НУ түлектері: Мен BI Group компаниясында жұмыс істеймін
Біз түлектерімізбен және олардың жұмыс берушілерімен сұхбаттар сериясын жалғастырамыз. Бүгінгі сұхбатымыздың кейіпкерлері – «Ең үздігін таңда»: жоба, команда, технологиялар, менеджмент» қағидаты бойынша жұмыс істейтін BI Group ірі құрылыс холдингінің қызметкерлері.
Бүгінгі күнгі BI Group – бұл күшті корпоративтік мәдениетті біріктірген, 8000 жоғары білікті қызметкері бар холдинг. Компания корпоративтік басқарудың үздік әлемдік тәжірибесіне сүйенеді, жұмыстың барлық салаларында халықаралық стандарттарды ұстанады және командалық корпоративтік рухты көтерудің түрлі технологияларын қолданады.
BI Group компаниясының HR жөніндегі басқарушы директоры Олегжан Бекетаев жаңа қызметкерлерді жалдау кезінде компания қандай қағидаттарды ұстанатынын айтты. Назарбаев Университетінің 2016-2019 жылдардағы бес түлегі Университетте алған білімдерінің алдағы мансабында оларға қалай көмектескені, жұмысқа орналасу тәжірибесімен және «бақытқа бірге жету» туралы әңгімелеп берді.
Олегжан Бекетаев, BI Group компаниясының HR жөніндегі басқарушы директоры
– Мінсіз үміткер қандай болуы керек?
– Біз үшін мінсіз үміткерлер – бұл тиімділігі жоғары, бастамашыл, нәтижеге бағытталған, коммуникативтік дағдылары бар және үздіксіз дамуды іздейтін, компанияның миссиясы мен құндылықтарынан рухтандырылған, командада табысты жұмыс жасауды білетін белсенді көшбасшылар.
– Персоналды іріктеу жөніндегі менеджерлер үміткер туралы не білгісі келеді?
– Біріншіден, үміткердің корпоративтік құзыреттілік моделіне және корпоративтік құндылықтарға қаншалықты сәйкес келетіндігі. Екіншіден, үміткердің өзгерістер жағдайындағы көп тапсырмалар режимінде жұмыс істеуге қаншалықты дайындығы. Және соңғысы, үміткердің сыни тұрғыдан ойлау қабілетіне ие болуы.
– Түлектердің әңгімелесу кезінде жіберетін негізгі қателіктері немен байланысты?
– Мен жұмыс берушіге деген жоғары үміттерді және түйіндемеде клишені қолдануды атап өтер едім.
– Қызметкердің жұмысы қаншалықты табысты екенін бағалау қалай жүргізіледі?
– Біздің компания қызметкерлердің тиімділігі мен нәтижелілігін өлшеу үшін ішкі құралдарды пайдаланады, мысалы, KPI (өнімділік), аттестаттау (кәсіби жарамдылық) және 360 бағалау (жеке іскерлік қасиеттер).
– Сіз жаңадан келгендерді командаға қалай енгізесіз?
– Ол үшін біз тренингтерді, дамыту іс-шаралары мен топ-менеджментпен уәждемелік кездесулерді, объектілерге баруды және тәлімгермен жұмысты қамтитын, жаңа қызметкерлерге арналған бейімделу бағдарламасын енгіздік.
– Түлек-үміткерлердің түйіндемелерін қарау кезінде сіз қандай нәрселерге назар аударасыз?
– Негізінен кәсіби тәжірибеге (практика, тағылымдама, жобалар, студенттік альянстар, волонтерлік және т.б.), белсенді өмірлік ұстанымын дәлелдей алатын барлық нәрселерге, ғылыми қызметке, олимпиадаларға қатысу нәтижелеріне көңіл бөлеміз.
– Сіз НУ түлектеріне қандай сипаттама берер едіңіз?
