NU Step to PhD: Юлия Сафарова (Янцен), Biomedical Engineering PhD бағдарламасының түлегі

Біздің NU Step to PhD айдарының кезекті қонағы – Юлия Сафарова (Янцен), Biomedical Engineering PhD бағдарламасының түлегі, НУ ИЦҒМ. Юлия – “Болашақ” бағдарламасының стипендиаты (BSc in Biomedical Sciences, University of Auckland, New Zealand, 2011), 2015 жылы Л. Н.Гумилев атындағы Еуразия Ұлттық Университетінде “Биология” мамандығы бойынша магистратураны аяқтады. Қазіргі уақытта Юлия Сафарова National Laboratory Astana-да ғылыми қызметкер болып жұмыс істейді.

Докторлық зерттеуіңіз туралы айтып беріңізші?

Менің докторлық зерттеуім жасуша терапиясының жаңа тәсілімен, атап айтқанда жасуша мембранасының белгілі бір тіндерге жасуша жеткізілуін жақсартуға арналған беттік модификациясымен байланысты болды. Біз мезенхималық бағаналы жасушаларды сүйек тініне тікелей жеткізу үшін остеофильді полимермен модификацияладық. Бұл тәсіл остеопороз кезіндегі сынықтарда сүйек тіні регенерациясын тездету үшін қолданылды, өйткені остеопорозға байланысты сынықтар әдеттегіден әлдеқайда баяу бітеді. Жоба аясында біз Карнеги Меллон университетінің профессоры, менің сырттағы жетекшім Алан Расселдің зертханасымен қызметтестік.

Сіздің жұмысыңыздың қолданбалы мәні неде?

Қолданбалы мәні күнделікті медициналық тәжірибеде жасушалық технологияны қолдануда. Алайда Қазақстанда биомедициналық жасушалық өнім ұғымы заңнамалық деңгейде әлі енгізілмеген. Сондықтан қазіргі уақытта технологияны қолдану мүмкін емес.

Диссертацияңыздағы жұмыс процесі туралы не айта аласыз?

Қазақстанда Назарбаев Университеті – биомедициналық зерттеулерге арналған зертханалардың жабдықталуы бойынша ғана емес, оқытушы-профессорлар құрамы бойынша да үздіктердің бірі. Біздің оқытушылардың арасында өз саласындағы жетекші ғалымдар, дәйексөз индексі жоғары жарияланымдардың авторлары болды. Оқу кезеңінде бағдарлама директоры, профессор Луис Рохас бізді диссертациялық жұмысты қорғау жолында әдістемелік және табандылықпен бағыттап, ынталандырды. Оқу барысында мен Карнеги Меллон университетінің базасында тағылымдамадан өттім, сондай-ақ 2016 жылы Biomaterials for Healthcare (Рим, Италия) халықаралық конференциясында зерттеу нәтижелерін ұсындым, онда жас ғалымдар арасында үздік ауызша сөз сөйлегенім үшін бірінші орын алдым.

Алдағы жоспарларыңыз туралы айтып берсеңіз.

Мен ғылыми зерттеулермен айналысуды, бірақ жаңа рөлде – жоба жетекшісі ретінде жалғастыруды жоспарлап отырмын. PhD дәрежесі – бұл үлкен жауапкершілік пен жүктемемен байланысты мансаптың жаңа деңгейі. Дәреже ғылыми жобалардың жетекшісі болуға мүмкіндік береді. Алайда, тікелей ғылыми зертханалық жұмыстардан басқа, бұл рөл қағаз, бюрократиялық бөлікті де қамтиды: гранттарға өтінімдерді толтыру, жалықаралық ғылыми-зерттеу институттарымен және зертханалармен ынтымақтастық және т.б.

Болашақ докторанттарға не тілейсіз?

Болашақ докторанттарға тілейтін негізгі тілектерімнің бірі – тоқтап қалмау және үміт үзбеу. Өзіңіздің ғылыми-зерттеу гипотезаңызды нақты тұжырымдау және әдістемелік тұрғыдан жоспар бойынша әрекет ету. Бұл оңай процесс емес, бірақ нәтижесінде сіз аясы тар саладағы бірегей маманы боласыз және сіздің алдыңызда әлемнің жетекші зертханаларында жұмыс істеу мүмкіндіктерімен үлкен таңдау тұрады.