“Докторантура – бұл үлкен жауапкершілік”

Қамбатырова Әсел – Назарбаев Университеті Жоғары білім беру мектебінің постдокторанты. Ол 2020 жылы білім беру саласындағы ЖББМ докторантура бағдарламасын аяқтады. Бүгінде Әсел “Қазақстандағы STEM саласында мұғалімдерді даярлауда педагогикалық және ғылыми-зерттеу әлеуетін (ЖОО) арттыру: ғылыми-практикалық әріптестік” жобасымен айналысады.

  1. Диссертациялық жұмысыңыз қандай тақырыпқа арналғанын және оған деген қызығушылығыңыз қандай?

Менің докторлық диссертациямның тақырыбы – “Қазақстандағы үштілді білім беру саясаты мәнмәтіндегі ата-аналардың тілдік идеологиясы”. 2016 жылы Докторантура бағдарламасына түсу кезінде мен бірнеше жыл НУ ЖББМ Ғылым департаментінде кіші ғылыми қызметкер болып жұмыс істедім. Мен орта білім беру саласындағы ғылыми-зерттеу жобаларына қатыстым, олар біздің мектептің әріптес Университеті – Кембридж университетімен ынтымақтастықта жүргізілді. Мен 2014 жылы Шеффилд Университетінде жазған магистрлік диссертациям да Үш тілді білім беру тақырыбына арналды. Тиісінше, диссертация тақырыбы туралы ойлануға уақыт келгенде, мен бір сәтте зерттеудің бағытын өзгерткім келді. Бірақ мен осы саланы зерттеуге көп уақыт жұмсағандықтан, мен әлі де осы бағытта жұмыс істеуді жалғастыруға бел будым. Содан кейін Мен Facebook-те бір ата-ананың бастауыш сынып оқушыларына арналған жаңа оқулықтарға қатысты бейне постын көрдім және халықтың бұл тобы, яғни ата-аналар білім беру реформалары мәселесін талқылауға қатыспайды, дегенмен олардың пікірі өте маңызды деп ойладым.

Осылайша, мен орта мектептердегі үштілді білім беру туралы ата-аналардың пікірін зерттеймін деп шештім. Зерттеу нәтижелері көрсеткендей, жалпы ата-аналар үштілді білім беру саясатын қолдайды, бірақ теріс нәтижелерді болдырмау үшін ағылшын, қазақ және орыс тілдерінде оқытуды біртіндеп енгізу керек деп санайды. Ата-аналар үш тілді білуді жоғары бағалады, олардың ішінде қазақ тілі этностық қатыстылығымен байланысты және жұмыс істеу, қарым-қатынас жасау және ел ішінде саяхат үшін қолданыста маңызды деп танылды. Орыс тілі ұлтаралық қарым-қатынас үшін маңызды болып саналады. Ағылшын тілі жұмысқа орналасу, білім алу, қарым-қатынас және саяхат үшін  кең ауқымды мүмкіндіктермен байланысты. Алайда, ата-аналардың пікірінше, пәндерді ағылшын тілінде оқыту қиынға соғады, өйткені барлық балалар сәтті оқу үшін маңызды деп санайтын дарындылық пен қабілетке ие емес. Ата-аналардың тілдік идеологиясы мектептің түріне, географиялық орналасуына, жасына, этникалық құрамына, тіліне, табыс деңгейіне және біліміне байланысты өзгереді.

Менің жұмысымда жасалған тұжырымдар саясатты әзірлеуге және жүргізуге жауапты адамдарға, үш тілде оқу бағдарламасын жасаушыларға, мектеп директорларына, мұғалімдерге, ата-аналарға және оқушыларға пайдалы болады деп үміттенемін. Мысалы, ата-аналардың пәндерді ағылшын тілінде оқытуға қатысты скептикалық пікірі және олардың пікірінше, ағылшын тілінде сәтті оқу үшін дарындылық пен қабілеттілікке ие болудың маңыздылығы реформаларды енгізуге жауапты мемлекеттік құрылымдардың өкілдері мен бағдарламаларды әзірлеушілер осы факторға назар аударуы керек дейді. Бүгінгі таңда үштілді білім беруді жүзеге асыратын мектептер – бұл студенттерді академиялық жетістіктері мен қабілеттері негізінде іріктейтін мектептер, демек, бұл студенттер айтарлықтай қиындықтарға тап болмай-ақ ағылшын тілінде оқи алады. Ал қарапайым жалпы білім беретін мектептердегі оқушыларға арнайы оқу бағдарламасы және мамандандырылған мектептерде қолданылатыннан өзгеше ағылшын тілінде оқыту тәсілдері қажет болуы мүмкін.