– НУ түлектері белсенділігімен, бастамашылдығымен, айрықша ойлау қабілетімен, жаңа нәрселерді үйренуге ашықтығымен ерекшеленеді. Әрине, олар сондай-ақ өршіл және айқын көшбасшылық әлеуетке ие.
София Ақмешева (Кудаскина), Бақыт бөлімінің басшысы, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің 2017 жылғы түлегі.
– Сіздің ойыңызша, университетті бітірген студенттер қандай нәрселерге ерекше назар аударулары керек?
– Мен үшін, сондай-ақ көптеген жоғары курс студенттері үшін де, соңғы жыл оқу жағынан да, моральдық жағынан да өте шиеленісті болды. Белгісіздік алдындағы қорқыныш, «мен бәрін дұрыс істеп жатырмын ба?» деген сұрақты үнемі қою, қоғамның, ата-ана мен қарапайым таныстардың тарапынан қысым көру – бұлардың бәрі өсудің ажырамас бөлігі. Бұл әрине қалыпты жағдай. Өзіңізді тежемеңіз, ең бастысы – уақытында өзіңізді қолға алып, әрекет ете бастаңыз ☺
– Оқуды бітіру кезінде қандай жоспарларыңыз болды және олар сіздің мансабыңызға сәйкес келді ме?
– Алдағы өмір жолыңызды саналы түрде анықтау өте маңызды. Бұл – әр қарай оқуды жалғастыру және магистрлік/докторлық дәреже алу, немесе жұмыс немесе бизнес ашу.
Мен жұмыс істеуге және тәжірибе жинауға бел будым. Мен алған білімімді іс жүзінде қаншалықты пайдалана алатынымды түсінгім келді. Менің қазірдің өзінде мемлекеттік және жеке компанияларда тағылымдамадан өту тәжірибем бар – бұл даму тұрғысынан қызықты болатын салаларды анықтауға көмектесті.
Компанияны таңдау кезінде мен үшін ең маңыздысы екі аспект болды: өсу және оқу мүмкіндіктері, корпоративтік мәдениет және компанияның құндылықтары.
3 жылдық жұмыс өтілімнен кейін мен компанияны таңдауым дұрыс болды деп айта аламын және неге екенін түсіндіргім келеді. BI Group компаниясы жаңа қызметкерлердің тағылымдамалардан өтуі мен бейімделуінен бастап даму бағдарламаларына көп көңіл бөледі. Әрбір жаңадан бастаушыға тәлімгер тағайындалады, ол кәсіби және жеке жоспарлар құруға үйретеді және көмектеседі. Әрине, өзіңіздің де бастамаңыз, қызығушылығыңыз және жаңа салаларды дамытуға және игеруге деген нақты ықыласыңыз үлкен рөл атқарады. Компания өте серпінді және тез дамып келеді, сондықтан ешқашан жалықпайсыз. Жаңа жобаларға әрқашан сын-қатерлерге дайын, өршіл және ақылды балалар қажет.
Таңдаудың келесі негізгі факторы – Компанияның корпоративтік мәдениеті, құндылықтары мен миссиясы. Сіздің жеке құндылықтарыңыз бен компанияның құндылықтары синергия мен келісімде болуы маңызды. Мұндай жағдайда, компанияның ішіндегі атмосфера сіздің өсуіңізге, дамуыңызға және әлеуетіңіздің ашылуына ықпал етеді. Компанияның миссиясы сіздің қызметіңізге көбірек мән беріп, үлкен нәрсеге қатыстылық сезімін сыйлайтын сіздің полярлық жұлдызыңыз болады.
BI Group компаниясының миссиясы: «Біз бақытты құрамыз», компанияның негізгі қағидасы мынадай формуладан тұрады: бақытты қызметкер = бақытты клиент = табысты компания.
BI адамдар негізгі және басты капитал екенін түсінеді, ал нақты жетістік қызметкерлердің кәсіби және жеке тұлға ретінде өздерін қаншалықты жайлы сезінуіне байланысты болатыны белгілі. Сондықтан компания өзінің қызметкерлерін дамытуға, ынталандыруға және қолдауға қомақты қаражат салып, әлемнің озық тәжірибелерін үнемі жетілдіріп, енгізіп отырады.
