“Қазақ тілі бойынша жағдай бір ұрпақтан кейін жақсарады”
Біздің бүгінгі сұхбаттасушымыз – Юлай Шамильоглу, профессор және Назарбаев Университетінің Қазақ тілі және түркі зерттеулері кафедрасының меңгерушісі. Профессор бізге неге бір күні Қазақстанға қоныс аударғаны, қазақ тілімен қалай және қашан танысқаны туралы, оны оқытудың ерекшеліктері қандай екенін және оның пікірінше, қазақстандықтардың оны меңгеруіне не кедергі келтіретіні туралы айтып берді.
Профессор Шамильоғлының ғылыми қызығушылықтары Таяу Шығыс пен Орталық Еуразияның түркі тілдері мен мәдениеттері тарихының теориялық мәселелерін, орта ғасырлар кезеңіндегі Таяу Шығыс пен Орталық Еуразияның әлеуметтік-экономикалық тарихын (атап айтқанда, Алтын Орда тарихы), түркі-ислам өркениеті тарихын, (мұсылман) түркі халықтары арасындағы қазіргі заманғы зияткерлік қозғалыстарды қамтиды. Профессор түркі тілдері мен филологиясы саласындағы маман болып табылады, көне түрік тілі, шағатай, осман-түрік, сондай-ақ әзірбайжан, өзбек, ұйғыр және қазақ тілдері бойынша курстардан сабақ берді.
Өзіңіз туралы аздап айтып берсеңіз. Түркі тілдері мен мәдениеттерін зерттеуге қалай келдіңіз?
Мен 1958 жылы Нью-Йоркте дүниеге келдім, ата-анам – Қазан татарлары. Татар тілі – менің алғашқы тілім, мен ағылшын тілін теледидар арқылы үйрендім. Уақыт өте келе мен басқа тілдерді, соның ішінде түркі тілдерін үйренуге қызығушылық таныттым. Кездейсоқ жағдайлардан кейін мен Колумбия университетінде түрік тілін оқи бастадым. Менің оқытушыларымның бірі өте құрметті түркітанушы ғалым болды және оның арқасында мен тек түрік тіліне ғана емес, Еуразия тарихына да терең қызығушылық таныттым. Мен түркі тілдеріне өте қызығып, өз бетімше білім алуға көп уақыт жұмсадым. 1980 жылдары Индиана университетінде жұмыс істедім, онда мен әзірбайжан, ұйғыр, өзбек тілдерінен сабақ бердім. 1989 жылы Висконсин университетіне ауысып, 2017 жылы зейнетке шықтым. Сол кезде түркі тілдері туралы көп оқығаным есімде, мен осы тақырыпта дәріс оқыдым.
Сіз қазақ тілін қашан үйрене бастадыңыз және оны неге үйренгіңіз келеді?
Қазақ тілімен мен әйгілі Венгр түркітанушысы Иштван Қоңыр Мандоки және оның әйелі арқылы танысқаным есімде, ол осы күнге дейін Будапештте тұрып жатыр. Олар менімен алғаш рет қазақ тілінде сөйлескен адамдар еді. Мен Висконсин университетіне жұмысқа ауысқанымда, біз түркі тілдері бойынша жазғы курстар ұйымдастыра бастадық, бізде қазақ тілі бойынша шақырылған оқытушы болды. Ол маған қазақ емлесінің мен түсіне алмаған кейбір ерекшеліктерін түсіндірді.
Осыдан соң КСРО ыдырағаннан кейін Қазақстан тәуелсіздік алды. Қазақстан түрлі халықаралық келісімдер жасай бастады, олардың бірі Ресейдің ядролық арсеналын беру туралы келісім болды. Осылайша, 1992 жылы мені АҚШ Мемлекеттік департаменті осы Келісімнің қазақ тіліндегі нұсқасын тексеру үшін түркі тілдері бойынша сарапшы ретінде шақырды. Сол кезден бастап маған қазақ тілін өте тез үйренуге тура келді, өйткені мен күрделі заңды құжаттармен жұмыс істедім.
Оны зерттеуден алған алғашқы әсерлеріңізді қалай сипаттай аласыз? Қай жерде сөйлесіп үйрендіңіз?
Сол уақытта мен Висконсин-Мэдисон университетінде өзбек тілінен сабақ бердім, сол кезде мен университетте қазақ тілі стратегиялық тұрғыдан маңызды деп айтқаным есімде және біз қазақ тілінен оқытушыларды жалдай бастадық., ал қандай да бір сәтте өзім де қазақ тілінен сабақ бере бастадым. Егер бұған дейін мен жазбаша қазақ тілімен көбірек айналысуым керек болса, сабақ беру маған өзімді ауызекі сөйлеуде өзімді сенімді сезінуге мүмкіндік берді. Мен Қазақстанға жиірек келіп тұрдым, алғашқы сапарым 1990 жылы болды. Мен дәрістермен 2000-шы жылдары Оралға, одан кейін ЕҰУ, ҚазҰУ-ға келдім. Әрі қарай, 2010 жылы мен қазақстандық әріптестеріме жаңа жоба – халықаралық деңгейдегі университет, Назарбаев Университетін құру бойынша кеңес бердім. Мен әртүрлі конференцияларға жиі келдім, соңында 2016 жылы НУ-да жұмыс істеуге шақыру алдым.
Сіздің ойыңызша, қазақстандықтарға мемлекеттік тілді меңгеруіне не кедергі келтіреді? Қиындық неде және оны қалай шешуге болады?
Бұл өте маңызды сұрақ. Мен бұл сұраққа бірнеше рет жауап бердім және тағы да айтамын: біз тарихи алғышарттарды ұмытпауымыз керек. Қазақстан – КСРО-ның бөлігі, ал бұрын Ресей империясының отарында болған ел. Біз осындай жағдайды Оңтүстік Азияда көріп отырмыз – мысалы, Ұлыбританияның отары болған Гонконгты алайық. Онда ағылшын тілі әлі күнге дейін жергілікті тілге қарағанда “беделді” болып саналады. Бұл жерде де солай, кезінде қазақ тілінің “беделі” орыс тілінің “беделіне” қарағанда төмен болған. Сондықтан, қазір болып жатқан жағдай – 20-шы ғасырда болған жағдайдың жаңғырығы. Бірақ мен жағдайдың өзгеретінін, жақсы жаққа өзгеретінін көріп тұрмын, қазір Алматыда, Нұр-Сұлтанда көшелерде қазақ тілін көбірек естиміз, салыстырар болсақ – мен 90-шы жылдары осында болдым, қазір де мен Қазақстанда жұмыс істеймін, сондықтан бір ұрпақтан кейін қазақ тіліне байланысты жағдай бұдан да жақсы болады деп ойлаймын.