НУ және Мемлекеттік басқару академиясы қазақстандық мемлекеттік қызметшілерді оқытып шығарды
Жоғары буындағы 50 мемлекеттік қызметші “Жаңа формация басшысы” бағдарламасы аясында оқытудан өтті. Тренингке вице-министрлер, облыс, қала және аудан әкімдерінің орынбасарлары, Президент Әкімшілігінің бөлім басшылары, сондай-ақ президенттік кадрлық резерв өкілдері қатысты.
Тренинг қатысушыларға мінез-құлық экономикасы, сценарийлік жоспарлау, дизайн-ойлау туралы көбірек білуге мүмкіндік берді, сондай-ақ мемлекеттік қызметшілерді көшбасшылық, менторлық және дағдарыстағы коммуникация саласындағы соңғы зерттеулермен таныстырды.
Оқытуды Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің (ЖМСМ) оқытушылары Сингапур ұлттық университетінің Ли Куан Ю мемлекеттік саясат мектебімен және Мемлекеттік басқару академиясымен әріптестікте жүргізді.
Мемлекеттік қызметшілер құзыреттердің үш бағытын: “жаһандық пайымдауды”, “тиімді коммуникацияларды” және “трансформациялық көшбасшылықты” дамытуға бағытталған 10 апталық курстан өтті. Сабақтар әртүрлі форматта өтті: стратегиялық сессиялардан, интерактивті пікірталастар мен тренингтерден бастап кейс-стади талқылауына және шағын топтардағы жұмыстарға дейін.
“Барлығы 10 модуль, 240 сағат оқыту болды. Тренерлер білім беру траекториясын, оқыту бағытын, курстар әдістемесін әзірлеу үшін бірқатар сессиялар өткізді. Оқытудың негізгі мақсаты тыңдаушылардың жаңа формация басшыларына қажетті дағдыларын арттыру болды. Мен оқуға қатысқан әрбір тыңдаушы қажетті білім алып, өзінің әлеуеті мен құзыреттілігін одан әрі арттыра алатынына сенемін”, – деп атап өтті Мемлекеттік басқару академиясының ректоры Ерлан Әбіл.
“Біз тиімді мемлекеттік басқарудың маңызы бар екеніне сенімдіміз және қазақстандықтардың өмірін жақсарту жөніндегі біздің миссиямызды іске асыруда алға жылжу үшін Академиямен әріптестік аясында бізге берілген мүмкіндік үшін ризамыз. Қатысушылар сценарийлік жоспарлау мен перспективалық ойлаудың жаңа үрдістерімен, мемлекеттік саясат шешімдерін қабылдауда мінез – құлық инсайттарын қолданумен және бағдарламаларды қалыптастыруда инновацияларды енгізудің, Қазақстан халқына қызмет етуіңіздің тиімділігін арттыруға көмектесетін мемлекеттік қызметтер көрсету мен басқарудың түрлі тәсілдерімен танысты деп үміттенеміз”, – деп атап өтті Назарбаев Университеті Жоғары мемлекеттік саясат мектебінің деканы Венг Тат Хуэй.
Курс соңында қатысушылар тренинг туралы өз әсерлерімен бөлісті.
“Барлық ұйымдастырушылар мен жаттықтырушыларға үлкен рахмет! Бұл өте керемет жоба болды, ол ой-өрісімізді кеңейтуге, жаңа құралдарды игеруге мүмкіндік берді. Бірақ, ең бастысы – бұл біз лайықты адамдар мен нағыз патриоттардың ортасындамыз деген тағы бір сенім! Барлығына сәттілік пен табысты болуды тілейміз! Өйткені, біздің жетістігіміз – бұл еліміздің табысты болуына қосқан үлесіміз!”,- деді Павлодар облысы әкімінің орынбасары Сәкен Шаяхметов.
“Жаңа формация басшысы” бағдарламасын енгізу қажеттілігін Тұңғыш Президент Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылғы 5 қазанда “қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру” Жолдауында атап өтті. Елбасы НУ ЖМСМ-ға Мемлекеттік басқару академиясымен бірлесіп, басқарушылар мен мемлекеттік қызметшілер үшін тренингтер өткізуді тапсырды.