Бақытбек Махин, Өндірістік-техникалық бөлімнің бастығы, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 2017 жылғы түлегі.
– Университет кәсіби тұрғыдан өзіңізді жүзеге асыруда қандай рөл атқарды?
– Оқу және студенттік өмір маған ерекше дағдылар берді. Мысалы, қораптың сыртында ойлау, туындаған жағдайларды сыни тұрғыдан қарау, үлкен көлемдегі ақпаратты іздеу, өңдеу және тез игеру және т.б., осылардың барлығы маған мансабымның басында және қазіргі әр жаңа жобада жұмыс істеуге көмектесті. Университетте алған дағдылардың көмегімен мен жұмыс тәжірибесінің жоқтығын өтей алдым және жоғары біліктілікті көрсете алдым.
Мирас Төлтаев, халықаралық жобаларды дамыту жөніндегі менеджер, Жаратылыстану, әлеуметтік және гуманитарлық ғылымдар мектебінің 2016 жылғы түлегі.
– Диплом алғаннан кейін өмірге деген көзқарас қалай өзгерді?
– Университет қабырғасындағы әрбір жыл жарқын және қызықты оқиғаларға толы болды. Бізге жасалған барлық қолайлы жағдайлар елімізде болып жатқан барлық жағдайлардан бізді қорғаштап тұрғандай болды. Сондықтан, мен НУ-да оқып жүрген кезімде өзімнің ерекшелігімді сездім және сыни тұрғыдан ойлауға үйрендім.
Магистратурада оқу барысында мен өзімді жақсы түсінуге үйрендім. Үйден алыс жерде мен үшін отбасым мен мәдениетім маңызды екендігі маған айқын болды. Сол кезде мен өзімді Еуропаның емес, Қазақстанның еңбек нарығындағы бәсекеге қабілетті адамы ретінде сезіндім. Сонымен қатар, мен тез арада отбасын құрып, өз өмірімді реттегім келді. Сондықтан мен Қазақстанға оралып, еңбек жолымды осы жерден бастауға бел будым.
– Сіздің дүниетанымыңызды айтарлықтай өзгерткен жоғары оқу орны мен жоғары оқу орнынан кейінгі өмірде есте қаларлық эпизодтар болды ма?
– Қазақстанға оралғаннан кейін мәселе оңай болып көрінді: шетелдік университеттің дипломымен бірге НУ дипломы, тілдерді білу, жұмыс берушіге тағы не қажет? Біраз уақыттан кейін және бірнеше сәтсіз сұхбаттан кейін менің мамандығым тек сұранысқа ғана ие емес, сонымен қатар ақшасы аз төленетін екендігін түсіндім. Өзіме қызықты салада жұмыс істейтін таныстарымнан сұхбат алғаннан кейін, тәжірибеден басқа, жұмысқа орналасу және алға жылжу үшін байланыстың қажет екендігі белгілі болды.
Байланыстарды орнату, сұхбаттасуларға қатысу және өзімді асырауға уақыт бөлу үшін маған адамдармен қарым-қатынас, икемді кесте және қандай да бір табыс қажет болды: сондықтан мен қонақ үйдегі ресепшенге жұмысқа орналастым. Сол кезде маған бұл керемет идея болып көрінді. Мен өз дипломдарымды алған бойда өзімді солардың қатарында көргім келетін адамдарға күн сайын қызмет еттім. Мен өз ісімнің маманы болып, еліміздің дамуына үлес қосқым келді.
