ISSAI жасанды интеллект терминдерінің сөздігін әзірлеп жатыр
ISSAI жасанды интеллект, машиналық оқыту және робот техникасы саласында қолданылатын қазақ тіліндегі терминдер сөздігін әзірлеп жатыр. Қазіргі уақытта глоссарийде 1200-ден астам термин бар, сөздік қоры ай сайын толықтырылып отырады. Ақылды жүйелер және жасанды интеллект институтының ғалымдары жаңа ұсыныстар мен қолданыстағы терминдерге толықтырулар енгізуге дайын.
ISSAI директоры, профессор Атакан Варолдың айтуынша, мұндай глоссарийді бұрыннан бері жасау керек еді, өйткені көптеген жасанды интеллект саласындағы терминдердің ресми бекітілген қазақша аудармасы жоқ. Глоссарийді жасаған кезде ISSAI тобы орыс және ағылшын тілдеріндегі ұқсас терминдерге сүйене отырып, аударылған сөздердің мағынасын мүмкіндігінше сақтауға тырысты.
«Алайда, бұл салада ағылшын тілінде өте күлкілі естілетін және олардың мағынасына сәйкес келмейтін көптеген сөздер бар. Мысалы, «Garbage In, Garbage Out» сияқты терминдер бар (бұл енгізілетін деректер дұрыс болмаса, нәтижелер де дұрыс болмайды дегенді білдіреді, бірақ тікелей аудармасы «қоқысқа тастаңыз, қоқысты шығарыңыз» деген сияқты); «Honeypot» (ақпараттық қауіпсіздік стратегиясы, тікелей аудармасы «Бөшке бал»); «Salt and Pepper Noise» (шуыл түрі, оны кейде суреттерден көруге болады, бірақ тікелей аудармасы «тұз бен бұрыштың шуы» сияқты естіледі). Бұл жағдайда ғалымдар да терминдердің бірегейлігін сақтап, осындай сөздердің тікелей аудармасын жасау керек деген шешімге келді. Кейбір айтылуы оңай терминдерді ғалымдар аудармай, түпнұсқасында қалдырды», – дейді ISSAI директоры, профессор Атакан Варол.
ISSAI директорының айтуынша, аударма әлі ресми түрде мақұлданбаған, бірақ сөздікті жасаушылар оны Мәдениет және спорт министрлігі Тіл комитетінің қарауына жіберді.
Глоссарий ISSAI веб-сайтында https://issai.nu.edu.kz/kazakh-language-glossary-of-ai-and-robotics-terminology/ қолжетімді.