Назарбаев Университетінде ҚР Кәсіби бағдар берушілер қауымдастығының құрылуы мен білім берудегі жаңа үрдістер талқыланды

29 және 30 қыркүйекте Назарбаев Университетінде (НУ) НУ-дың Қабылдау департаментінің бастамасымен ұйымдастырылған Қазақстан Республикасының Кәсіби бағдар берушілерінің VI Семинары өтті. Жоғары сынып оқушыларының кәсіптік бағдарына жауап беретін білім беру қызметкерлеріне арналған семинар жыл сайын танысу, ынтымақтастық, тәжірибемен алмасу және өзекті мәселелерді талқылау алаңына айналады. Биылғы жылы семинарға Қазақстанның барлық өңірлерінен келген 80-нен астам қатысушылар қатысты.

Семинардың бірінші күні қонақтар НУ-дың Ашық есік күніне және киберспорт пен гик-мәдениеттің тоғысқан жері NU GeekFest атты қалалық іс-шараға қатысты. NU GeekFest шеңберінде өткен білім беру бағдарламаларының ойын-сауық-танымдық жәрмеңкесінде НУ мектептерінің профессорлары мен өкілдері сұрақтарға жауап беріп, Университеттің зертханалары, жатақханалары мен кампусы бойынша таныстыру экскурсияларын және мастер-класстар өткізді.

Іс-шараның екінші күні НУ-дың Қабылдау департаментінің өкілдері Университетке оқуға түсу кезінде қажетті өзін-өзі таныстырудың тиімді әдістері (сұхбат, түйіндеме, уәждемелік хат), болашақ мамандықты таңдау ерекшеліктері, Университетке оқуға түсу кезеңдері туралы айтып берді. Бұдан басқа, НУ өкілдері хайп дәуіріндегі кәсіптік бағдар берудің маңыздылығы, 2030 жылға қарай қандай мамандықтардың жойылатындығы, VUCA жағдайында мектеп оқушыларымен кәсіптік бағдар беру жұмыстарын жүргізудің қиындықтары (тұрақсыздық, белгісіздік, қиындықтар мен қиыншылықтар), Қазақстанда таланттарды зерттейтін Universum компаниясы туралы айтты. Мексикадан келген НУ-дың түлегі жоғары оқу орны мен мамандықты таңдау барысындағы өз тәжірибесімен бөлісті, ал Қазығұрт ауылының студенті болашақ талапкерлерге бағдар берушілердің  қолдау көрсетуі мен тәлімгерлігінің маңыздылығын атап өтті. 

Семинардың топтық сессиясында қатысушылар республиканың мектептерінде кәсіби біліктілікті дамыту бойынша ұсыныстарды әзірлеп, Қазақстанның кәсіби бағдар берушілерінің қауымдастығын құру туралы өздерінің жалпы пікірін білдірді.

– Семинар жақсы деңгейде ұйымдастырылған және спикерлер де өте қызықты. Біз жоғары деңгейде өткен NU GeekFest-тің қатысушыларына айналдық. Семинардың екінші күні Лаура Қарабасова мен үшін қызықты спикер болды. Өз сөзінде ол Университетке өзін қалай таныстыру қажеттілігі және рекрутерлерге немесе кәсіби бағдар берушілерге өздерін қалай ұстау керектігі туралы айтып өтті. Біз күн сайын балаларға және олардың ата-аналарына консультациялар өткіземіз, гиг-экономиканы, сынып кампустары мен болашақта жұмыс істегісі келетін компанияларды ескере отырып, білімді дұрыс таңдауға кеңес береміз. Жоғары оқу орнын таңдау кезінде тек өздеріне ұнайтын ғана пәндерді таңдамау керек, яғни жоғары оқу орнын бұрынғыдай таңдау қажет емес. Біздің мектеп таңдау бойынша әрқашан дұрыс бағдар береді, өйткені нақты бір мамандықтың иесі бол деп оларға ешкім айтпайды. Бұл мәселені адамның өзі шешіп, жауапкершілікті өз мойнына алуы керек, – деп  атап өтті Langberry Astana мектебінің академиялық директоры Андрей Хомутовский.

Практикалық тәжірибені негізге ала отырып, семинарға қатысушылар оқушыларды жоғары оқу орындарына түсуге дайындауды 6 немесе 7-сыныптан бастаған жөн деп қорытынды жасады. Осы жастан бастап балада мамандықты таңдау, тұрақталу немесе қайтадан ойланып, жаңасын таңдау үшін уақыт жеткілікті болады.

– Менің кәсіби бағдарлаушы ретіндегі міндетім нақты уақыт мерзімін ескере отырып, оқушыға дұрыс бағыт беру. Әдетте, 11-сынып оқушысының кім болғысы келетіні туралы нақты түсінігі бар және ол қайда оқуға түсетінін біледі. Бірақ, менің ойымша, дайындықты ертерек, 7-8 сыныптан бастау керек. Мысалы, өткен жылы біздің мектептің 10 және 11-сынып оқушылары НУ-ға барды, он бірінші сыныптың екі оқушысы осында оқуға түсіп, қазір грант бойынша оқып жүр, алайда олар Мәскеу қаласындағы Жоғары экономика мектебіне оқуға түсуді жоспарлаған болатын. Ал осы жылдың қыркүйек айында маған оныншы сыныптың оқушылары келіп, НУ-ға оқуға түсуге ниет білдірді, сондықтан оларға оқуға түсу күндері бойынша кеңес беруді жөн көрдік, – деді   Павлодар қаласының дарынды балаларға арналған №8 мектеп-лицейі директорының оқу-тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Мнайдарова Мейрамгүл Серғожақызы.

– Бізге қазіргі заман жағдайындағы жас ұрпақпен жұмыс істеудің үрдістері туралы, Foundation-ға – Университет  алдындағы дайындық бағдарламасына оқуға түсудің өзгерістері туралы пайдалы ақпарат берілді және енді мен бұл туралы өз оқушыларыма айтып беремін. 10-сыныптан бастап біз оқушыларды SAT және IELTS емтихандарына, сондай-ақ Назарбаев Университетіне, сондай-ақ шетелдік жоғары оқу орындарына оқуға түсуге дайындаймыз. 7-8 сыныптан бастап, балаға өзін-өзі дайындау және өзін-өзі дамыту дағдыларын және әлеуметтік дағдыларды үйрету қажет деп санаймын, – деп бөлісті Есік қаласының А. Мәлкеев атындағы «Білім-инновация» мамандандырылған лицей-интернаты директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары Хожахметов Наурызбай Изетуллаұлы.