Назарбаев Университетінде түлектер мен студенттерінің онлайн-форумы өтті
2030 жылға қарай Назарбаев Университеті адами капитал мен цифрлық технологияларға бағдарланған, теңдестірілген экожүйенің бір бөлігі болуы тиіс. Назарбаев Университетінің Президенті Шигео Катсу НУ түлектері мен студенттерінің форумы барысында ЖОО-ның осындай даму пайымымен бөлісті.
Онлайн-іс-шара жиналғандар үшін ЖОО-ның 10 жыл ішінде өткен жолы және оны одан әрі дамыту жоспарлары туралы талқылауға мүмкіндік болды. Университет президенті Шигео Катсу құттықтау сөзінде университеттің негізін қалаушы – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қосқан үлесінің маңыздылығы туралы айтты.
“Біздің Университет – Тұңғыш Президенттің ерлігі мен мұрасының көрінісі. 10 жыл ішінде біздің университет іс жүзінде конгломератқа айналды. Бұл біздің университеттің негізін қалаушының пайымы мен ұстанымының тағы бір дәлелі. Ол бізге жай ғана университет емес, одан да жоғары деңгейде болуға мүмкіндік берді”, – деп атап өтті Шигео Катсу.
Назарбаев Университеті түлектерінің саны 6 мыңға жақындап келеді. Бүгін олар Қазақстанда да, шетелде де түрлі салаларда жұмыс істейді. НУ түлектері – бұл мұғалімдер, дәрігерлер, мемлекеттік қызметшілер, инженерлер, ғалымдар, өнертапқыштар мен кәсіпкерлер. Олар бәсекеге қабілетті, өршіл, ынталы, бірақ ең бастысы – олар күн сайын ел игілігі үшін қажырлы еңбек етуде.
“Мен НУ-да оқуыма дейін жалғыз адам жүйені өзгерте алмайтынына сенімді болғанмын. Содан кейін менің түсінгенім, егер біз сияқты адамдар өз күштерін, білімдерін біріктірсе және бірлесіп жұмыс істейтін болса, бәрі де мүмкін”, – деді НУ түлегі, Ұлттық ғылыми кардиохирургия орталығы төрағасының орынбасары Әйгерім Әбдиоразова.
Бауржан Оспан, НУ түлегі және “Cleverest Technologies” компаниясының негізін қалаушы Университеттің оған не бергені туралы айтып берді: “Менің кәсіби қызметім үшін осында алған hard skills, soft skills, нетворкинг және уәждеме сияқты дағдыларым маған өте қажет болды. Мұның бәрі менің жұмысыма көп көмектесті”.
Өз университеті туралы шетелдік студенттер де жылы лебіздерін білдірді. Мексикадан келген Сандра Реал Назарбаев Университетінде білім алып қана қоймай, осында жұмыс істеуге қалды.
“НУ – ерекше орын, біз мұнда барлығымыз көп мәдениетті отбасы сияқтымыз. Мен Университетке көрсеткен қолдауы үшін өте ризамын. Мұнда әр адам, оқытушылар, студенттер, қызметкерлер сен үшін жанын аямайды”, – деп атап өтті НУ халықаралық студенттермен және мамандармен жұмыс жөніндегі офисінің менеджері Сандра Реал.