Халықаралық математикалық олимпиададан бес медаль

НУ-дың бес студенті Болгарияда 2019 жылғы 28 шілде мен 3 тамыз аралығында өткен Халықаралық математикалық олимпиададан (IMC) бес медаль әкелді. Бақдәурен Нарбаев, Бақытжан Құрманбек, Нартай Айқын, Изат Хамиев және Жұмажеңіс Дайрабай Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінде, сондай-ақ Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінде білім алады. 

“Біз жақсы балаларды таңдап, олармен одан әрі жұмыс істей бастадық: оларға республикалық олимпиадаға қатысуға кеңес бердік, онда олар бірінші орындарға ие болды”, – дейді команда жетекшісі, доктор Ерлан Аманбек. 

Балалар осы жазда халықаралық олимпиадаға дайындала бастады. Студенттер бірінші курстарда оқыса да, олар осындай деңгейдегі олимпиадаларға алғаш рет қатысып отырған жоқ.

«Олимпиадада барлық қатысушыларды біріктіретінін олардың ортақ әуестігі – математика екенін түсінесің. Бұл, әрине, болашақта қажет болатын жаңа таныстықтарға ықпал етеді. Бұл жерде сен қай елден, қай университеттен екенің маңызды емес. Барлығы сені тек білімі мен қабілеті бойынша бағалайды. Сен пікірлестеріңнің ортасында болсаң және олар сен ойлағаннан әлдеқайда көп екен», – дейді математикадан халықаралық олимпиаданың қола жүлдегері Бақдәурен Нарбаев. Ол мектеп жасынан бері олимпиадаларға қатысады және жеңіс үшін ешқандай тұмар қажет емес, ал табысты нәтиже үшін жақсы дайындық, дұрыс ұйықтау және дұрыс тамақтану қажет деп санайды. Студент, егер сен өз мақсатыңа жетуге тырысып, еңбек етсең, үлкен нәтижелерге қол жеткізуге болатынына сенімді.  

Осындай іс-шаралардың негізгі мақсаты – студенттердің әуестігін анықтау, оларды қызықтырып, өзін-өзі дамытуға дұрыс жол табу. «Тәлімгерге көп нәрсе байланысты, ол студентті қажетті уақытта дұрыс жолға бағыттап, оның пәнге деген сүйіспеншілігін арттыруы керек, бірақ уәждемесіз, талантсыз және еңбексіз ешнәрсе шықпайды», – дейді команда капитаны Бақытбек Жұманов. 

Бақытбектің математикаға деген сүйіспеншілігі жетінші сыныптан басталды, ол кезде мектеп мұғалімі баланың қызығушылығын байқап, олимпиадаға қатысуға шақырды. Бірнеше жылдан кейін ол Назарбаев Университетінің студенті болып, өңірлік және халықаралық деңгейдегі олимпиадаларға қатысады. Биылғы жылы Бақытбек олимпиадаға команда көшбасшысы ретінде барды. Қазіргі уақытта Бақытбек Назарбаев Университеті Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің математика  кафедрасының қызметкері болып табылады және өз мамандығы бойынша докторантураға түсуге ниет білдіруде. «Сен өз жолыңды енді бастайын деп тұрғанда, математикамен әуестену сені неге алып келетінін әлі білмейсің. Бір күні сен оянып, бұл сенің бір бөлшегің, сенің жолсерік жұлдызың екенін және өміріңнің бағдарына айналғанын түсінесің”,- дейді Бақытбек Жұманов.

 “Біздің студенттер 2012 жылдан бастап математикадан халықаралық олимпиадаға қатысады. Бұл игі дәстүрге айналды”, – деді доктор Аманбек. Оның айтуынша, осындай халықаралық деңгейдегі олимпиадалар бүкіл әлемнің математиктері жиналатын пікірлестердің ерекше экожүйесін құруға көмектеседі және осындай іс-шаралар Назарбаев Университетінің студенттері үшін жақсы тәжірибе болады.