Назарбаев Университетінің ғалымдары жараны жазатын гидрогельді ойлап тапты
Назарбаев Университетінің National Laboratory Astana (NLA) Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының зерттеу тобы 2019 жылы қарашада АҚШ-тың беделді халықаралық бизнес-инкубация бағдарламасында күйік және тері жарақатын алған емделушілер үшін жараны жазатын гидрогель жобасын ұсынады. Халықаралық бәсекелестердің арасында зерттеушілер Америка нарығында өз стартаптарын дамытуға ниет білдірген Халықаралық ғылыми-техникалық инноваторларды қолдау мақсатында Global Innovation through Science and Technology (GIST) Initiative жариялаған бизнес-инкубацияның толық демеушілік бағдарламасына қатысу мүмкіндігіне ие болады.
Зерттеу тобының құрамындағы Назарбаев Университетінің ғалымдары: Шолпан Асқарова, Бауыржан Умбаев, сондай-ақ Висконсин-Мэдисон университетінің биоинженерия саласындағы магистратура бағдарламасының студенті Малика Шертай.
– Өнімнің болашағы және артықшылығы – бұл тек күйікке, тері жарақатына шалдыққан науқастарды ғана емес, сонымен қатар Қазақстан мен АҚШ-тағы, сондай-ақ басқа да дамушы елдердің өткір проблемасы болып табылатын диабеттік табан деп аталатын аурумен ауыратын науқастарды емдеу мүмкіндігі. Жақпа қауіпсіз табиғи компоненттер мен технологияны пайдаланудың қарапайымдылығымен сипатталады және аллергиялық реакция тудырмайды, – деп түсіндірді NLA Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекші ғылыми қызметкері Бауыржан Умбаев.
Зерттеушілердің пікірінше, күнделікті медициналық практикада терінің жаралары мен күйіктері маңызды клиникалық проблема болып қалады, ал ерте және кеш асқынулар көбінесе әртүрлі аурулар мен өлім-жітімнің себебі болып табылады. Жас ұлғайған сайын терінің созылмалы жарақат аурулары да өршуде, осылайша 45-тен 65-ке дейінгі жас аралығындағы адамдарда терінің созылмалы зақымдану жиілігі 100 000 тұрғынға шаққанда120-ны құрайды және 75 жастан асқан 100 000 тұрғынға шаққанда 800-ге дейін артады. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтері бойынша күйіктер жыл сайын 180 000 өлім-жітімнің себебі болып табылады. Жараны жазатын гидрогель сияқты жаңа өнімдер осы пациенттерді емдеуге, сондай-ақ жараға күтім жасау бойынша кешенді терапия құнының төмендеуіне ықлар етер еді.
– Біздің әзірлемеміздің негізгі компоненттері термосезімтал гидрогельмен аралас табиғи өсу факторларынан тұрады. Біз гидрогельді зертханалық жануарларға сынақтан өткіздік және көп үміт күттіретін нәтижелерге қол жеткіздік, – дейді зерттеу тобының және NLA Биоинженерия және регенеративті медицина зертханасының жетекшісі Шолпан Асқарова.
Зерттеу тобының маркетинг жөніндегі менеджері ретінде Малика Шертай АҚШ-тың бизнес-инкубация бағдарламасында жобаны ұсынады, ал одан әрі өнім технологиясын дамыту және әлемдік нарыққа шығуды бағалау бойынша жұмыс істейтін болады.
Қазір жоба клиникаға дейінгі зерттеулердің ерте сатысында тұр. Болашақта зерттеу тобы гидрогельді клиникалық сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Коммерцияландырудан кейін емделушілер гидрогельді дәріханаларда сатып ала алады, бірақ нақты географиялық коммерцияландыру орны әзірше белгіленген жоқ.