 

  1. Сіздің ойыңызша, диссертациялық зерттеудің сәттілігіне не әсер етеді?

Диссертациямен жұмыс процесі практикада қалай жүзеге асырылатыны көбінесе докторанттың өзіне, атап айтқанда, оның қызығушылығына, құштаррлығына, пәнге және оқу процесіне басымдық беру қабілетіне байланысты деп санаймын. Сонымен қатар, ғылыми жетекшілер мен отбасы, әрине, диссертациямен жұмыс процесінің сәтті болуына ықпал етеді. Бұл тұрғыда менің жолым болды. Докторантура бағдарламасы басталғаннан бастап диссертацияны қорғауға дейінгі бүкіл процесс барысында менің ғылыми жетекшілерім мен жақындарым маған үлкен қолдау көрсетті. НУ-да докторанттар үшін жасалған қолайлы жағдайлардың да жұмысты сәтті аяқтау үшін маңызы зор болды: халықаралық дерекқорларға қол жеткізуге мүмкіндік беретін кітапхана, зерттеудің алдын ала нәтижелерін ұсыну және басқа қатысушылардан кері байланыс алу мақсатында халықаралық және жергілікті конференцияларға қатысу мүмкіндігі, сыртқы ғылыми жетекшілермен тығыз жұмыс істеуге және олардың кітапханалық ресурстарын пайдалануға мүмкіндік беретін әріптес ЖОО-да тағылымдама.

  1. Жуырдағы жоспарларыңыз туралы айтып беріңізші

Қазір мен жаңа жобада постдокторант болып жұмыс істеймін, оған ЖББМ қауымдастырылған профессоры Бриджет Гудман жетекшілік етеді. Сондай-ақ, үштілді білім беру саласындағы ғылыми зерттеулерді жалғастыруды жоспарлап отырмын, өйткені диссертациямен жұмыс барысында одан әрі зерттеуді қажет ететін көптеген мәселелер туындады. Сонымен, зерттеу нәтижелері ауылдық жерлердегі ата-аналардың пікірлерін қосымша зерттеу қажеттілігін көрсетті, өйткені олардың пікірлері әртүрлі факторларға байланысты, қалалық ата-аналардың пікірлерінен мүлдем өзгеше болуы мүмкін. Мәселелердің осы блогын зерделеу осы тақырыпты жан-жақты ашу үшін өте маңызды деп санаймын.

  1. Болашақ докторанттарға сіздің ұсыныстарыңыз/кеңестеріңіз

Бірінші кезекте, мен болашақ докторанттарға зерттеу үшін олардың нақты қызығушылығын тудыратын тақырыпты таңдауды ұсынар едім, өйткені оларға келесі 4-5 жыл ішінде онымен жұмыс істеуге тура келеді. Ал бұл үлкен жанқиярлықты талап ететін, оның барысында енжарлық және тастап кету, диссертациямен одан әрі жұмыс істегісі келмеу ойы болуы мүмкін өте ұзақ кезең. Егер сен өзің үшін қызықты тақырыппен жұмыс істесең, онда осындай көңіл-күйді жеңу әлдеқайда оңай деп ойлаймын. Тіпті ғылыми жетекшілер  белгілемесе де, әрдайым өзіңе дедлайн белгілеп отыруың керек, өйткені бағдарламаны уақтылы аяқтау, ең алдымен, докторанттың өзі үшін маңызды. Ешқандай ерекшелік болмауы керек, яғни кейде біздің істі кейінге қалдыруымызды ақтайтын жағдайларға қарамастан, күн сайын жазуға тырысуымыз керек. Менің жағдайымда тәртіп сәттіліктің кілті болды. Егер сіз бағдарламаға түсуге бел бусаңыз, бәрін мұқият ойластыруыңыз керек, өйткені көп жұмыс істеуге, оқуға және үнемі жазуға тура келеді, бұл сіздің әлеуметтік өміріңізге әсер етуі мүмкін. Бірақ барлық қиындықтарды жеңуге болады. “Жолды жүрген адам еңсереді” дегендей. Ең бастысы – ниет болуы керек.