжірибелік кейстерді да іріктейтін боламыз. Егер нақтырақ айтсақ, балаларды асырап алған ата-ана болудың уәждемесі, балалардың мінез-құлқын және жас ерекшеліктерін қалыптастыру, бала асырап алған отбасындағы өзара қарым-қатынасты қалыптастыру, жетім балалардың отбасына бейімделу ерекшеліктері сияқты тақырыптарды қарастыруды жоспарлап отырмыз.

Біздің жобаға тартылған сарапшыларға келетін болсақ, мысалы, психология ғылымдарының докторы, Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің ғылыми-техникалық зертханасының меңгерушісі, профессор Раушан Каримованы атауға болады. Оның жасөспірімдермен жұмыс істеу тәжірибесі мол және тәрбие тақырыбына көптеген әдістемелер мен әзірлемелері бар. Сарапшы-практиктердің қатарынан  біз баланы асырап алған ата-ана ретінде және «Нұр» отбасылық балалар үйінің директоры Тұяқ Есқожинаны жобаға тартамыз. Ол жұбайымен бірге 20 жылдың ішінде 800-ге жуық жетім баланы тәрбиелеп, ересек өмірге дайындап шығарды.   

Бұл жобаны биылғы жылдың қыркүйегіне қарай арнайы сайтта және Youtube платформасында іске қосуды жоспарлап отырмыз. Барлық тыңдаушылар үшін, оның ішінде әлеуетті және бала асырап алған  ата-аналар, сондай-ақ балалардың психологиясы саласындағы сауаттылық деңгейін көтергісі келетіндердің барлығы үшін курс мүлдем тегін болады. 

Біздің мақсатымыз – бала асырап алу мәселелерінің барлық маңыздылығы мен қиындығын баланы асырап алатын әлеуетті ата-аналарға жеткізу, өйткені әрбір ата-ана жалғыз басты балаға қолын созғанға дейін және өзінің және оның тағдырын өзгертуге дейін туындауы мүмкін қиындықтар мен нюанстар туралы білуі тиіс деп санаймыз. Балалар психологиясы туралы барлық білімді жеткізу мүмкін емес екені түсінікті, әрбір жағдай жеке қарастырылады және басқаларына ұқсамайды, бірақ белгілі бір ұсыныстар беруге тырысу және кейбір педагогикалық тәсілдерді көрсету әбден мүмкін деп санаймыз.

Мен бүгін Назарбаев Университетінде студенттердің бастамашылығымен бірқатар әлеуметтік жобалардың жұмыс істеп жатқанын білемін, бұл жағдай мені осы ЖОО-ның түлегі ретінде өте қуантады. Алдағы уақытта да біздің балалар осы бағытты дамытып, қазақстандық қоғамға пайда әкелетініне сенімдімін.