НУ студенттері мен түлектері Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевқа хат жолдады

Құрметті Нұрсұлтан Әбішұлы!

Қазақстандық қоғам көзге көрінбейтін жауға – коронавирус індетіне тап болды, өкінішке орай, індет Сізді де және мыңдаған қазақстандықтарды да айналып өтпеді. Назарбаев Университетінің студенттері мен түлектерінің атынан Сізге және науқасқа шалдыққандардың барлығына тез сауығуды тілейміз және осы аурумен күресуде біздің қолдауымыз Сіздің рухыңызды көтеруге көмектеседі деп үміттенеміз!

Осыдан тура 10 жыл бұрын Сіздің бастамаңызбен біздің Университетіміздің есігі ашылған болатын. Университет осы уақыттың ішінде әлемнің жетекші университеттерімен тең дәрежеде бәсекелесуге тырысып, ұлттық жоғары білім жүйесінің флагманы бола алды. Сіздің бастамаңыздың арқасында еліміздің мыңдаған жас және дарынды таланттары үшін олардың әлеуетін дамытуға жағдайлар жасалды, Қазақстаннан шықпай-ақ халықаралық стандарттар деңгейінде жоғары сапалы білім алуға бірегей мүмкіндік берілді. Бүгінгі таңда Назарбаев Университетінің төрт жарым мыңнан астам түлектері өз Университетін Қазақстанда да, шетелде де лайықты деңгейде танытуда. Бүгінгі күні Университеттің студенттері мен түлектері Сіз тілегендей, түрлі салаларда аянбай еңбек етіп, қазақстандық қоғамның дамуына өз үлестерін қосуға тырысуда.

Сіздің өміріңізде, соның ішінде еліміздің және оның барлық азаматтарының өміріне қатысты көптеген кедергілер мен қиындықтарды еңсеруге байланысты қиын өмірлік жағдайлардың болғанын біз білеміз, Сіз қиыншылықтардың барлығын еңсеріп, жеңіп шықтыңыз. Сіз біз үшін нағыз биік тұлға, мықты және дана көшбасшының жарқын үлгісі болып табыласыз. Сіздің тәжірибеңізге сүйеніп, Сіз бастаған істі жалғастыруға дайын бүгінгі көшбасшылардың, менеджерлердің, өз Отанының патриоттарының жаңа буыны Сізден үлгі-өнеге алып тәрбиеленуде. Сізге зор сенімімізді және қолдауымызды білдіруге рұқсат етіңіз. Деніңіз сау болсын, біздің Тұңғыш Президентіміз!