НУ студенттерінің сутегі эко-отынын өндіру жобасы гендік инженерия жөніндегі аса ірі халықаралық байқауда таныстырылатын болады
Назарбаев Университетінің студенттер командасы Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің доктор Абдулла Махбубтың жетекшілігімен жыл сайын Бостон қаласында өтетін (Массачусетс, АҚШ) International Genetically Engineered Machine (iGEM) байқауына қатысады. Бұл синтетикалық биология саласындағы ең ірі халықаралық байқау, оған әлемнің алты мыңнан астам студенттері мен оқытушылары қатысады. Назарбаев Университетінің студенттері 2017 және 2018 жылдары екі рет iGEM алтын медалін жеңіп алған болатын.
Биыл студенттер генетикалық түрлендірілген цианобактериялардан жасалған наноматериалдар өндіру жобасын ұсынады. Бұл өнім электрокатализатор ретінде және сонымен бір мезгілде қазіргі заманғы сутегі автомобильдерінде экологиялық отын ретінде пайдаланылатын газ тәрізді сутегі өндіруде пайдаланылуы мүмкін.
“Осы тұрғыдан алып қарағанда, біз екі бірегей шешімді бір әдіске біріктіруді ұсынамыз”, – деп атап көрсетті команда көшбасшысы, НУ Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің үшінші курс студенті Атабек Бекташ.
Команда әзірлеген цианобактериялар химиялық қалдықтардағы сульфидті кәдімгі күкіртке айналдыра алады. Содан кейін биомасса күкірт және азот элементтері бар графит материалдарына түрленеді. Зерттеу барысында осы графит материалдарының Toyota Mirai және Hyundai Nexo сияқты сутегі автомобильдерінде пайдаланылатын платинадан жасалған қазіргі электрокатализатордан басым екендігі анықталды.
Байқау алдында стартап-жоба Shell Қазақстан қолдауымен “ABC Incubation Program” инкубациялық бағдарламасына және Green Tech көрмесіне қатысып, Seedspace Nur-Sultan алаңында 300 000 теңгелік сертификат түрінде “Astana Innovations” АҚ-да білім алудың арнайы жүлдесіні жеңіп алғанын атап көрсеткен дұрыс. Әзірлеушілер командасына 21 адам кіреді, олардың барлығы НУ жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар және инженерия және сандық ғылымдар мектептерінің 2-3- курс студенттері.