Бірде мені бизнес-аналитик лауазымына сұхбаттасуға шақырды. Сұхбат қорытындысы бойынша мен жұмысқа шақырту алдым: маған қойылған талаптар да, позиция да ұнады, сұхбаттасудан өткен соң екі күннен кейін BI Group қатарында болдым. Осы позицияда бір жарым жыл жұмыс істеп, жеткілікті тәжірибе алып, мен халықаралық жобаларды дамыту жөніндегі менеджер лауазымына көштім, менің міндетім — BI Group-ты шетелдік нарыққа шығару. Осылайша, магистр дипломын алғаннан кейін 3 жыл өткен соң, мен өзімді жақсы түсіндім, отбасын құрдым және Қазақстанды халықаралық аренада көрсету мүмкіндігіне қол жеткіздім.
Әсел Бисенова, Техникалық менеджер, Халықаралық жобалар басқармасы, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 2016 жылғы түлегі
– Сіз жұмысқа кіріспес бұрын қанша сұхбатқа қатыстыңыз?
– Шынымды айтсам, магистратураны бітіргеннен кейінгі бұл менің алғашқы сұхбатым. 2018 жылдың қысында BI International Graduate бағдарламасы бойынша алғашқы жиын болды, оның нәтижесі бойынша мені BI Technology – Құрылысқа жаңа технологияларды енгізу орталығына қабылдады. Бір жылдан кейін мен кепілдікті қызмет көрсету бөлімін басқардым, ал 2020 жылы жаңа сын-қатер – Халықаралық жобалар мен медицина саласындағы жобаларға техникалық сүйемелдеу көрсету.
– Әңгімелесуде қандай қиындықтар туындады?
– Әңгімелесуге алдын ала дайындалғандықтан, қиындықтар туындаған жоқ. Ресми жұмысқа орналасқанға дейін мен 2014 жылы BI Group-та тәжірибеден өттім, 2016 жылы BI тағылымдамашы бағдарламасы бойынша тағылымдамадан өттім, 2017 жылы салынып жатқан тұрғын үй объектілерінің бірі туралы магистрлік диссертация жаздым, сондықтан компаниямен бұрыннан таныс болдым және көп нәрсеге үйрендім деп сеніммен айта аламын.
Тимур Мәліков, Сату департаментінің Даму бөлімінің бизнес-талдаушысы, Инженерия және цифрлық ғылымдар мектебінің 2019 жылғы түлегі.
– Технологиялар мен нарықтың дамуын ескере отырып, университеттің қандай мамандықтарына деген сұраныс алдағы 5-10 жылда артады, Сіздің пікіріңіз?
– XXI ғасыр 3 Үлкен блоктан тұрады: Ақпарат, сату және тұтыну. Жаңа технологияларды құрумен айналысатын барлық компаниялар осы салалардағы бизнес-процестерді барынша автоматтандыруға тырысады. Artificial Intelligence, Big Data және Internet of things еңбек нарығының өзгеруіне әкеліп соқты, ал қарапайым кәсіптердің көпшілігі автоматтандырылған жүйелерге ауыстырылды. Бүгінгі таңда Сomputer scientist’ шетелде ғана емес, Қазақстанның ірі қалаларында да сұранысқа ие болып отыр. Math major’a статистикалық теңдеулері бағдарламалар мен машиналарды оқыту үшін көбірек бағаланады.
Бірақ бұған қарамастан, дәрігер мен мұғалім сияқты мамандықтар өз қажеттілігін жоғалтпайды. Олар, бүгінгі таңда басқа танымал мамандықтар сияқты, жай ғана өзгеруі мүмкін.
– Сіздің ойыңызша, мамандық бойынша жұмысқа орналасу үшін студент (болашақ түлек) қандай қасиеттерге ие болуы тиіс?
Нарық дамуға, білім деңгейін арттыруға және әртүрлі жағдайларға бейімделуге қабілетті және дайын мамандарға қызығушылық танытады. Мобильділік, көп мәселелік, стресске төзімділік және бірнеше бағыттың қиылысында түрлі салаларда жұмыс жасау – бұл оқу бітірушілер үшін өзіне қажетті лауазымды алудың басты атрибуттары.