«Назарбаев Университеті» ДБҰ мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға қол қою

2014 жылғы 5 қыркүйекте «Назарбаев Университеті» ДБҰ мен «Самұрық-Қазына» АҚ арасындағы ынтымақтастық туралы меморандумға салтанатты түрде қол қою рәсімі өтті.

Іс-шараға ҚР Президентінің көмекшісі Ербол Орынбаев, «Назарбаев Университеті» ДБҰ ректоры Шигео Катсу және «Самұрық-Қазына» АҚ төрағасы Өмірзақ Шөкеев қатысты.

Осы Меморандумның мақсаты Назарбаев Университеті мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның ғылыми-зерттеу, білім беру және инновациялық қызмет салаларындағы өзара ынтымақтастығын одан әрі дамыту болып табылады. Атап атйқанда, ұйымдар Назарбаев Университетінің зияткерлік-инновациялық кластерін дамытуда өзара іс-қимыл жасасуға;  «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның, оның ішінде еншілес және тәуелсіз ұйымдарының басшы қызметкерлеріне арналған білім беру бағдарламаларын іске асыруға (Executive Education Center); ақпараттық-коммуникациялық технологияларды бірлесіп дамытуға; «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның көмегімен Университеттің Жоғары бизнес мектебін дамытуға ниет білдіріп отыр.

Университеттің «Астана Бизнес Кампус» ғылыми паркінің жанындағы Назарбаев Университетінің зияткерлік-инновациялық кластерін дамыту аясында химиялық өнеркәсіп, металлургиялық  өнеркәсіп үшін шикізат өндіру және металлургия, жаңартылатын (жасыл) энергетика, «жасыл» құрылыс, энергия тиімділігін және өнімділікті арттыру сияқты басымды салалар бойынша жұмыс істейтін «Самұрық-Қазына» қорының корпоративтік ғылыми-зерттеу орталығы құрылатын болады. Бұл ынтымақтастық моделі ғылым мен бизнестің өзара қатынасын құруға мүмкіндік береді, ол өз кезегінде ұлттық компаниялардың инновациялық-технологиялық әлеуетін дамыту және  ғылыми нәтижелерді алу үшін қажетті зерттеу инфрақұрылымын құруға әкеледі.

Бұдан басқа, Университеттің жанында Executive Education бағдарламаларын ұсынатын орталықты ашу және бизнес саласындағы мәселелер бойынша зерттеулер жүргізу жоспарланып отыр. Бұл орталық Қордың қызметкерлері үшін кейіннен дәреже бере отырып, ашық тіркеу жүргізілетін корпоративтік бағдарламаларды ұсынатын болады. Сонымен қатар, Университеттің студенттері мен түлектерін одан әрі кәсіби тұрғыда дамыту үшін оларды Қордың құрамына кіретін компанияларда практикадан өткізу мен жұмысқа орналастыру көзделіп отыр. Сондай-ақ ақпараттық-коммуникациялық технологияларды дамыту үшін Қор өнімділігі жоғары есептеу ресурстарын құрып, Университеттің  Жоғары бизнес мектебінің білім беру бағдарламаларын іске асыруға қолдау көрсететін болады.

Осы Меморандумды іске асыру үшін бесжылдық кезеңге арналған іс-қимылдардың жол картасы әзірленеді. Жол картасының іске асу мониторингін  Назарбаев Университеті мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ-ның өкілдерінен құралған Байқаушы комитет жүзеге асырады.